
«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы, Экологиялық, Өңірлік даму, Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестерінің бірлескен отырысы өтті.
Жиын барысында өртке қауіпті кезеңнің алдын алу шаралары, орман шаруашылығының жай-күйі және шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары күн тәртібіне қойылды.
Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қанат Алтынбековтің айтуынша, өңірдегі өрт қауіпсіздігі бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
– «Қазіргі таңда Жетісудағы елді мекендерде 115 ерікті өртке қарсы құралым мен 49 өрт сөндіру бекеті құрылған. Бұл құрылымдарда 798 бірлік өрт сөндіру және бейімделген техника, сондай-ақ 2 мыңнан астам қызметкер бар. Биыл 3328 шақырым минералды жолақтарға күтім жасау және 5 шақырым жаңа жолақтар салу жоспарланған. Бүгінде оның 118 шақырымына күтім жасалды, қалғаны қазан айына дейін орындалады», – деді Қанат Алтынбеков.
Сондай-ақ, 2025 жылы орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 780 миллион теңге бөлініп, нәтижесінде техникалық жарақтандыру деңгейі 84%-дан 96%-ға дейін артады.
Жетісу облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Шынар Мейрманованың айтуынша, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 1 517 301 гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен қамтылған аумақ — 334 919 гектар.
– «Қазіргі таңда орман өрттерінің алдын алу мақсатында 18 тұрақты бақылау посты жұмыс істейді. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында орман алқабын 10,1 мың гектарға жеткізу көзделген. 2025 жылы 3365,7 гектар жерге орман өсіру жоспарланған. Оның ішінде 193,5 гектарға 712,5 мың дана көшет отырғызылып, 3172 гектарға 14,2 тонна қара сексеуіл тұқымы себіледі», – деді Шынар Мейрманова.