СПОРТ

ОЛЖАМЕН ОРАЛҒАН ЖЕРЛЕСІМІЗ

Санат: СПОРТ
Уақыты: 18.10.2018
Оқылды: 586 Печать страницы
ОЛЖАМЕН ОРАЛҒАН ЖЕРЛЕСІМІЗ

Жүйріктерін орғытқан,
Қиялардан қарғытқан,
Қызыл болат кім екен?
Атта жерде ойнаған,
Көздері оттай жайнаған,
Бұлар кімнің ұлы екен?
Жасасын қызыл болаттар,
Біздің темір қанаттар,
Еңбегі мәңгі өлмейтін.
«Спорт деген бекзада өнері екені анық. Бақ пен баптың сыналар шағында ел намысын жоғары ұстап жеңіс тұғырына көтерілгенде қуанбайтын жан жоқ шығар. Дәл осындай жұлдызды шақта, байра-ғымыз көкке өрлегенде күллі әлем алдында дәрежеміздің көтерілетіні сөзсіз.
17 қазан - Көксу ауданы үшін қуанышқа толы күн болды.
Жақында Латвия Республикасының Даугавпилс қаласындағы ардагерлер арасында гір спортынан әлем чемпионаты болып өтті. Әлемнің 31 елінен 700 спортшы қатысқан жарыста жерлесіміз Жұмахан Күзбаев қазақ елінің намысын қорғап, байрағын көкке көтеріп, елге жеңіспен оралды.
Жер шарының ең мықты гір көтерушілері жиналған Латвиядағы әлемдік чемпионатта көксулық тарланымыз қалың спортшылардың арасында топ жарды. 60-64 жас аралығында өнер көрсеткен Жұмахан ағамыз бойында рух пен намыстың қызуы бар екенін білектің күшімен дәлелдеді. Әсіресе, гірді сілке көтеруден әлемдегі ең мықты спортшы тек қазақтар екенін көрсетті.
Аудандық Мәдениет үйінің алдында Жұмахан ағамызды аудандық мәслихат хатшысы Әлдибек Досымбеков, «Нұр Отан» партиясы Көксу аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Мәлік Бейсенов, аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков бастаған топ және спорт мектебінің тарландары шабыттана, шаттана қарсы алды.
Жұмахан Күзбаевты жеңісімен алғашқылардың бірі болып арнайы келген Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, қазақ киносының жұлдызы атанған  Әлімғазы Райымбеков ағамыз құттықтады:
«Туған Отанымыздың атын шартарапқа шығарып жүрген спортшыларымыз бүгінде әлем чемпионаттарында жеңістің биік тұғырынан көрініп, ел абыройын асқақтатып жүр. Айшықты табыстарға жеткен дәл өзіңдей батырлар ұлтымыздың мақтанышы, халқымыздың қуанышы. Мына алған жеңісің құтты болсын!» , - деп, батасын берді.
Аудан әкімінің орынбасары Ұлан Әлдибекұлы өз ризашылығын білдіріп, жылы жүректен шыққан ізгі тілегін тіледі: «Сізді тамаша жеңісіңізбен құттықтаймыз! Қайсарлық, өршілдік, жоғары спорттық шеберлік және жеңіске деген құлшыныс таныта отырып, Сіз Қазақ елін әлемге лайықты таныта білдіңіз. Сіздің зор табысыңыз еліміздің спорт шежіресіне мәңгілікке енетін болады деген сенімдемін. Денсаулық, бақыт және спорттық сайыстарда табыстар тілеймін»,- дей келе аудан әкімдігі атынан Жұмахан Күзбаевқа шапан жауып, гүл сыйлады.
 Бұл Жұмахан ағамыздың алтыншы жеңісі екен. Ағымдағы жылдың наурыз айының 15-ші жұлдызында Талдықорған қаласының «Жастар» спорт сарайында өткен облыстық гір көтеру жарысынан бірінші орынды алып, міне, енді, әлемдік додада топ жарып отыр.
32 келі тартатын гірді 10 минутта 107 рет көтеріп, рекордын жаңартып, Республика атын танытты.
Ағамыздың жеңіс шыңына шығар белестері жалғаса берсін демекпіз. Осындай жеңістер біздің ауданымыздың дене шынықтыру және спорт саласының дамуына жаңа қарқын беретініне сенеміз.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.