СПОРТ

ҚАЙТА ЖАҢАРҒАН СПОРТ АЛАҢЫ

Санат: СПОРТ
Уақыты: 02.11.2018
Оқылды: 630 Печать страницы
ҚАЙТА ЖАҢАРҒАН СПОРТ АЛАҢЫ

 Қазан айының 26 жұлдызы аудан орталығында заманауи тұрғыда жабдықталған, толығымен күрделі жөндеуден өткен Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионның тұсауы кесілді. Шараға Б. Оңғаров ағамыздың жары Тұрсынхан Оңғарова мен облыстық спорт басқармасының басшысы, Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев және Атланта Олимпиадасының жүлдегері Мәулен Мамыров, аудан ақсақалдары және тұрғындары арнайы келіп қатысты. Дәл осы бір айтулы күнде мерекелік шараны салтанатты түрде аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы ашып, барша аудан тұрғындарын ортақ қуаныштары – стадионның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Қадірлі халайық!Құрметті спорт сүйер қауым! Бүгінгі күн аудан  өмірінің  тарих беттеріне алтын әріппен жазылатын қуанышты сәт. Себебі, біздер үлкен қуаныштың куәсі болғалы отырмыз. Аудан орталығында заманауи тұрғыда жабдықталған, толығымен күрделі жөндеуден өткен Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионның тұсауы кесілуде. Баршаға белгілі, спорт пен дене тәрбиесін дамыту  мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Спорт елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары талай жерлестеріміз халықаралық жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды сан мәрте асқақтатты. Атап айтсақ, ҚР спорт шебері, Қазақстанның чемпионы, Республика және халықаралық жарыстардың жеңімпазы Әлімғазы Райымбеков, гір көтеруден 25 дүркін әлем чемпионы, 2 мәрте Гиннесс рекордтар кітабын жаңартқан «Гір спортының батыры» атағы мен «Алтын гір» иегері марқұм Әмірбай Рысқұлов ағамыз, гір көтеруден 6 дүркін әлем чемпионы, 4 мәрте Гиннесс рекордтар кітабын жаңартқан «Крылатый лев» орденінің, «Алтын гір» иегері Жұмахан Күзбаев, жеңіл атлетикадан спорт шебері,  ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сайлау Тұрыскелдин, Атланта Олимпиадасының жүлдегері, Қазақстанның 11 дүркін чемпионы Мәулен Мамыров, Азия   ойындарының чемпионы, самбо күресінен 3 дүркін Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем біріншілігінің 2 дүркін жүлдегері,  2 дүркін қазақ күресінен облыстық «Жетісу бөрісі» турнирінің жеңімпазы  Айдос Қаңлыбаев, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы, 2015 жылғы әлем Кубогының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Динара Жұмабаева сияқты тағы да басқа мықты спортшыларымыз ауданның даңқын айдай әлемге асқақтатып жүр.
Құрметті қонақтар мен жерлестер! Осынау бір қуанышты күнде барлық аудан тұрғындарын, спортшыларды, жаттықтырушыларды, ардагерлерді, спортқұмарлар мен жанкүйерлерді сәулеті мен сәні келіскен орталық спорт алаңының ашылуымен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық пен спорттық жаңа биіктерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін. Ауданымыздың спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін - деді. Аудан басшысының құттықтауынан кейін келесі сөз кезегін алған облыстық спорт басқармасының басшысы, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен Көксу ауданының Құрметті азаматы Сайлаубай Бәзілов үлкен тойдың мән-маңызын айтып, берекесін арттырып, қуанышты күнді тойлап отырған аудан жұртшылығын айтулы күнмен құттықтады. Сондай-ақ, мерекелік шараға арнайы Астанадан келіп қатысқан Батыржан Оңғаровтың жары Тұрсынхан Оңғарова сөз сөйлеп, қуанышымен бөлісті.
Тұрсынхан Оңғарова: Стадионның күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан ел игілігіне берілгенін естіп үлкен қуанышқа кенелдім. Осы стадионның барында Батыржан Оңғаровтың да аты ел есінде қаларына күмәнім жоқ. Барша Көксу ауданының жұртшылығына арналған стадион көркейе берсін!
Ауданымыздың көркіне айналған стадионның салтанатты ашылуында күмбірлете күй шертіліп, спортшылар шеруі өтті. Ортада өнерпаздар асқақтата ән шырқады. Соңында футболшыларға су жаңа былғары доптар сыйға тартылып, футболдан кездесу өткізіліп, Мұқыры ауылының командасы Балпық би ауылының командасын 1:0 есебімен ұтты. Әбден ескірген нысанды қайта қалыпқа келтіруге былтыр жергілікті бюджеттен 468, 2 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ойын алаңымен қатар, жүгіру жолағы да күрделі жөндеуден өтті. Көрермендерге арналған трибунаның төбесі жабылып, отыратын орындықтар да жаңаланды. Ал ғимараттың астыңғы бөлігі спортшылардың жаттығатын жері. Егер жазатайым жарақаттанып қалғандар болса, мейірбикенің бөлмесінде алғашқы көмек ала алады. Жүрек жалғап ауқаттанып алу үшін асхана да қарастырылған. Комментаторлардың кабинеті де бар. Қайтадан ел игілігіне беріліп отырған стадион 1978 жылы салынған. Жұртшылықты жұмылдырып, өзеннен арық қаздырып, жасыл желек төсеткізген сол кездегі аудан басшысы болған Төлеген Ақшанов ағамыз еді. Ал, 1998 жылы аудан басшысы Наурыз Қылышбаев ағамыздың ұсынысымен стадионға өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Жетісу жастар ұйымын басқарған Батыржан Оңғаровтың есімі берілді. Араға қырық жылдай уақыт салып ескірген нысан биыл толықтай күрделі жөндеуден өтті. Іргетасы қаланғаннан бергі қырық жылға жуық уақыт ішінде стадионда сан түрлі жарыстар өтті. Талай спортшы осы нысанда шынығып, шыңдалып үлкен додаларға жолдама алды.
Стадион спортшылармен қатар қарапайым тұрғындардың да сейіл құрып серуендейтін сүйікті жеріне айналған. Өйткені бұл жерде спорттық сайыстардан бөлек көпшілік мәдени шаралар да ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, ауданның 70 жылдығы да осы стадионда тойланған болатын. Айта кетейік, бұл кешен 840 орынға арналған. Одан өзге 2 трибуна, трансформаторлық қосалқы станция, көрсеткіш тақта, футбол алаңы, жүгіру жолы, баскетбол, волейбол, гимнастикамен шұғылдану алаңы, ұзындыққа секіру алаңы және үстел теннисін ойнайтын 2 алаң бар. Айта кетейік, бұл керемет нысанның құрылысын жүргізген «Строитель» ЖШС (басшысы А.Бузыкин).  Алдағы жылы осы 5 га аумақты алып жатқан стадион жанында енді тағы бір нысан салу көзделіп,1 га жер учаскесіне дене шынықтыру, сауықтыру құрылыс кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Айнадай жарқыраған спорт нысанының ашылғанына ауданның жасамысы да, жасы да дән риза. Бұл стадион алдағы уақытта біздің жастарымыздың арасынан әлем, Олимпиада чемпиондарының шығуына септігін тигізеді деп ойлаймыз.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.