
Көкпар – қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі және бірегейі. Бұл ойын түрінің теңдессіз екендігін әлем халқы мойындап отыр. «Көкпар» ойыны жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Ұлттық ойындарымызды халық арасында кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ойынның техникасы мен шеберлігін игеруге жастарымыздың қызығушылығын ояту мақсатында, өткен аптада Алғабас ауылдық округі аппаратының ұйымдастыруымен жаужүрек бабаларымыздан қалған асыл мұраның бірі – көкпар ойыны өтті. Ер жігіттің ат құлағында ойнайтын шеберлігі, ептілігі мен күш-қайраты сыналатын осынау ұлттық ойын түріне Кербұлақ, Ескелді, Көксу аудандарының шабандоздары мен 70-тен аса жүйрік ат қатысты. Алғашқы салымға 25 мың теңге қаржылай және 1 қой тігілді.Ойын басында Алғабас ауылдық округінің әкімі міндетін атқарушы Дәурен Молдағали спорт- сүйер қауымға тілегін жеткізді : «Қадірменді ауылдастар! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әр жылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуды, оның ішінде ұлттық спорт түрлеріне баса көңіл бөлу қажеттігін айтып келеді. Ат спортын ауылда дамытпай, ұлттық ойындарды жоғары деңгейге көтеру мүмкін емес. Көкпар сайдың тасындай төзімді, ел қорғайтын азаматтарды дайындайды десем артықтық етпес. Додаға түскен аттарыңыз сүрінбесін, жігіттер жығылмасын. Баршаңызға сәттілік тілеймін»,- деп қатысушыларға сәттілік тіледі. Алғабастың көкпар алаңында дастархан жайылып, келген қонақтардың барлығы дәм татты. Жарыс қорытындысы бойынша, Жетісу ауылының шабандозы Әлішер балуан өзінің мықтылығын көрсетіп, салымды қанжығасына байлады. Ауыл намысын қорғаған Нұржан Рғайбек пен Қуандық Искаков сияқты жігіттер білек сынасып, үлкендердің қошеметі мен алғысына бөленді. Ойын соңында барлық қатысқан үздік шабандоздар Алғыс хатпен марапатталды.
Қазақ қыраннан қырағылықты, тұлпардан тектілікті бойына сіңірген халық. Ендеше, ендігі парыз – ұлттық ойынымызды келешек ұрпаққа аманат ету.
Айдос ХАМЗАҰЛЫ,
Алғабас ауылдық округінің
дене шынықтыру жөніндегі әдіскері.