СПОРТ

ҚЫЗДАР АРАСЫНДАҒЫ ФУТБОЛ

Санат: СПОРТ
Уақыты: 09.11.2018
Оқылды: 711 Печать страницы
ҚЫЗДАР АРАСЫНДАҒЫ ФУТБОЛ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: - «Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруы тиіс. 30%-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек»,- деп атап көрсеткен болатын.  
Бүгінгі таңда еліміздің барлық аймақтарында Елбасы Жолдауы жүзеге асырылып, түрлі шаралар атқарылып, жалғасын табуда. Соның бірі – спортты дамыту мақсатында Еңбекшіқазақ орта мектебінде қазан айының 27-і күні ұлағатты ұстаз Сапарбек Байтайұлы Асқаровты еске алуға арналған қыздар арасында кіші футболдан жарыс өтті. Биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып отырған еске алу турниріне аудан мектептері арасынан іріктеу кезеңінен өтіп финалдық кезеңге жолдама алған 5 команда өзара мықтыны анықтады. Ұстаздық жолын осы мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі болып еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарында Алғабас, кейіннен Қазақстанның 10 жылдығы атындағы орта мектептерінде мектеп директоры болып қызмет атқарған марқұм Сапарбек Байтайұлының өмірбаяны таныстырылған соң футбол додасы басталып, жарыс олимпиадалық жүйеде өтті. Іріктеу турынан озып шыққан Еңбекшіқазақ, Жетіжал, Н.Алдабергенов, Қ.Жапсарбаев, Ж.Егінбаев атындағы орта мектептері ақтық сайысқа қатысып, шеберліктерін көрсетті. Айта кетерлігі, жарыстың жыл өткен сайын маңызы артып, қатысушы командалар қыздар арасындағы футболдың дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл дегеніміз, жаттықтырушылардың жыл бойынғы атқаратын еңбектерінің жемісі деуге толық негіз бар.   
- Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Жетіжал орта мектебі ұтып алып, арнайы жарыс кубогін, І дәрежелі дипломды иеленсе, 2-орынды Еңбекшіқазақ орта мектебі, 3-орынды Н.Алдабергенов атындағы орта мектебінің командасы жеңіп алды. Қ.Жапсарбаев атындағы орта мектебі 4-орынға тұрақтаса, Ж.Егінбаев атындағы орта мектеп командасы 5-орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ, жекелей ойыншылар мен жаттықтырушылар «Үздік төреші», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жаттықтырушы» және «Үздік ұйымдастырушы» номинацияларымен марапатталып, барлық командаларға және номинация иегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды.

Еңбекшіқазақ ауылы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.