СПОРТ

Сом білек жігіттер сайысы

Санат: СПОРТ
Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 1032 Печать страницы
Сом білек жігіттер сайысы

Таяуда Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің, балалар және спорт мектебінің ұйымдастыруымен бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған аудан әкімінің жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен «Көксу бөрісі» турнирі спортсүйер қауым үшін үлкен спорттық мерекеге айналып, залдағы жанкүйер жарыстың басталуын тағатсыздана күтті. Зал төрінде екі киіз үй тігіліп, есік алдындағы сұсты батырлардай төрт жігіт найзаларын айқастырып, балуандарға алдағы додада күш-жігер беріп тұр. Жарыстың ашылу салтанатында турнир ашық деп жарияланып, Гимн ойналды, сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Нұрдәулет Кененбаев ауданымызда дене шынықтыру және спортқа көп көңіл бөлініп отырғанын атап өтіп, таяуда Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназияда оқушылардың Атланта Олимпиадасының (1996 жыл) қола жүлдегері, жерлесіміз Мәулен Мамыровпен кездесу өткенін, даңқты балуан жас спортшыларға шеберлік сағатын өткізгенін айтып өтті. Содан соң «Тақиялы періште» фильмінде басты рольді сомдаған белгілі киноактер Әлімғазы Райымбеков балуандардың бәріне сәттілік тілеп, батасын берді. Сонымен қатар жарыстың салтанатты ашылуында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Қалдыбек, «Үш ұрпақ» бірлестігінің төрағасы Бақыт Шеңгелбаев жарысқа қатысушыларды құттықтап, тілектерін білдірді. Балуандар ортаға шығып, әр ауылдық округтен 2 балуаннан, барлығы 20 балуан көрермендерге таныстырылып, олар өзара күш сынасып, жарыстың көрігін қыздырмақ. Төрешілер таныстырылып, жеребе тартылды. Жас әнші Әлішер Жанғабылов балуандарды рухтандыратын «Қазақстаным» әнін орындады. Аз-кем осындай турнирлерге бастау болған «Қазақстан барысы» турнирінің тарихына тоқтала кетсек, биыл жаз айында сегізінші рет шымылдығы ашылғалы тұрған үлкен турнир бүгінде барша жұрт сүйсініп, асыға күткен балуандар додасына айналып отыр. Ең алғашқы турнир жеңімпазы қызылордалық Ұлан Рысқұлов ( кейінгі кезде біздің облысымыздың атынан қатысып жүр) болса, тараздық Бейбіт Ыстыбаев 3 рет жеңімпаз атанды, бір реттен Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров (екеуі де Шығыс Қазақстан облысынан), былтырғы жылы Еламан Ерғалиев («Әскер Барысы – 2017» турнирінің жеңімпазы) жеңімпаз болып, биылғы өтетін жарысты спортсүйер қауым асыға күтуде. «Көксу бөрісі» турнирінде үлкен тартыспен 1-орынды Айдос Қаңлыбаев, 2-орынды Темірлан Қалтаев (екеуі де Еңбекші ауылдық округі), 3-орынды Дәулетхан Марғұлан (Балпық ауылдық округі) алып, төмендегі жүлделерге тиісінше шетелдік маркалы телевизор, спорттық велосипед-тренажер, үлкен қысқа толқынды пешке ие болса, мұндай турнирлерге көптен бері қатысып жүрген спорт ардагері Жанат Абиров (Алғабас ауылдық округі), әдіс-тәсілдері мол, тіпті салмағы өзінен де ауыр балуанды жыққан Рауан Шалқыбеков (Қабылиса ауылдық округі) «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы жүлделерге ие болды.
Бұл жарыста балуандардың әдемі күрес тәсілі, кілемге шақырылғанда спорттық киім үлгісі сәйкес келмеушілік те орын алып, уақыттың созылып кетуі, төрешілер тарапынан кейбір қателіктер болып, мысалы, осындай күрес тәртібін бұзған бірнеше балуанның тек екеуіне ғана ескерту жасалды. 3-ші орынға талас үшін айқаста төрешілердің бұра тартқандай болып көрінгені үшін Ерсайын Нияз белдесуді жалғастырудан бас тартып, тіпті қарсыласының қолын алмады, бұл күрес ережесіне қайшы келеді.
Түйін: Мұндай спорттық додада зал төріне теледидар қойылып, жеңімпазды бейнебақылау арқылы анықтау қажеттігі туындағанын мойындауымыз керек. Содан соң төрешілерді Талдықорған қаласынан арнайы шақыртса дұрыс болар еді. Таза төрелік ету күресіміздің өсуіне, балуандарымыздың алға ұмтылуына, сенімділік пен әділдікке жол ашары сөзсіз. Бұл енді ұйымдастырушыларға айтар ұсыныс-тілегіміз. Бұл жөнінде залда отырған ақсақалдарымыз да айтты.

Маман Қаблисанов, 
Балпық би ауылы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.