
Қазақ күресі – әлемдегі ең әдемі күрес. Егер қазақ күресінің тарихын қазсаңыз, оның түбін сонау ғұндардан, кейінгі қазақтың эпостық жырларынан табасыз.
Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атақтары жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар т.б. осындай алып балуандар болды.
Қазақ күресі 1928 жылға дейін «қазақша күрес» деп аталып келген. Негізі, күрестің «белдесу», «түйе балуан» деген түрлері көп. Кейін келе ұлттық күресіміз «Қазақ күресі» аталды.
Қарап тұрсақ, бойларында кешегі Қажымұқан аталарымыздың күші бар жастар біздің өңірімізде де баршылық.
Қостанай қаласында қазақ күресінен 1999-2001 жылы туылған ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын.
Аталған жарысқа 18 команда, 385 спортшы қатысты. Алматы облысынан 22 спортшы қатысып, ауданымыздың спортшылары 66 кг салмақ дәрежесінде Бауыржан Дауытов ІІІ-орынға және +100 кг салмақ дәрежесінде Ерсайын Нияз ІІІ-орынға ие болды.
Тек бұл ғана емес, түйе балуан жарысында Ерсайын Нияз І-орынға иеленіп, Көксу ауданының атын көкке өрлетті.
Айбыныңды асырған Ерсайындай қайсар ұлыңның жеңісі құтты болсын, ағайын!
Айгүл АЙМАНБЕКОВА,
Аудан әкімінің баспасөз хатшысы.