
Талдықорғанда «Жастар» спорт сарайында облыс әкімдігі мен ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына орай журналистер арасында спартакиада ойындары өтті.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін: - «Қазақстан журналистикасының ең көне басылымдары болып табылатын «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық тойы бүкіл елдің тойына ұласып отыр. Соның жарқын дәлелі шағын футболдан өтетін республикалық жарыс пен спартакиада. Осындай доданы ұйымдастыруға үлкен көмек көрсеткен облыс әкімдігі мен ішкі саясат басқармасына алғыс айтамыз. Бүгінгі сайыс Ұлы Даланың төрт бұрышына жайылған жарыс. Ғасырлық той, ғасырлық дода құтты болсын, – дей келе спортшыларға табыс тіледі.
Дүбірлі дода облыстық және ауданнан келген БАҚ өкілдері спорттың бильярд, волейбол, үстел теннисі, кіші футбол түрі бойынша бақ сынасты.
Жан-жақтан жиналған журналистика мамандығының иелері бұл сайыста өздерін басқа қырынан көрсете білді. Алдымен, жеребе тастап, бильярдтан сынға түскен спортшылар барын салып, бильярд ойынынан мықтылықтарын көрсете білді. Әр басылымнан келген сен тұр, мен атайын деген спортшылар волейболдан да қызықты ойын көрсете білді. Ерлер мен қыздар арасында өткен спорттың бұл түрі тартысқа толы болды.
Спартакиадада республика көлемінде кіші футбол ойыны да өтті. Келген көрермендер футбол ойынының хас шеберлері жиналған командалардың қызықты ойынына куә болды.
Облыстық спартакиадаға ауданның «Нұрлы Көксу» газетінің тілшілері де қатысып қайтты. Редакцияның дизайнер-тілшісі Меруерт Рахмишова сайыста спорттың үстел теннисіне қатысып, жүлделі орындардың біріне ие болды. Жылдамдық пен шапшаңдықты қажет ететін ойынның бұл түрін әріптесіміз өзінің жетік меңгеретіндігін дәлелдеді. Облыстық «Жетісу» газетінің қызметкері Назым Қырғызбаеваны ұтып, ақтық сында «Текелі тынысы» газетінің тілшісімен кездескен Меруерт Рүстембайқызы қыздар арасында үстел теннисінің жүлделі екінші орынын иеленіп, 30 000 теңге қаржылай сыйлықтың иесі атанды.
Мықтылардың арасында бақ сынап, биіктен көрінген әріптесіміздің бұл жетістігімен «Нұрлы Көксу» редакциясының ұжымы құттықтайды. Үш баланың анасы және төртінші перзентін күтіп жүрген Меруерт әріптесіміз денсаулығына қарамастан редакциямыздың абыройын асқақтатты.
Облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінің бір ғасырлық тойына орай өткізілген дүбірлі додаға қатысу біз үшін үлкен қуаныш.
Аудандық «Нұрлы Көксу» редакциясының ұжымы.