СПОРТ

Төрлет төрімізге, Наурыз

Санат: СПОРТ
Уақыты: 22.03.2018
Оқылды: 880 Печать страницы
Төрлет төрімізге, Наурыз

Аудан орталығында барлық сән-салтанатымен өткен «Наурыз» мерекесі келесі күні Лабасы ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында жалғасын тапты.
Округке қарасты Мәмбет, Талапты, Жамбыл, Еңбекшіқазақ елді мекендерінің тұрғындарының аса ұйымшылдық танытқаны көрер көзге бірден түсіп, мерекелік шара дүбірлі думанға айналды. Бірнеше тігілген ақшаңқан үйлер, сәнді шатырлар, жағалай орналасқан сауда-саттық орындары алыстан көзге түсіп, жиналған қауымды өзіне тартады екен. Мерекені ауылдық округ әкімі Ержан Шалқыбеков құттықтау сөзімен ашып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»-деп игі лебізін білдірді. Аудан әкімінің құттықтауын жеткізген аудан әкімінің орынбасары Дәулет Халелов округке қарасты 4 елді мекен тұрғындарының осылай «Наурыз» мерекесін бірге тойлауды бірнеше жылдан бері дәстүрге айналдырғанын атап өтті. Мерекеде сонымен қатар аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Қалдыбек, зейнеткерлер Амангелді Ыбыраев, Нұрбек Достыбаев сөз сөйлеп, ауылдастарын мерекемен құттықтады. Бұл күні күн ысып, дүбірге толы қызу еңбек күні де жақын қалғанынан сездіргендей, мерекеге келген халық шат-шадыман болып, бір-бірімен жарқын амандасуда. Жамбыл атындағы орта мектеп оқушылары, ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көрсетіліп, ұлттық спорттық ойындары ұйымдастырылды. Ұлттық спорт ойындары басталарда аудан әкмі Әділ Алмас Қабдулұлы мерекемен құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі. Арқан тартысында 1-орынды Жамбыл, 2-орынды Талапты ауылының жігіттері иеленсе, қыз-келіншектер арасында арқан тартысудан Талапты ауылының командасы жүлдеге ие болды. 24кг. гір тасын 101 рет көтерген Айбек Қуанышбек жеңімпаз атанды. Дәу қошқарды 85 рет көтерген талаптылық Қуат Жұмағұловқа ешкім тең келмеді. Күресте 90 кг. дейінгі салмақта Ерсайын Өндіріс, 90кг. аса салмақта Нияз Ерсайын, жасы 40-тан асқан ардагерлер арасында Жанат Абиров (Талапты ауылы) жеңімпаз атанса, аламан бәйгеде Қарасай ауданынан келген Артығали Мирасовтың аты үздік келді, құнан бәйгеден жарлыөзектік Ербол Боранбаев, тай жарыстан Ескелді ауданынан Ақылбай Ақбергенов жеңімпаз атанды.
Келесі күні Мұқаншы ауылдық округіне қарасты Жетіжал ауылдық Мәдениет үйінің алдына таңертең сіркіреп жауған жаңбырға қарамастан ауыл тұрғындары, қонақтар көптеп жиналды. Алдымен Мәдениет үйінде «Қош келдің, әз Наурыз» атты мерекелік іс-шара басталып, театрланған қойылым көрсетіліп, аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, игі тілегін білдірді. Бұл мерекеге мәртебелі қонақ ретінде Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров қатысты. Ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Арғынғазы Шаймерденов осы мерекені өткізуге мұрындық болған, талай игі істердің басы-қасында жүрген Рүстем Әмірғазыұлына алғысын білдіріп, иығына шапан жауып, анасына камзол кигізді. Рүстем бауырымыз Арғынғазы ағамызға інілік ілтипатын білдіріп, аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлына ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттағаны үшін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, қоғам қайраткері, көпке белгілі Бекболат Тілеуханның атынан «Алғыс хат» табыстады. Мереке аясында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, салмағы 98 келі болатын дәу қошқарды көтеруден үміткерлер көп болғанымен, санаулы ғана жүрегі дауалаған жігіттер ортаға шығып, күш сынасты. Нәтижесінде аудандық балалар және спорт мектебінің жаттықтырушысы Мирас Нүсіпахунов 25 рет көтеріп, жеңімпаз атанды. 3 км. қашықтыққа жүгіруден Еркінбек Болатбек 1-ші орын, Тойлан Озатбек 2-ші орын, Арман Нұржанат 3-ші орын алды. 24кг. гір тасын көтеруден Данияр Садықов жеңімпаз атанса, 2-3-ші орынды Асқар Матаев, Ринат Сәрсенбаев сынды жігіттер бөлісті. Шахматтан Қасым Семей, Жанат Қанатхан, Нұрәділ Азамат жақсы ойын өрнегін көрсетіп, шахматтан 13-ші әлем чемпионы Гарри Каспаровтың ізбасарлары ауылда да өсіп келе жатқанын көрсетті. Жас жеткіншектердің ой-өрісін ұштайтын ұлттық ойын– тоғызқұмалақтан Зәурегүл Нұрсалхан, Алтын Хайырболат, А.Ақжол үздіктер сапында аталып өтті. Ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көрсетіліп, ұлттық салт-дәстүрлерін жұрт қызыға тамашалады. Жиналған жұртқа мереке дастарханы жайылды. Түстен кейін көпшілік ұлттық ат спортынан өткен жарысты көруге асығып, жанкүйерлердің делебесі қозды. Ұлттық спорт ойындарынан аударыспақ, теңге ілу, көкпар, қыз қуу ұйымдастырылып, Жамбыл, Жетіжал ауылдарында тай жарыс, аламан бәйгеден жарыс өтті. Теңге ілуден жетіжалдық Әлібек Айтбек, аударыспақтан Әлішер Бостанбеков, тай жарыстан Ұлан Омаров, құнан бәйгеден Талғар ауданынан қатысқан Мерхат Бұғыновтың «Қарағымай» арғымағы аламан бәйгеден тағы да сол Мерхат Бұғыновтың жүйрігі үздік келіп, жүлдеге ие болды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болып, қуаныш тойын тойлады.

Маман ҚАБЛИСАНОВ.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.