СПОРТ

УӘДЕ БЕРУ – БІР АБЫРОЙ, ОНЫ ОРЫНДАУ МЫҢ АБЫРОЙ

Санат: СПОРТ
Уақыты: 10.07.2019
Оқылды: 474 Печать страницы
УӘДЕ БЕРУ – БІР АБЫРОЙ, ОНЫ ОРЫНДАУ МЫҢ АБЫРОЙ

«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».
Елбасы Н.Назарбаев «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» елжанды азаматтардың өскен өлкесіне деген шынайы адалдығын айқындаған бағдарлама. Келешекке деген сенім нығайды. Бағдарлы бастама шеңберінде ауданға қарасты ауылдардың келбеті көркейіп, келісті. Былтыр бірнеше балалар алаңқайлары мен оңтайлы орталықтар қолданысқа берілген болатын. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық қуанышқа бөленді.

Өткен аптада көксулықтар тағы бір мәрте марқайып, бөріктерін аспанға лақтырды. Оған себеп - аудан орталығы Әліби Жангелді көшесі бойынан салынған шағын спорт алаңының ашылуы. Бұл атаулы бағдарлама аясында ашылғалы тұрған 8-ші нысан. Ал, осы қуанышты күннің басты себепкері - Жүнісовтар әулеті. Былтырғы 4 тамызда өткен "Жерлестер форумында" аудандық мәслихаттың депутаты Қуат Жүнісов жастар жылына орай спорт алаңын салып беремін деп, уәде еткен болатын, мінекей, сол уәдесін орындады.

Ел игілігі үшін жаңадан салынған спорт алаңының ашылу салтанатының алғашқы құрметті сөзі аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлына берілді:

"Құрметті жерлестер!

Бүгін біздер үлкен қуаныштың куәсі болғалы отырмыз. Себебі аудан аумағында заманауи тұрғыда салынған спорт алаңының тұсауы кесілмекші. Баршаңызды осы салтанатты ашылумен шын жүректен құттықтаймын.

Ауданымызда спорттық шаралардың көптеп өтілуіне зор мән берілген.   Кәсіпкер азаматтардың іскерліктерімен әр ауылда бүгінге дейінде бірнеше кішігірім спорттық алаңшалар бой көтерді. Бүгін міне орталығымыз Балпық би ауылында салынған алаңша солардың жалғасы болмақ.

Құрметті тұрғындар!

Жалпы алаңы 850 шаршы метрды құрайтын алаңша жастарды спортқа баулу, балалардың дені сау болып өсуі және жалпы халықтың салауатты өмір салтын ұстану бағытында іске асырылып келеді.

ҚР Тұңғыш Президенті елімізде бұқаралық спортпен шұғылдануды насихаттап қана қоймай, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға да баса көңіл бөлген болатын. Бүгін ашылғалы тұрған спорттық және балалар ойын алаңы осының бір айғағы болмақ.

Кәсіпкерлікті жете меңгерген Жүнісовтар әулеті  өз қаражатынан спорт кешенін сыйға тартып отыр. Бұл біз үшін, аудан үшін үлкен мақтаныш. Осы ретте Жүнісовтар әулетіне өзімнің және аудан жұртшылығының  атынан шексіз алғысымды білдіремін. 

Ауданымызға жаңалықтың жаршысы болып енген спорт кешені баршаңызға құтты болсын!

Спорт саласындағы жетістіктеріміз бен  табыстарымыз еселене берсін!"

"Туған жерге туыңды тік" деген қағиданы ұстанған  Қуат Әлдибекұлы "әр ер азаматтың парызы - Отанының бір кірпішін болса да қалау" дейді. Жастар жылына, әрі Астана күніне тарту болған бұл шағын алаңға 9 миллион қаражат жұмсалыпты.

Жаңа алаңның кілті тапсырылып, лента қию рәсімі аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысы Әлдибек Досымбековке берілді. Шашу шашылып, көздерінде қуаныш оты жалындаған жас жеткіншектер алаңға бар пәрменімен жүгірді.

«Елім дейтін ер босла, ерім дейтін ел табылады» демекші, осындай азаматтар бар да, ауданымыз көркейіп, дамитыны сөзсіз. Ал, біз өз тарапымыздан қарға құсап астына басып жемей, сұңқарша жан-жағына шашып жейтін жомарт жүректі Жүнісовтар әулетіне жас өрендерге үлгі болып, жақсы бастама бастағандарына алғыс білдіреміз.

Диляра ЮСУПОВА.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.