
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев "Спорт - елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала" деп атап өткен болатын. Қазіргі таңда спорт саласына ерекше ден қойылып келеді. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысу - сарқылмас денсаулықтың кепілі.
Тамылжыған тамыздың алтысы күні "Жастар жылына" орай, шахматтан және дойбыдан ардагерлер мен жастар арасында Алматы облысының жекелей турнирі өтті. Облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастырылып отырған бұл ойынның ауданымызда өтуі біздер үшін үлкен мәртебе! Сайысқа 16 ауданнан 50-ге жуық адам қатысты.
Ойынның ашылу салтанатымен құттықтау үшін, сөз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келімсейіт сөз бастады:
- Құрметті ойынға қатысушылар! Елі де, жері де киелі Көксу жеріне қош келдіңіздер! Жалпы, шахмат - ойын ғана емес, өзін-өзі дамытудағы ең күшті құрал. Бүгінгі күні шахмат - бизнес-күрес үлгісінің бірі. Ол логиканы дамытады, миды жаттықтырады, есте сақтауды арттырады, тиімділікті жоғарлатады және қысқа мерзімде назарды шоғырландыруға ықпал етеді. Шахмат – стратегиялық ойлауды ғана емес, сонымен қатар, адамның жеңіліске деген дұрыс көзқарасы мен мақсат қою рухын қалыптастырады. Ал, өз өнерін игілікке қолдана білетін, адал және бәсекелестікке мықты жастар, менің ойымша, Қазақстанның болашағы.
Бұл ойынды ардагерлер мен жастар арасында ұйымдастырудың мақсаты - ұрпақ сабақтастығын жалғастыру, - деп барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Қалдыбек Амангелді де өз тарапынан ілтипатын білдіріп, жастарға батасын берді.