СПОРТ

ДЕНІ САУ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Санат: СПОРТ
Уақыты: 16.08.2019
Оқылды: 1170 Печать страницы
ДЕНІ САУ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «2020 жылға қарай қазақстандықтардың 30% жуығы спортпен шұғылдануы керек», - деп міндеттеген болатын. Соның негізінде бекітілген «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бүгінде бұқаралық сананы оятуға жаңа серпін беруде. Мұның бәрі, әрине, халықтың денсаулығын жақсартып, ұзақ өмір сүруіне алып баратын бастамалардың бірі екені хақ. Осы орайда, 1998  жылдан бастап 13 тамыз спорт күні деп аталып, мерекеге айналды. Бүгінде Қазақстан спорты әлемдік аренада айтарлықтай орын алып үлгерді. Оған көк Туды көкке көтеріп жүрген саңлақтарымыздың нәтижелері кепіл бола алады.

«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді екен. Олимпиадалық қозғалыстың белсендi қайраткерi Пьер де Кубертен: «О, спорт! Сен – түгел ғаламсың» деп бекер тұжырым жасамағаны анық. Күніне кем дегенде 20 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам өзін сергек, көңілді әрі өзіне сенімділігін арттыратыны анықталғаны белгілі. Спорт – адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Өйткені, әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жетісе бермейтін жандарға мамандар бір ауық спортпен шұғылдануға кеңес береді екен. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз. Бұл да спорттың, дене жаттығуларының бір құдіреті. Тағы да ғалымдар зерттеулеріне назар салып көрейік. Адам дене жаттығуларымен айналысқан сәтте оның миында да сан мыңдаған үдерістер орын алады. Ми дене қимылдарының әрекетін күйзеліс ретінде қабылдап, оған қарсы күрес жүргізе бастайды. Ағзадан эндорфин гормоны мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы адам ойы ұшқыр әрі есте сақтау қабілеті жақсара түсіп, көңіл-күйге әсер етеді екен.
Атамыз қазақтың «Бірінші байлық - денсаулық», яки болмаса «Денсаулық – терең байлық» деген даналық мәтелдері тіршіліктің нағыз өзегінен алынған емес пе? Денсаулықтың қадірін, маңызын айрықша ұғынып барлық игіліктен жоғары санаған. Тағы да «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп жан мен тән саулығын қоршаған орта аясында дұрыс сақтап және нығайтуға түрлі пайдалы әрекеттер жасап отырған. Салауатты өмір салтын ұсынбаған мемлекеттің экономикасы құлдырайтыны сөзсіз.
Әр үлкен асу алдында кішкентай белес болатыны сияқты, үлкен спортқа қадам туған өлкедегі құлшыныстан бастау алады. Осыған орай, ауданымыздағы жас спортшылардың белін буып, қадамына қолдау көрсету мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Жалпы аудан бойынша халық саны 2019 жылы 41418 адам болса, оның ішінде спортпен шұғылданушылардаң үлесі 12602 адамға жетті, яғни аудандағы жалпы халық санының 30,4% құрады. Бұл көрсеткіш аудан халқының спортқа аса ден қойғандығын көрсетеді. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады. Бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина да өз шығармаларында айтқан. Ол сондай-ақ спортты мағынасына қарай жеңіл, ауыр, ұзын, қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген. Денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан. Спорт мектебіндегі 1226 жаттығушы спорттың 12 түрімен шұғылданады. Атап айтар болсақ:  еркін күрес, дзюдо, грек-рим күресі, бокс, баскетбол, волейбол, футбол, қазақ күресі, самбо, тоғызқұмалақ, хан дойбы және армрестлинг (қол күрес). Аудан бойынша әр ауылда спортты дамыту мақсатында спорт методистері 2014 жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізуде. Спорт мектептерінде өз ісіне жанын беретін 34 жаттықтырушы дәріс береді.
Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Сондай-ақ, еліміздің кемел келешегінің кепілі – жас буынға айрықша көңіл бөлінген.
Жастар – болашағымыздың алтын тірегі. Сол себепті жастардың дені сау, саламатты болуы аса маңызды. Жастар арасындағы нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу үшін ауданымызда 116 спорттық құрылымы бар. Оның ішінде орталық стадион, спорт кешені, 11 ату тирі, 32 спорт зал, 69 жазықтық құрылымдар және жүзу бассейні бар. Сонымен қатар, аудан ертеңінің іргесін қалыптастыратын буын бала күннен спортқа бейім болуын қамтамасыз ету мақсатында жасөспірімдер мен балалар спорт мектебі жұмыс істейді. Б.Оңғаров атындағы орталық стадион, «Жастар» спорт кешені, орта мектептер мен мәдениет үйлерінде орналасқан 29 спорт зал, жүзу бассейні, 1 бокс залы, жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінде 3 күрес залы және 66 плоскастық спорт алаңдары – осының бәрі де ұлт саулығының кепілін қалыптастыруға ықпал етеді. Ауданымыздағы шаңғы базасы да тұрғындарды бейжай қалдырмасы анық. Аталған база қыс мезгілінде аудан жастарының жиналатын негізгі орынына айналған. Балалар мұз айдынында коньки теуіп, өзара жарысып қызыққа бөленіп жатады. Қазіргі таңда қысқы спорт бұқаралық сипат алып келе жатыр. Енді таза спорттық бағытта дамыту үшін жасөспірімдерді барынша тартуымыз керек.
Ата-бабамыздың бойына сіңген спорт өнері ұлықтауды қажет етеді. Ауданымыздың, Отанымыздың намысын қорғап, көк Туымызды желбіреткен гір көтеруден 25 дүркін Әлем чемпионы, 2 мәрте Гиннес рекордтар кітабын жаңартқан «Гір спортының батыры» атағының иегері, «Алтын гір» иегері марқұм ағамыз Әмірбай Рысқұлов, жеңіл атлетикадан Малайзия, Мәскеу, Америкада өткен бәсекеде күміс медальға ие болған, Индияның Банголор қаласында өткен Азия біріншілігінің қола жүлдегері, Австралияның Сидней қаласында өткен әлем ардагерлері арасында өткен «Сібір халықаралық марафоны-2011» бәсекесінің жеңімпазы марқұм Қани Айпиев, гір көтеруден 5 дүркін Әлем чемпионы, 4 мәрте Гиннес рекордын жаңартқан, «Крылатый лев» орденінің, «Алтын гір» иегері Жұмахан Күзбаев, армрестлингтен (қол күрес) 9 дүркін Азия чемпионы Әбдуали Тастанов, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстанның 11 дүркін чемпионы, 1-дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Мәулен Мамыров. Сонымен қатар, ауданымызда веложарыс, бокс, күрес және волейбол ойындары да қарқынды дамуда. Оның бір дәлелі ауданымыздың, Отанымыздың намысын қорғап, көк Туымызды желбіреткен Брусенский Глеб Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында Олимпиада жеңімпазы атанса, дәл осы спорт түрінде Пехотин Данил Индонезияның Джакарта қаласында Азия чемпионы атанды. Кәсіпқой бокста ауданымыздың спортшысы Константин Брусенский, самбо күресінен халықаралық спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Динара Жұмабаева, дзюдо және қазақ күресінен спорт шебері, 2017 жылы Ресейде Барнаул қаласында дзюдо күресінен өткен ХІV Халықаралық жарысының чемпионы Нияз Ерсайын, қазақ күресінен, дзюдо және самбо күресінен спорт шебері. 18 мәрте Қазақстан Республикасының жастар, жасөспірімдер және ересектер арасында чемпионы, самбо күресінен 3 дүркін Азия чемпионы, екі дүркін «Жетісу бөрісі» Алматы облысы әкімінің жүлдесіне арналған қазақ күресінің жеңімпазы, 2013 жылғы «Жетісу бөрісі» Алматы облысы әкімінің жүлдесіне арналған қазақ күресінің күміс жүлдегері Айдос Қаңлыбаев, Еркін күрестен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасы чемпионаттарының, Халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 2013 жылы Серб мемлекетінің Зерянин қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Жасұлан Ерменбет сынды көптеген спортшыларымыз Әлемдік, Республикалық деңгейлерде ауданымыздың намысын қорғап, жүлделі орындардан көрінуде.
Адам өмiрiнде спорттың алатын орны ерекше. Ал, мемлекеттiк тұрғыдан қарайтын болсақ, ол – абырой! Төрткүл дүниедегі адамзат баласын жақындастырып жіберетін сиқырлы күштің бірі – үлкен спорт додасы. Әрі спорт – бейбітшілік пен тұрақтылықтың ең басты насихатшысы. Спорттың дүниежүзілік дүрбелеңдерге тоқтау салғаны да, қырық жыл қырғиқабақ болған елдерді араластырып жібергені айтылып та, жазылып та келеді. Мұның бәрі, әрине, халықтың денсаулығын жақсартып, ұзақ өмір сүруіне алып баратын бастамалар. Ал дені сау халық – мемлекеттің байлығы. Сол себепті, спорт тек жеке тұлғаның дамуына емес, жасампаз мемлекеттің қалыптасуына әсер етеді.
Бүгінгі күні салауатты өмір қазақстандықтарға аса танымал салтқа айналып келе жатқаны тегін емес. Спортшылар да күннен-күнге өз өнегелері арқылы дене шынықтыру мен спорт денсаулық кепілі екендігін айғақтап, спортқа ден қойған адамдар саны жылдан-жылға артып, спортшылардың жетістіктері мен жеңістері де көбейіп келеді. Олар республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де мақтанарлық нәтижелерге қол жеткізуде. Толағай табыстарда жаттықтырушылардың маңдай терлері мен табанды еңбегінің қолтаңбасы жатқандығын айта кеткен артық болмас. Келешекте біздің ауданымыздың спортшылары еліміздің қанжығасына жүлде байлап, жаңа белестерді бағындырып, бұқаралық спорт жерлестеріміздің күнделікті өмір салтына айналарына сенімім мол.
Барлық спортшыларды мерекемен құттықтай отырып, өмірлеріңіз жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, жеңісті сәттерге толы болып, ел үмітін ақтайтын спортшыларымыздың қатары көп болуына шынайы тілектеспін! Мықты денсаулық пен спорттық жаңа биіктерді бағындырып, ауданымыздың спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары еселене берсін дегіміз келеді.


Айгүл ЖЕТПІСБАЙҚЫЗЫ

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.