СПОРТ

Спорт – денсаулық кепілі

Санат: СПОРТ
Уақыты: 23.08.2019
Оқылды: 918 Печать страницы
Спорт – денсаулық кепілі

Спортты біз қалай түсінеміз, спортқа деген көзқарасымыз қалай? Спорт – ол мәдениет. Спорт – ол қозғалыс. Спорт – ол жан-жақты күрес. Спорттың адамға берер пайдасы өте көп. Үнемі бір формада болу, сұлу бітімде қалыптастырып, денсаулықты жақсартып, жақсы мінез-құлықты қалыптастырады. Алға қойған мақсатқа жетуді және қалай жеңу жолдарын үйретеді. Көңілімізге қуаныш пен күш сыйлайды.
Спорт – адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Өйткені, әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жете бермейтін жандарға мамандар бір уақыт спортпен шұғылдануға кеңес береді. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз. Бұл да спорттың, дене жаттығуларының бір құдіреті.
Адам дене жаттығуларымен айналысқан сәтте оның миында да сан мыңдаған үдерістер орын алады. Ми дене қимылдарының әрекетін күйзеліс ретінде қабылдап, оған қарсы күрес жүргізе бастайды. Ағзадан эндорфин гормоны (қуаныш пен ләззәт алу гормоны) мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке-жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы адам ойы ұшқыр әрі есте сақтау қабілеті жақсара түсіп, көңіл-күйге әсер етеді екен.
Спортпен шұғылдану, жаттығу жасау - саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кепілі болып саналады. Денсаулығы мықты адам ғана бақытты өмір сүріп, биік мақсатқа қол жеткізе алады,- деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекет азаматтарына Үндеу жолдаған болатын. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің қаулысына сәйкес 13 тамыз 1998 жылдан бастап Қазақстанда спорт және туризм күні ретінде аталып өтіледі.
Спорт қай заманда да адамзатты бейбітшілік пен берекелі тірлікке үндеп келеді. Қоғамның әл-ауқатының басты көрсеткіші – адамның денсаулығы болса, оны нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда да спорттың алатын орны ерекше.
Баршаға белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев спортты дамытуға, салауатты өмір салтына айрықша мән береді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, тамаша спорттық дәстүрлерді сақтау адамгершілікке тәрбиелеуге, ұлт денсаулығын жақсартуға, өскелең ұрпақты шыңдауға тікелей әсер етеді.
Осыған орай ағымдағы жылдың 15 тамыз күні Балпық би ауылындағы Б.Оңғаров атындағы орталық стадионында «Спорт күні» кәсіби мерекесі аталып өтті.
 «Спорт күні» кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы: «Атамыз қазақ «Бірінші байлық-денсаулық. Денсаулық-терең байлық. Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген даналық мәтелдері денсаулықтың қадірін, маңызын айрықша ұғынып барлық игіліктен жоғары санаған. Өмір өлшемі — салауаттық, салауаттық - өмір заңы. Салауатты өмір сүрмей тұрып, өміріңе қажетті нәрсені ала алмайсың. Адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің өңірде барлық жағдай жасалған. Өнердің, спорттың сан - салалы түрімен айналысуға болады. Келешекте біздің спортшыларымыз жаңа белестерді бағындырып, бұқаралық спорт жерлестеріміздің күнделікті өмір салтына айналарына сенімдіміз. Ардақты ағайын! Спорт – бейбітшілік елшісі. Бейбіт заманда,осындай қуанышты күнде барлық аудан тұрғындарын, спортшыларды, жаттықтырушыларды, ардагерлерді, спортқұмарлар мен жанкүйерлерді бүгінгі спорт күнімен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық пен спорттық жаңа биіктерді бағындырып, ауданымыздың спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары еселене берсін!» - деп құттықтау сөз сөйледі.  
Бүгінгі аудандық спорт мектебіндегі 1226 жаттығушы спортшылар спорттың 12 түрімен шұғылданады.
«Спорт күні» кәсіби мерекесіне орай азаматтарды спортта қол жеткізген толағай табыстары, қосқан үлестері үшін Жұмахан Күзбаев, Құсайын Күреңов, Ербол Ченгильбаев, Думан Умарахимов, Асхат Мұратбек, Айдос Хамзаұлы Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың алғыс хатымен, ауданда саламатты өмір салтын белсенді түрде насихаттап, ауданымызда бұқаралық – спорттың жан-жақты дамуына үлес қосқаны үшін аудан әкімінің алғыс хатымен Абдуали Тастанов, Қанат Еркенов, Аслан Садыбеков, Александр Викберг, Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы еңбегі үшін және «Спорт күні» кәсіби мерекесіне орай Көксу ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Арын Алпысбаевтың алғыс хатымен Ришат Андасбаев, Алдаберген  Сиражанов, Асқар Арыстамбаев, Ернар Абдрасилов, Ришад Мейірманов марапатталды.  Сонымен қатар, зейнет жасына шығуына байланысты 1995 жылдан осы уақытқа дейін Көксу ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарған, жүзуден КСРО-ның спорт шеберлігіне үміткері, Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қызметкері» атағының иегері Серіков Тұран Серікұлына және 2007 жылдан осы уақытқа дейін Б.Оңғаров атындағы орталық стадионның меңгерушісінің қызметін атқарған, футболдан спорт шеберлігіне үміткер, бұрынғы Талдықорған облысы командасының негізгі қақпашысы, «Алтын дән» Республикалық турнирінің жеңімпазы, спорт ардагері Чадаев Нұран Халықұлына аудан әкімі Алмас Әділ шапан жауып, алғыс хаттарымен марапаттады.
Әрі қарай Көксу ауданы чемпионатының алғашқы кезең ойындары бастау алды. Жарысқа барлық ауылдық округтерден құралған 12 команда сұраныс берді. Командалар жеребе тарту рәсімінен кейін екі топқа бөлінді.     І – кезең қорытындысы бойынша бірінші топ Лабасы мен Мұқаншы командалары 1:1 есебімен тең түссе, Мұқыры – 2 командасы Мұсабек командасы 0:3 есебімен жеңді. ІІ – топ командалары Жарлыөзек командасы Қабылиса командасынан 3:2 есебімен басым түссе, Мұқыры – 1 командасы Еңбекші командасын 6:2 есебімен жеңді. Келесі кезең ойындары әр аптаның жұма күндері өтетін болады.
Алдағы уақытта аудан орталығы Балпық би ауылында 180 орынға шақталған дене шынықтыру – сауықтыру кешені салыну жоспарлануда. Жалпы аумағы 2 гектар болатын су жаңа кешенде волейбол, баскетбол, гандбол, минифутбол, бадминтон, теннис, бокс, күрес сияқты спорт түрлерінен сабақтар өткізіліп, күрес залы, бокс залы, жаттығу залы, командалық ойындар алаңы ашылмақ. Болашақта орталық стадионның оң жағында дене шынықтыру - сауықтыру кешенінің құрылысы, сол жағында жабық бассейннің құрылысы ойдағыдай жүзеге асса спорттық нысандарының ансамбілі қалыптаспақ.
Бір сөзбен айтқанда, спорт – барлық тәрбие атаулының бір саласы. Оның түп қазығы – қозғалыс, ал қозғалыссыз тіршілік жоқ. Спорт сөзінің мағынасы кең. Дене тәрбиесі соның құрамдас бөлігі, дәлірек айтқанда бастапқы баспалдағы. Онымен тұрақты шұғылданған адамның денсаулығы мықты, зор болмақ. Бірінші байлық – денсаулық, ал сол денсаулықтың кепілі – спорт.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.