
13 қыркүйек 2019 жылы Балпық би ауылындағы Б.Оңғаров атындағы орталық стадионда жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қызметкері» Сайлау Тұрыскелдинді еске алуға арналған жеңіл атлетикадан республикалық турнир өтті.
Сайлау Тұрыскелдин 1937 жылғы 12 желтоқсанда Алматы облысы Қаратал ауданында туған. 1963 жылы Алматы дене тәрбиесі институтын бітірген. Әр жылдары Алматы зооветеринарлық институтының оқытушысы, Алматы қалалық білім бөлімі балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры, дене тәрбиесі және спорт комитетінің аға жаттықтырушысы, Білім министрлігінің бөлім бастығы, Қазақ кәсіптік одағының бөлім меңгерушісі, «Қайрат» ерікті спорт қоғамы орталық комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған. 2001-2008 жылдары Алматы технологиялық университетінің дене тәрбиесі кафедрасын басқарған.
Сайлау Алтынбайұлы Алматыда XIII Бүкілодақтық оқушылар спартакиадасын өткізу жөніндегі ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысқан. Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін дайындауға айтарлықтай үлес қосқан. Сонымен қатар облыстар мен аудандарда ауыл спортшылары ойындарын өткізудің бастамашыларының бірі болған.
Спортты бала жасынан серік еткен Сайлау Алтынбайұлы одан өмір бойы қол үзген жоқ. Ол ардагерлер арасында өткен көптеген халықаралық жарыстарға ұдайы қатысып отырды. Жасы алпыстан асқаннан кейін Азияның ардагерлер арасындағы чемпионатында екі дүркін топ жарды, бір рет қола жүлдегер атанды. Ол Отан алдында сіңірген еңбектері үшін «КСРО ағарту ісінің үздігі», «ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі», «Дене тәрбиесі және спорт ісінің үздігі» атақтарын алған.
Сайлау аға халықаралық жарыстарда ғана топ жарып қоймай, жаттықтырушы болып шәкірт тәрбиеледі. Ол жеңіл атлетикаға бейім балаларды жанына жинап, шеберлігін шыңдап, спорттағы белестерді бағындыруға мұрындық болды. Енді міне, осы спортты кеңінен дамытып, жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында Сайлау Тұрыскелдиннің отбасы турнирдің жүлде қорын қомақты етіпті.
Турнирге қатысқан спортшыларға сәттілік тілеп, облыс әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізорв пен Жеңіс Тұяқов, Сайлау Тұрыскелдиннің жұбайы мен қызы келді.
Жеңіл атлетика, спорттың ең көп тараған түрі. Оған әр түрлі қашықтықта жүгіру мен жүру, ұзындық пен биіктікке секіру, спорттық снарядтарды лақтыру, жеңіл атлетикалық көпсайыстар енеді. Жеңіл атлетикалық жарыстар ашық және жабық алаңдарда өтетін жеке, командалық және эстафеталық жарыстар болып бөлінеді. Халықаралық әуесқойлық жеңіл атлетика федерациясы 1912 жылы құрылған. Оған қазір 200-ге жуық ұлттық ассоциациялар біріккен. Олимпиадалық ойындар 1896 жылдан, дүниежүзілік чемпионат 1983 жылдан өткізіліп келеді. Жеңіл атлетика ойындары өте көнеден белгілі. Ол ежелгі Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген.
Қазақстанда алғашқы ресми жеңіл атлетикалық жарыс — Бүкілқазақстандық 1-спартакиада 1928 жылы Петропавл қаласында өтті. Республикада жеңіл атлетикадан тұңғыш рет КСРО-ның спорт шебері атағын Ш.Бекбаев алды. Қазақстанның жеңіл атлеттері Олимпиада ойындарында, дүниежүзілік чемпионаттар мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерді көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды. Қазақстандықтар арасында Олимпиадалық ойындарға тұңғыш қатысқан спортшы Е.Кадяйкин болды. Тәуелсіз елімізге тұңғыш алтын медальді 2000 жылы Сиднейде өткен 27-Олимпиадалық ойындарда кедергі арқылы жүгіруші О.Шишигина әкелді.
Қазіргі таңда еліміздегі жетекші спорт түрінің бірі – жеңіл атлетика. Бүгінде бұл спорт түрімен Қазақстанда 11 мыңнан астам адам шұғылданады. Бұл статистика спорт мектептерінде тіркелгендердің есебінен алынған. 2000-ға жуық спортшы Қазақстан чемпионаттарына қатысады. Дәл қазіргі таңда ұлттық штаттық командада 34 кәсіби спортшы бар. 2020 жылға дейін олардың санын 50 спортшыға дейін жеткізу жоспарда екен. Бұл спорт түрінің бұқаралық дамуына инфрақұрылым көп әсерін тигізері сөзсіз. Ал спортшылар үшін де спорт кешендерінің сапасы маңызды. Бүгінде Алматыдағы орталық стадион ғана халықаралық талаптарға сай келеді.
Жеңіл атлетикалық спорт түрлерін әр түрлі параметрлеріне байланысты жасына және жынысына байланысты топтауға болады. Жеңіл атлетиканың негізгі бес түрі бар: спорттық жүру, жүгіру, секіру түрлері, лақтыру, көпсайыс. Жеңіл атлетика бойынша әйелдерге арналған, ашық стадиондарда өтетін 50 спорт түрі, ер адамдарға арналған – 56 түрі, ал жабық ғимараттарда өтетін әйелдерге де, ерлерге де арналған 14 спорт түрі.
Жеңіл атлетика адам ағзасына оң әсер етеді. Бірақ жеңіл атлетика түріне байланысты оның әсері әр адамға әртүрлі нәтиже беруі мүмкін. Ескеру керек, әуесқой және кәсіби жеңіл атлетика екі түрлі нәрсе. Әуесқойлар көбіне жүгіру, жүріс сияқты бұқаралық спорттарды таңдайды.
Жеңіл атлетикамен айналысатын спортшының шыдамдылығы берік, жылдамдығы жоғары, денесі иілгіш, координациясы мықты болады. Бұл спорттың ағзаға пайдасының барлығын тізіп шығу қиын. Жүгірумен айналысатындардың ағзасында зат алмасуы, қан айналымы жақсарады, көңіл-күйі әрдайым жақсы жүреді, депрессияның қандай да бір белгілері жойылады.
Жарысқа Алматы, Талдықорған, Текелі қалалары мен Көксу, Талғар, Ұйғыр, Қаратал, Кербұлақ аудандарынан 12 командадан құралған 300 - ге жуық оқушы қатысып, 3000, 2000, 800, 450 метрге дейін қашықтықта жүгірді. Барлығы жақсы дайындық деңгейін көрсетіп, бапкерлерінің көңілінен шығуға тырысты. Бұл тізімде Қазақстан чемпиондары мен халықаралық турнирлерінің жүлдегерлері жетерлік. Жарыстың бас төрешісі Еркен Сепбосынов «Биылғы турнирдің деңгейі айтарлықтай жоғары болды. Командалар жақсы дайындықпен келіпті. Әрине, арасында «піспеген» балалар да бар екен. Олар уақыт өте келе шыңдалады деп сенеміз. Осындай турнирге демеушілік жасап, жас жеткіншектердің спорттық бәсекелестігін арттырған Сайлау ағамыздың отбасына алғысымызды айтамыз. Сондай-ақ, қатысушы командаларға және олардың жаттықтырушыларына алдағы уақытта сәттілік тілейміз. Балалардың барлығы жақсы атлет боларына күмән жоқ, ең бастысы, жақсы адам болып өсуі керек. Алдағы уақытта Қарағанды және Шымкент қалаларында балаларға арналған спорт мектептері арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Бүгінгі турнир соған іріктеу жарысы», - деп атап өтті.
Жарыс барысында атлеттер аянып қалмады. Алдымен 3000 метр қашықтық бойынша жастар сайысқа түсті. Тартысты өткен мәреде Үштөбелік Николай Петров бірінші келсе, күміс медаль Данияр Омарғалиға бұйырды. Қыздар арасында Мадина Керімова алдына жан салмады.
Бұл турнирде мамандар сенім артқан саңлақтар үмітті ақтап, жүлдегер атанды.
Жарыс қорытындысында жеңімпаз командаларға кубок, диплом берілсе, оқушыларға грамота мен медальдар, ақшалай сыйлықтар табысталды.
Еліміздің намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген спортшыларға алдағы уақытта да сәттілік пен жеңіс тілейміз!