
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық! –
деп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жастарға» атты өлеңінде айтылғандай, қай заманда болмасын халқымыз жастардың болашағына аса үлкен мән берген. Текті ұрпақ, саналы жастар барда, еліміздің іргетасы берік әрі мықты боларына сенген.
Тарихтың алтын парақтарына үңілсек, талай қиындықтың артта қалғанын көреміз. Мал соңында өткен көшпенділік пен үш жүз жылға созылған патша отаршылығы ұлт болып қалыптасуымызға қауіп тудырғаны жасырын емес. Соған қарамастан халқымыз ұрпақ тәрбиесін назардан тыс қалдырмаған. Атейстік ұғым асқақтап тұрған Кеңес Одағының тұсында баласының тәртіпті де тәрбиелі болғанын қалаған ата-аналар ұрпағын оқытуға ұмтылды. Ақсақалды қариялардың ақыл-кеңесін тыңдап, тағылымды тіршілігінен тәлім алған жандар сол кезеңдегі ұлттық тәрбиенің терең болғанын айтады. Халық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінен қазаққа керекті тәртіп пен тыйымды үйренген бір дәуірдің жастары сол үлгіден әлі танбай келеді. Сондықтан да болар егде жастағы кісілердің мінезі биязы, үлкен-кішіге көрсетер құрметі мен ізеті ерекше, қарым-қатынасы мағыналы.Ертеңіне қарап, бүгінін түзейтін халық болғандықтан, тарих тағлымы біз үшін үлкен мұра.
Ал, қазір ше?!
Қазіргі жастардың тәрбиесі қандай? «Тәрбие» - ол кең мағыналы ұғым. Тәрбиенің ішіне адамның рухани қасиеттерінің барлығын жатқыза аламыз. Халқымыз айтпақшы «Тәрбие тал бесіктен басталады». Адам баласы дүниеге ұрпақ алып келгеннен кейін , сол ұрпағының білімді болғандығын, тұлғалы азамат болып қалыптасуын қалайды. Бар тапқан таянғанын баласының аузына тосады. Соны бағалай алып жүрміз бе? Қазіргі жиырма бірінші ғасырда уақыт тапшылығы өте үлкен мәселеге айналған. Оның басты себебі - жұмысбастылық. Яғни, бір емес бірнеше жұмысты қатар алып жүру. Соның арқасында бала бүгінгі таңда тәрбиені ата-анадан емес, ғаламтордан немесе теледидардан алады. Достарында сол ғаламтор желісінен тауып жатады. Ата-ана бағыт беріп отырмаса баланың санасы қоршаған ортасындағы керексіз ақпараттармен уланады. Ал, ол керексіз ақпараттар ғаламтор желісінде толып тұр. Қазақи тәрбиеге мүлде жат бейнеүзгілер, сериалдар теріс тәрбие беретіндігі сөзсіз. Бүгінгі күні жастарымыз өздері көріп жүрген жат бейнедегі кейіпкелеріміздің бейнесіне еніп алғандай. Оның дәлелі: ер жігіттеріміздің құлақтарына сырға тағуы, шаштарын, қастарын бояуды мақтаныш көруі. Қара көз қазақ қыздарымыздың әжелері, аналары ерніне жақындатпаған шылымды шегуі, ащы судың ерігінде кетуі бүгінгі таңда қалыпты жағдайға айналғандай. Алайда, бұл қателік. Себебі, жастар халықтың айнасы. Халық айнасының заманнан қалмай алға жылжуы дұрыс, тек шектен шықпағаны абзал. Егер сіз аға буын болсаңыз, ата-ана болсаңызсіздің әр басқан қадамыңыз жастарға үлгі, өнеге. Ертеңінізге күрсінбей караймын десеңіз бүгінгі тіршілігіңізден бастаңыз. Бүгінгі ұрпақ сіздің келешек бет-бейнеңіз. Саналы ұрпақ ұлттың келешегі.
Әрине, көпке топыпақ шашу да дұрыс емес! Қазіргі таңда ұлтының болашағы үшін, елі мен жері үшін, діні үшін , ұлтының тыныштығы үшін жан аямай тер төгіп жүрген жастарымыз бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы жастар жайында айтқан бір сөзінде: «Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар, салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік» - деген еді. Өткен 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауының өзі мемлекеттің болашығы жастардың қолында екендігін айқындап берді.
Осы орайда, Алматы облысының жастар саясаты мәселесінің қолдауымен жастарға арналған Көксу аудандық ақпараттық-әлеуметтік парақшасы өз желісін 2014 жылдан жүргізіп келеді. Тілге тиек еткен бұл әлеуметтік парақша Көксу ауданы жастарының еңбекқор айнасы емес елдің айнасы екенін байқатады. Ал, елдің батасын алып өскен жас ұрпақтың келешегі жарқын болатынына сенімдімін. Көксу ауданының өсіп-өркендеуі тікелей жас ұрпақтың сүйіспеншілігіне байланысты екендігі, үлкенге көрсеткен ізетіне байланысты екендігі жасырын емес.
Қорыта келе, өткен күннің жемісі бүгінгі жастар екені белгілі. Жас болып жалындаған , кеудесінде мейірімі бар, көзінде отты бар жастардан халық жарқын болашақ күтеді. Яғни сен жас болсаң алдында алар асуларын көп екендігіне сеніп, алға ұмтылу сенің міндетін.
Аяла АРЫСТАНБЕК