
Өмір – адамға бір-ақ рет берілетін Алланың нығметі болса, ең қымбаты – жастық шақ. Әр адам жалындап, тынымсыз еңбек етіп, өмірінің негізін қалайтын уақыт бұл. «Не ексең – соны орасың». Қазіргі жастар жалындаған жастық шақтың өтпелі екенін санасына мықтап түйіп, оның әр минутын орынды пайдаланса құба-құп. Осы мәселені қаузап көрелік…
Жастық шақ – адам өмірінде күннің көтеріліп келе жатқан шуағы тәрізді. Ол таң сәресіндегі күннің сәулесі сияқты, келешекке мақсат қойған, сол арманына жету үшін бойы шабытқа толы, адам ойлау сезімінің толықсыған кезеңі.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол туралы: «Қиямет күні әрбір құлдан төрт нәрсе сұралмайынша ол тұрған орнынан қозғалмайды. Бірінші, ол өмірін қалай өткізді? Екінші, жас күнгі күш-қайратын қайда жұмсады? Үшінші, ол білген білімінің қайсысына амал қылды? Төртінші, ол несібесін қалай тапты және қайда жұмсады?» – деген хадисі бар. Бұл хадис те жастық шақтың қымбаттыған аңғартып тұр.
Бала кішкентай кезінен еркіндікті сезініп өсуі тиіс. Алайда, шектен тыс еркелетіп, айтқанының бәрін орындамай қажетті шектеулер де жасап отыру қажет. Өмірдің өткінші екенін, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін үлкен адаммен сөйлескендей ұқтырып отырған жөн. Бұл туралы Абай бір өлеңінде «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы. Жаңа өспірім, көкөрім, бейне қолдың саласы. Балам закон білді деп, қуанар ата-анасы, Ойында жоқ олардың, шариғатқа шаласы», – дейді. Мұнда һакім баласына ақ пен қара, фәни мен бақи жайлы түсіндіріп айтпаған ата-аналарды меңзеп отыр.
Жастық шағында жалындай алмайтындардың көбісі еркіндікті сезінбей өскендер болса керек. «Анау болмайды, мынау болмайды» деп әбден тығырыққа тірелген, өздігінен әрекет етуге дәрменсіз.
Осы мақаланы жазбаққа талпынғанда әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейдің «Ғибратнама» атты өлеңіне кез болдық. Аталмыш өлеңде «Өнерге өзіңді-өзің ерте баулы, жастықтың бір күн көшіп кетер ауылы» деген жолдары бар. Мұнда жастық ауылының бір күн көшіп кетуін бейнелеу өрнегі, негізгі тіршілігі малмен, көшумен байланысты қазақ ұғымына неғұрлым жақын түсінікті болуымен де мәнді болып тұр. Ауылдың көшуімен, басқа жерге қоныс ауыстыруымен, яғни бой үйренген мекеннен шұғыл алыстауымен салыстыру нәтижесінде жастық шақтың да тез өтіп кететіні ұтымды кестеленіпті.
Белгілі ғалым Омар Жәлелдің «Уайым мен күлкі» атты мақаласында Абайдың «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» өлеңін талдап, оқырманға һакімнің өлең жолдарында жасырынған терең ойды шебер жеткізген. Бұл мақала бірнеше республикалық басылымда жарияланыпты. Үзінді келтіріп көрейік:
«Уайым – ер қорғаны, есі барлық». Абай осы өлеңінде «уайымды» категория ретінде қарастырып отыр. Және де «уайымның» антологиялық мәнін, болмыстық мәнін ашып көрсетеді. Уайым ердің қорға- ны екен. Адам дүниенің жалған екенін неге бірден сезінбейді? Неге оған бірден сезіну қабілеті берілмеген? Өйткені: «жастықта көкірек зор, уайым жоқ». Алдымыздан тағы «уайым» категориясы шықты. Неге Абай осы ұғымға қайта-қайта айналып соға береді? Уайым – дүниенің болмысын, дүниенің сырын аңдататын категория.
Ал, уайым жоқ жерде бізді күлкі күтіп тұрады екен, Күлкі – уайымға қарама-қарсы категория. Абай: «Жастықта бір күлгенің – бір қаралық» дейді. «Бір қаралық» – бұл жерде белгілі бір құнның мөлшерін көрсетіп тұр. Егер сен нағыз қайрат қылатын кезде қайрат қылмай, мүмкіндігіңді жіберіп алсаң, өмір сені аямайды. Иллюзия – жастыққа тән нәрсе, бірақ, оның де сейілетін кезі болады. Сол кезде тіршілік боямасыз, бар ұсқынсыз кейпімен алдыңнан шығады. Оның аты – «Жарлылық, жалынышты, жалтаң көздік, сүйкімі-икемі жоқ шалдуарлық». Сөз жоқ Абай бұл жерде реалистік әрі прагматикалық ойдың иесі ретінде көрініс береді. Ол ақыл айтады, бірақ, жалаң ақыл айтушылыққа (менторлыққа) ұрынбайды, кеңес береді, бірақ, догматизмнен ада. Жас адамға қалай күлме деп айтасың? Сондықтан, Абай «күлме» демейді, «күлкі бақпа» дейді, құмарлық қылма демейді, «салынба» дейді».
Бәтуалы сөз жоғарыдағы айтқан ойымызбен үндесіп тұр. Демек, бағыттан жаңылған жоқпыз. Мына мақаладағы мысалдар сананы сергітіп, ойымызды әбден қозғаған соң Омар Жәлел ағамыздың өзіне хабарластық. Қауырт жұмыс үстінде екен, екі минуттай уақытын қиды бізге.
Лұқпан һакім айтады: Үш нәрсе қадірсіз. Денсаулық, әйел және жігіттік. Жігіттік деп отырғаны – жастық. Жастықтың қадірін білмейді көп жастар. Бағаламайды. Денсаулықты жастық шақта сақтап, оны дұрыс шаруаға жұмсап, кәрілікке дайындалу керек. Әйелді жаңа түскеннен бекем ұстап, қадірлеу керек. Сонда қартайғанда ажырасып, елге күлкі болмайсың. Жігіттіктің қадірін біліп, бар уақытыңды ізгілікке ұмтылумен өткізсең, миуалы ағаштай бақытты кәрілік күтеді. Салпақтап бос өткізсең, қурап қалған ағаштай, мәнсіз кәрілікке тап боласың, – деді.
Тобықтай түйін
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Аймағымызда айналасына үлгі болып, елдің ертеңіне алаңдап жүрген жастар да жетерлік. Ал, енді үкіметке өкпелеп, өмірден түңіліп жүрген жастарға «Еңселеріңді тіктеңдер, ешкімге де ретсіз өкпелемей, жастық шақта жалындаңдар» дегім келеді. «Оралыңның барында ойна да күл, Ойнамаған, күлмеген не көріпті?!» – деген сипатта- ғы әндердің дәуірі өтті.
«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың көгіне, Күн болмағанда, кім болам?» – демеп пе еді жарқырай жанып барып, аққан жұлдыздай өте шыққан Сұлтанмахмұт Торайғыров. Қатарынан қара үзіп, бай да қуатты, бақытты өмір сүру, «дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалану» (Абай) әркімнің өз қолында. Тек, жастық шақта – жалындай алса болғаны! Тура мағынасында…