ИМАНАШАР

Арам пайда

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 11.10.2021
Оқылды: 979 Печать страницы

Асыл дініміз Исламда келген тыйым етілген дүниелердің барлығында адам баласының жеке басы мен қоғамға зияны бар екендігі белгілі. Осындай үлкен күнә деп танылып, дініміздегі тыйым етілген істердің бірі – жемқорлық. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында: «Араларыңдағы мал-дүниелеріңді бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың дүниелерінен бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар», – деп айтқан. Жемқорлық орын алған жерде жауапкершілік жоғалады, әділетсіздік орын алып, тыйым салынған нәрселерге рұқсат етіледі. Ата-бабаларымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деу арқылы, ұрпағын имани қасиеттерден ажырамауға шақырып, әркез туралықта болуды насихат еткен. Жаратушымыз Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 42-аятында:«Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. Егер олар саған келсе, араларына үкім бер немесе олардан теріс бұрыл. Егер олардан теріс бұрылсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Расында Алла турашылдарды сүйеді», – деп айтқан. Сағид ибн Жубайр жоғарыда келген аяттағы «арам жеушілер» деген жерін: «Жемқорлық турасында айтылған», – деп тәпсірлеген. Бұқар жырау бабамыз:

Айтқан сөзге тұрмаған – жаман емей немене,

Сұрағанды бермеген – сараң емей немене,

Кісі ақысын көп жеген – арам емей немене, – деу арқылы, жемқорлықтың шариғатымыздағы үкімі харам екендігін баяндаған.

Ақын Шортанбай Қанайұлы өз заманындағы би-болыстарды жемқорлықтан сақтандырып:

Билер, пара жемеңдер,

Жанға бейнет кезбеңдер.

Кісі хақын алмаңдар,

Аузыңа пара салмаңдар, – деп жемқорлық пен парақорлықтың зиянын жеткізіп кеткен.

Адам баласы әркез Алла Тағаланың оны бақылап тұрғандығын жүрегімен сезіне білсе, бұл ісі оны күнәлі істерден алыс ететіндігі сөзсіз. Қасиетті Құранның көптеген аяттарында Алла Тағаладан ешнәрсе жасырын емес екендігін, пенделерін көруші, олардың әр амалдарын бақылаушы, ертең қияметте есеп алушы екендігін ескертеді. Сондай аяттардың бірінде: «Сондай-ақ Ол (Алла) қайда болсаңдар да сендермен бірге», – деп айтқан («Хадид» сүресі, 4-аят). Мұсылман адам дүниеден өткеннен кейін қайта тірілетіндігіне, пәни тіршілікте атқарған бүкіл үлкенді-кішілі істерінің барлығы үшін сұралатындығына иман келтіреді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Такасур» сүресінің 8-аятында: «Кейін ол күні әрбір нығметтен әлбетте сұралатын боласыңдар», – деп айтқан. Осы себепті де әр адам өзінің тапқан нәпақасының адалынан келуіне үлкен мән беріп қарауы қажет. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Қиямет күні төрт нәрседен сұралмай, құлдың аяғы жылжымайды. (Олар): Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал-дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі?» – деген.

Дінімізде аманат ұғымының маңызы өте үлкен. Алла Тағалаға иман келтірген жан өзі қызмет ететін мекеменің әр затын аманат деп біліп, оған қиянат жасамауға, ұқыптылықпен қарауға тырысады. Жаратушы Жаппар иеміз қасиетті Құраның «Ниса» сүресі, 58-аятында: «Алла сендерге аманатты иесіне қайтаруларыңды, адамдар арасында билік айтар болсаңдар, билікте әділ болуларыңды бұйырды. Алланың сендерге айтқан насихаты қандай тамаша! Алла шынында толық естуші, аса көреген», – деп айтады.

 

 

Ендеше, әр адам өзінің қызметін, қызметтік заттарды, оған тапсырылған мүліктің барлығын аманат деп білуі тиіс. Оларды жеке заттармен шатастырып алуға болмайды. Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с) Әл-азд тайпасындағы бір адамға зекет жинауды тапсырады. Ол қайтып келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған сыйланды», – деп айтады. Мұны естіген Алла Елшісі (с.а.с) сахабаларына: «Расында, сендердің біреулеріңді Алла маған тапсырған істі орындауға тағайындадым, ал ол болса маған келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған сыйланды!» – деп айтады. Егер ол шындықты айтып тұрған болса, неге осы сыйлықты күтіп әкесінің үйінде отырмады?» – деген екен.Әділетті Халифа Хаттабұлы Омар біздерге қызмет барысындағы аманшылдықтың керемет үлгісін көрсете білді. Ол кісі ел билеп, Халифа болған уақытында, оның жұмыс бөлмесіне әлде бір адам кіріп келген екен. Сәлемдесіп болғаннан кейін Омар одан: «Мемлекеттік мәселемен келдіңіз бе, жоқ әлде жеке шаруаңызбен бе?» – деп сұрайды. Әлгі адам өзінің жеке басының шаруасымен келгендігін айтады. Сол кезде Омар алдында жанып тұрған май шамды өшіріп, екінші бір шамды жағады. Мәселенің ақ-қарасын түсінбеген әлгі кісі: «Бір шамды өшіріп, екіншісін несіне жақтыңыз?» – деп сұраған екен. Сонда Омар: «Өшірілген шам мемлекеттің қазынасына алынған болатын. Оны жеке шаруама қолдануыма болмайды. Ал жағып қойған шамым, оны өзімнің жеке қаражатыма сатып алғанмын. Оны өз шаруаларыма қолданамын», – деп жауап берген екен.

Халқымызда «Адал кісі арымас, арам кісі жарымас» немесе «Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі жақсы» деп айтылған тәмсіл бар. Сондықтан арам жолмен табылған мал-дүниеде еш уақытта береке болмайды. Береке – тек адал табыста болмақ. Адам баласы бұндай теріс жолмен табыс тауып, отбасын онымен асырауына болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с): «Харам пайдадан өскен ет (яғни, адам) жәннатқа кірмейді», – деп айтқан. Баяғыда ізгі аналарымыз отағасын таңертең жұмыстарына шығарып салып жатып: «Отағасы, біз аштыққа сабыр етіп шыдаймыз. Алайда, Алла Тағаланың азабына бір мезет те шыдай алмаймыз. Сол үшін сізге өтініш, шаңырағыңызға тек адал жолмен табылған нәпақа алып келіңіз» деп өтініш жасайды екен.

Сондықтан да адам баласы үшін маңдай терімен адал еңбекпен табылған қаражаттан артық дүние жоқ. Ахмед Йүгінеки бабамыз: «Мал адал болса – есепке кіреді, арам болса – азапқа кетеді» десе, Хәкім Абай: «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», – дейді.Жеке адамның ғана емес, бүтін бір мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жемқорлық атаулыдан әрбір Алла Тағалаға иман келтірген адам аулақ болып, адал табыс табуға үлкен мән беруі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген.

Алла Тағала біздерге адал кәсіп, берекелі ғұмыр нәсіп қылғай!

 

 

Ерімбет Еділбек

Көксу аудандық Балпық би мешітінің бас имамы

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.