ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Жақсы көңіл-күй – сәттілік кепілі

Санат: ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Уақыты: 28.02.2025
Оқылды: 140 Печать страницы

Педагог-логопедтің жұмысы — бала дамуының маңызды бөліктерінің бірі. Оның көмегімен балалар тілдік дағдыларын дамытып, қоғамда өзін еркін сезінуге мүмкіндік алады. Сондықтан, осы мамандықтың маңызы ерекше, себебі ол тек сөйлеу мәселелерін шешумен ғана шектелмей, балалардың толыққанды тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Педагог-логопедтің қызметі қоғам үшін маңызды, ал оның еңбегі балалардың болашағына үлкен үлес қосады.

Баланың тілі тез және дұрыс шығуы үшін үлкендер әр қимылын, ойын дауыстап айтып түсіндіріп отыруы керек. Балаларға көбіне үлкендердің әңгімелесіп, тілдесуі жетіспейді. Сәби керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстатады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса бала сөйлеп қиналып қайтсін? Сол үшін сұрақтар қою арқылы сөзге тарту керек. Бұл – баланың сөздік қорын молайтудың бір жолы.

Балаға жаңа сөздерді үйрету кезінде есте сақтау керек бірінші нәрсе: "Жақсы көңіл-күй – сәттілік кепілі". Бала білмейтін жаңа сөздерді эмоционалды жағымды жағдайда айтыңыз. Психологтар мұндай жағдайда бала он есе жақсы оқып, тез үйренетінін байқаған. Сондай-ақ баланың көру, жанасу, иіс сезу, яғни тақырыпты әртүрлі тәсілдермен зерттеу мүмкіндігінің болуы маңызды.

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Ойын — балалар үшін қоршаған ортаны танып білудің ең жеңіл-де ұтымды тәсілі. Оның негізгі ерекшелігі — балалар үн-түнсіз ойнамайды, тіпті, жалғыз болғанның өзінде-де сөйлеп отырып ойнайды. Ойын процесінде сөйлесу үлкен рөл атқарады. Ойын — мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Ойын — бала үшін нағыз өмір. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады.

Егер ойын, ақылмен ұйымдастырылса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік береді. Балалардың өмірі мен іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру — оларды тәрбиелеу деген сөз. Бала үшін ойын — өзін-өзі жетілдіру мен өзін-өзі көрсетудің құралы. Ойын әрекетінде баланың психикалық қасиеттері мен жеке басының ерекшеліктері әлдеқайда тез қалыптасады, яғни ол арқылы бала білім алады. Ойын ойнау барысында бала ешбір бүкпесіз, бар жан-тәнімен ойынға кірісіп кетеді-де, белсенділік пайда болады, қызығушылық танытады. 

Бала тілі – бал. Бала тілінің дамуы күрделі процесс екендігі баршамызға белгілі. Соңғы уақытта бүлдіршін тілінің уақытынан кеш шығуы жиілеп барады. Сондықтан анық сөйлеуін ерте жастан қалыптастырған дұрыс. Ата-ана бұл жағдайға уақытылы мән беріп, дер кезінде мамандардан кеңес алған жөн.

Нұрилә СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,

Қадырғали Қосымұлы Жалайыри атындағы

орта мектеп-гимназиясы,

 педагог-логопед.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.