
Мен аудандық партия комитетінің нұсқауымен ауаткомнан ауысып, аудандағы ең нашар «Еңбекші» совхозына партия ұйымының хатшысы болып сайландым. 10 айдан кейін, яғни 1971 жылы 8 наурыз күні осы совхоздың директоры болып тағайындалдым. Шынымды айтайын, Еңбекші совхозы түбегейлеп келгенде туған ауылымдай ыстық, болашақ бақытты да шабытты да алдағы небір қуаныш пен қасіретті де сол совхоздан табатынымды осы жолы білген жоқпын. Сонымен совхозға бет алдық.
Ертеректе осы совхоздың негізін қалаушы «Амангелді» колхозында аты аңызға айналған Нұрмолда Алдабергенов те екі ай бастық болғанын білетінмін. Нұрағаңның аз ғана уақыт болса да қолтаңбасы қалған Амангелді ауылына ат басын бұрғанда еріксіз толқыдым. Себебі Нұрағаңмен алғашқы кездескен кездегі «Қызым» деген сөзінен көңілім толқып, жаңа дүниемнің астаң-кестең болып, әлдебір тылсым қуатты күштің бойымды шарпып өткенін күні бүгінге дейін сол алып қуаттың қысылған шақта бойыма нәр беріп, қуанған сәтте сабыр беретінін сезіп келемін. Ауылға жақындағанда кезінде елге сыйлы, көпті көрген дана қарт Балпық ата ұрпағы Смағұлов Жапарқұл ақсақалдан естіген мына бір оқиға көз алдымнан тізбелеп өте шықты.
Нұрағаңның басына қиын кездер іс түскен шақта Балпық би бабасының басына барып, аруағына сыйынып түнегенде бабасы: «Балам! Ақиқаттан ауытқыма, жалалықпен келген күйзелістер өте шығады. Алдыңда тарих төрінен орын алар кезең бар»- деп аян берген екен. Әулие, би ата берген батаның дәл келгендігі, бабалар рухының қолдап, қорғап жүретініне көзім жетіп, бабалар рухына тағы бір тағзым еттім.
Амангелді колхозына келген беттен-ақ колхоздың халі неліктен нашарлап кеткенін бірден сезе қойған Нұрағаң «Бесқайнар» учаскесінде колхозшылардың жалпы жиналысын шақырыпты. «Жаңа бастық, өзі атақты кісі не айтар екен?»- деп ел тайлы-тұяғы қалмай түгел жиналса керек.
Нұрағаң қасына бас мамандарды ертіп келеді. Президиум сайланбайды, баяндама жасалмайды.
- Әңгіме мынау,- дейді Нұрағаң басы қасқая, топ алдына шығып, - менімен бірге колхозда істеймін дегендерің бір бөлек, пияз егіп, сауда жасаймын дегендерің бір бөлек шығыңдар. мәселе бұлайша қабырғадан қойылады деп күтпеген адамдар кәдімгідей абдырап, сескеніп сәл отырып қалады да, содан соң түгел «колхозда істейміз» деген жаққа шығады.
- Жиналыс бітті. Енді іске кірісеміз,- дейді Нұрағаң.
Бірақ, ертеңіне қараса учаскедегі жұмысшылардың тең жартысы үйлерін тастап, бір түнде көшіп кетіпті. Ылғи пияз егетіндер қашыпты. Мұны естіген Нұрағаң:
- Дұрыс болған. «Маған су ағып, тас қалғаны керек» деген екен.
Бірақ келмей жатып жұртты үркітіп алғанына Нұрағаң іштей өкінсе керек. Соны сезген Садырқұл деген замандасы: – Қапаланба, Нұрмолда, Арыстан бастаған қойлар жауды қашырса, қой бастаған арыстандар жаудан қашады. Сен арыстансың!- дейді.
- Әй, ит-ай!- деп күліпті Нұрағаң әзілі жарасқан құрдасына. Менің қапаланғанымды сезіп қойған екенсің, ә? Шынымды айтсам, маған ол иттердің кеткені емес, қалғаны керек еді. Оларды бір жылда жіптіктей жұмысшы етіп шығаратын едім.
Тілге жүйрік, ойға берік Садырқұл оның бұл сөзіне де уәж табады.
- Мен сені «арыстансың» деп бекер айтып тұрған жоқпын, - депті ол.
- Арыстанның мықтылығы жәйлі бір әңгіме айтайын, тыңдап ал, ит арыстанға келіп, «кел күресейік» депті. Арыстан оның сөзіне пысқырып та қарамайды, сонда ит :
- Мен қазір бүкіл дала аңдарына «Арыстан менен қорықты» деп жария саламын, - дейді.
- Мейлің, мен оған көндім. Итпен алысты дегеннен гөрі осым артық, - депті арыстан.
- Сол айтқандай, - дейді Садырқұл сөзін жалғап, болмашыға күшіңді несіне шашасың! Онан да үлкен іске кіріс.
Нұрағаң уәдесінде тұрады. Жеке бастарын күйттеп, колхоз жұмысынан жалтарып жүргендерді біраз ықтырып алады. Колхоздың жағдайын біршама көтеріп тастайды. Сол заманның тотарлитарлық әділетсіздіктің шарпуы шалған Нұрмолда ағаның Амангелді ауылында аз ғана уақыт жұмыс істегенінің өзінде өшпес өзіндік із қалды, ал егер біраз жылдар жұмыс жасауға мүмкіндік берілгенде бүгінгі Амангелдінің келбеті қандай болар еді.
Карл Маркс атындағы колхозға председатель болып ауысқан соң да колхоз шаруашылығына ақырына дейін адал берілген аяулы Нұрағаң алған бетінен таймай өтті. Табыс тетігі – еңбек тәртібінде деп білетін ол, не нәрсені болсын алдымен тәртіпті нығайтудан бастаушы еді.
Өзіме шын дос, кейбірін аға, кейбірін әке тұтып кеткен адамдар туралы сөз қозғасам, есіме - ең алдымен аяулы Нұрмолда Алдабергенов түседі. Қайран, Нұраға!
Ол жылдары өз ауылым Шанханайда тұратынмын. Соғыстың зардабы тарқамаған, жағдай жақсарып, тұрмыс онша түзелмеген кез. Біздің колхоз сонда да болса, қалтасының түбін қағып, өйтіп-бүйтіп клуб салды. Қазіргі биіктен қарасаңыз ол, әрине, жапырайған там іспеттес. Сол тұстағы біз тұратын тоқал тамдармен салыстырсаңыз, ол – зәулім биік сарай секілді.
- Енді мұның төбесін қаңылтырмен жабайық. Әрі су өтпейді, әрі жұрт таңқалсын,- десті даңғой басшылардың біразы. Ол дұрыс қой. Бірақ қаңылтырды қайдан аламыз?- десті сол кездегі қиын жағдайды түсінетіндер.
- Е, ортамызда Зылиха отырған жоқ па? Дырдай депутат. Ол сұрап барса, қаңылтыр түгілі одан да зорын берер.
Мен Алматыға баруға көндім. Бірақ тіке баруға жүрексініп, атағы сол кезде дүркіреп тұрған Алдабергеновтың ауылына тарттым.
Нұрағаңды сол жолы бірінші рет көрдім. Менің бұйымтайымды орындап болды да, ол кісі:
- Ал өз қалің қалай?- деді маған.
Мен сасып қалдым.
- Жаман емес.
- Үйің бар ма?
- Бар.
- Қандай?
- Екі бөлмелі, - дедім де сөзімді түзегім келіп, - біздің ауылдағылардың бәрі сондай үйде тұрады, - дедім.
- Басқалар тұра берсін. Ал саған болмайды. Сен депутатсың. Саған қонақтар сонау Мәскеуден келеді. Сенің тоқал тамыңның сиқын көргенде шошып кетер олар.
Сөйтті де, қолма-қол жәрдем етті. Өзім асар етіп, кесегін құйдым. Сол кездегі ең қат нәрсе - есік-терезені Нұрағаң жіберді. «Кедейдің бір тойғаны- шала байығаны» демекші, демнің арасында тәп-тәуір үйлі болып, арқа-жарқа болдық та қалдық. Күркеден сирағы шығып жататын секілді, тумысында жапырайған тоқал тамнан басқа түк көрмеген әкем, бір шелек суға еңкейіп дұға оқып, сол суды ырым ғып, бар бөлмеге шашып шықты. Сонан соң маған бұрылды.
- Әкем көрсете алмаған, қанша тырбансам да өзімнің де қолым жетпеген нәрсені сен көрсеттің, Зықабас. Өмірің осы үй секілді кең болсын, еңсең еңкеймей бір қалпында өтсін, қалқам.
Сөйтті де құшақтай алды, маңдайымнан иіскеді. Сол сәтте байқасам әкемнің иығы дірілдеп, сақалы селкілдеп тұр екен... Әкем, әкешім! Алтын көкем! Көзін тырнап ашқалы көргені – жоқшылық, жастық шағы түп-түгел жалшылық болған екен! Сенің аузыңа дәмі татыған ас енді ғана тиген шақта, сұрапыл соғыс басталды да кетті, күркіреген күндей болып талай жанды тәлтіректетті. Ауыр күндердің азабын шегіп, аштан бұрала жүгіріп, жарты таба нанның жартысы тамағынан өтпей оны көзі бұлдырай отырып маған ұстаған, қайран әкем! Қайтейін, қайтейін!
... «Баласы суға кетсе, әкесі оны не алып шығады, не бұрын суға кетеді» деген осы ғой.
- Көке-ау, бұл тамды салған мен емес, салдырып берген Нұрағаң, - дегенімде, әкем бір сәт ойланып қалды.
- Нұрмолда – ел ағасы, – деді ол. Ретін тауып, Нұрмолдадан дәріс алып қал, күндердің күнінде қажетіңе жарайды.
Әкемнің осы сөздері дәл келді. Нұрағаңмен аз болса да көптей, шағын болса да шапшақ келген сұхбаттарым болашағымда көп кәдеге асты. Тасынған шағымда «тәк-тәк» деді, жасыған кездерімде кеудеме дем берді.
Зылиха ТАМШЫБАЕВА,
(Н.Қылышбаевтың жинақтап құрастырған «Нұрмолда» атты кітабынан)