
Тарихқа көз жүгіртіп қарап отырсақ, қазақтың небір қайсар қыздары, ғұндардың ел анасына айналған арулары, түріктің тұрпаты бөлек жауынгер (ханымдары), қазақтың ұранға айналған, кие қонған небір аяулы ана, апалары болыпты-ау... Елім деп емінген, жерім деп тебінген ерлермен сын сағаттарда қатар жүріп, қанатына айналған, бала туып, ұрпағын өсірген олардың да аттары тарих қойнауынан талып-талып естіліп жатады. «Атқа мінсең ей қаған, жерді көрмейсің, таққа отырсаң ей, қаған, елді көрмейсің! Атыңды жер, тағыңды ел көтеріп тұрғанын неге білмейсің?» деп сөйлеген де біздің асыл аналарымыз. Асылы, ел болмақ – Анадан! Ел өссе де – анадан, беті аулақ, өшсе де – анадан!
Бір ана бар Жетісуда еңбеккер,
Тәтті түбір ақ сәбиін тербеткен.
Маңдай тері арна салып табысқа,
Еңбегімен елдің даңқын өрлеткен» - дегендей, шоқтығы биік тұлға, ерен еңбегімен, халыққа көрсеткен адал қызметімен, қоғам, ұрпақ тәрбиесіндегі озық ұлағатымен, халқының құрметіне бөленген абзал Ана, Қазақ елінің мақтанышы, Социалистік Еңбек Ері, Зылиха Тамшыбаева анамыздың жүрген жолы тұнған тарих. Биыл қазан айында тірі болса Зылиха Жанболатқызы 85 жасқа толатын еді.
Зылиха Тамшыбаева 1936 жылы 5 қазанда Талдықорған облысы, Гвардия, қазіргі Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылында дүниеге келген. 1954 жылы Қоғалы орта мектебін, 1965 жылы Алматы мал дәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын Қоғалы ауылында кітапхана меңгерушісі болып бастады. 1955-1963 жылдары осы өңірдегі Шоқан Уәлиханов атындағы колхоздың сауыншысы, бригадир, тауарлы сүт фермасының меңгерушісі болды. Жас кезінен-ақ еңбек сүйгіштігімен, жоғары жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. 1963-1969 жылдары Гвардия ауданындағы Шанханай ауылдық кеңесінің төрайымы, 1969-1970 жылдары Киров аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Ал 1970 жылы “Еңбекші” кеңшары партия комитетінің хатшылығына сайланып, 1971 жылдан өмірінің соңына дейін осы ұжымды біліктілікпен басқарды. Зылиха Тамшыбаева жетекшілік еткен қырық жылға жуық жылдың ішінде “Еңбекші” шаруашылығының келбеті адам танымастай өзгерді. Елді мекеннің инфрақұрылымы, өндіріс саласы жан-жақты дамып, оның даңқы облыстан тыс өңірлерге де танылды. Ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқаты көтеріліп, халықтың ынтымағы артты. Зылиха Жанболатқызының ауыл шаруашылығындағы осындай ерен еңбегі мемлекет тара¬пы¬нан лайықты бағаланды. 1981 жылы еліміздің ең жоғары наградасы – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сондай-ақ екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, “Октябрь революциясы”, “Парасат”, “Құрмет” ордендерімен марапатталып, “Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері” құрметті атағына ие болды. Кеңес Одағы және Қазақстан Компартиясының бірнеше съездеріне делегат, республика Жоғарғы Кеңесінің төрт мәрте депутаты болып сайланды.
Еңбегімен елге танылды, халық мақтанды, ұрпақ шаттанды. Ақын, жыршылар өз жырына қосып, ұлы еңбектің даңқын асырды.
Кете Жүсіптің «Адамдық пен надандық» өлеңінде:
«Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген,
Табиғат түбі терең қол жетпеген.
Өнерін өмірінің біле тұрып,
Маңдайын пенде бар ма, терлетпеген» дегендей, өз өмірінде Зылиха апамыз еңбекпен маңдай терлетіп, сол еңбектен бақыт тапқан ана.
«Батыр Ана жүрген жолы бәрі аңыз,
Халқын сүйген ардақ тұтқан данамыз.
Жұмақ болсын мәңгі мекен тұрағы,
Иман нұрға бөлен Батыр анамыз.
Тәтті түбір бой түзеген сымбаттым,
Ұлы еңбек ырғағымен үн қаттың.
Қарапайым қара қызы қазақтың,
Еңбегіңмен бар ақынды жырлаттың».
Ес білгеннен өмірдің мәні еңбек деген ұстаныммен ізінен шәкірт ерте білген абзал Ана тек Жетісу аймағы ғана емес, барша Қазақ халқының біртуар мақтанышы. Жауапкершілік жүгін зор сеніммен арқалаған, ұлы еңбектің көрігін қыздырып, қарапайым сауыншыдан даңқты Еңбек Еріне айналуы Зылиха анамызға Алланың берген бағы деп бағалаймын. Отбасында қажырлы да қадірлі ана, ал қоғамда дала төсін еңбек дүбіріне бөлеген майталман ана бола білген тау тұлғалы бейнесімен, пайым-парасатымен ұрпаққа өшпес үлгі болып қала береді.
Асқар Алпысбаев.