ЖАСТАР БОЛАШАҒЫМЫЗ

ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ...

Санат: ЖАСТАР БОЛАШАҒЫМЫЗ
Уақыты: 20.03.2019
Оқылды: 632 Печать страницы
ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ...

«Жастар – біздің болашағымыз. Оларды жаңа заманда өмір сүруге үйрету – біздің міндетіміз»
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ
    
    Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында 2019 жыл  – Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осы орайда, шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы  мерекеде, яғни, наурыздың 14-і көрісу күнінде Еңбекші ауылдық округіне қарасты Зылиха Тамшыбай атындағы шағын орталығы бар орта мектебінің мәжіліс залында «Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады» атты жастармен кездесу кеші өтті.
Аталған кездесуге облыс пен ауданымызға еңбегі сіңген мемлекеттік қызметкерлер, ардагер ұстаздар, талай-талай биік белестерді бағындырған өнер майталмандары мен ауданның Құрметті азаматтары қатысты.  Атап айтсақ, қазақ киносының алтын қорынан ойып тұрып орын алған «Тақиялы періште» кинофильміндегі Тайлақтың рөлін сомдаған майталман әртіс, ҚР «Мәдениет қайраткері», Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков, білікті заңгер, білім мен руханият  салаларында демеушілік жасап жүретін меценат, «Білім беру ісінің үздігі», Талдықорған қаласының «Құрметті азаматы», Талдықорған Заң колледжінің директоры Мықтыбек Рахимбеков, ҚР «Мәдениет қайраткері», сазгер Мұратхан  Егінбаев, облыстық мәслихаттың депутаты Секенбай Шеңгелбаев, «Жарық Нұр Медиа» ЖШС-нің бас директоры, меценат, жастардың жанашыры Ернұр Қанатұлы, Көксу ауданының «Құрметті азаматы», Зылиха Жанболатқызының замандасы Таңатар Абдрахманұлы, Еңбекші ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Серетай Шеңгелбаев, «Білім беру ісінің үздігі», Көксу ауданының «Құрметті азаматы» Клара Жұмағұлова, Көксу аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дәлелхан Жәніш, «Үш Ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнұр Райымбекова, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Асқар Алпысбаев, «Нұр Отан» партиясы Көксу аудандық филиалының эксперті Дәурен Искаков, Көксу ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Қуаныш Дүйсенбаев.
Назар салып қарасақ, бүгінгі күнде жастар араласпайтын шаруа жоқ. Ауданымыздың қай саласында болмасын жастардың өзіндік қолтаңбалары қалуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған реформалар да мәңгілік Қазақ елі үшін жасалып жатыр. Ал бұл идеяны жүзеге асыратын да, оның жемісін көретін де – мына өскелең ұрпақ, жастар деуге әбден болады. Сондықтан бұндай жасампаз істерден бойларында күш-қуаты тасыған, жігерлері жанып тұрған жастар шет қалмау керек деп ойлаймын. Жастармен кездесудегі негізгі мақсат та осы болды.
Болашақ маман иелерінің бірі заңгер, бірі мұғалім болғысы келсе, енді бірі спорт немесе өнер жолын таңдап жатады. Мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу үшін ұстаздармен, үлгілі тұлғалармен кездестіріп ой бөлісіп, пікір алмасудың маңызы зор. Осы ретте жоғарыда аталған әртүрлі мамандық иелерінің кездесу кешіне арнайы шақыртылуы да бекер емес. Кездесуде мектеп оқушылары қонақтарға өздерін толғандырып жүрген, әрі болашақ мамандықтарына байланысты білгісі келетін сұрақтарын қойды. Басты тақырып жастар жылы болғандықтан, оқушылар өздерін еркін ұстап, болашаққа деген ойларын ашық айтып жеткізді. Жастардың ұтқыр сұрақтары кездесуге қатысқан ата-апаларды балалық шағына саяхат жасатса, тағы бір сұрақтар кеш қонақтарының өмірлік тәжрибелерімен бөлісуге шақырды. Ал, кеш кейіпкерлері жалынды жастардың елге, жерге деген патриоттық рухын оятып, жігерін жанитын мысалдар келтіріп, өнегелі пікірлерін ортаға салды. Осылайша, рухани жаңғыру жолына түскен аудан жастары игі шара шеңберінде тағылымы мол, өнегесі өрнекті кездесуге куә болды. Жалпы кездесу кеші еркін форматта өтті.
Айта кетейік, кеш соңында облыстық мәслихаттың депутаты Секенбай Шеңгелбаев талай жастың бойына қанат бітіріп, білім нәрімен сусындатқан ардагер ұстаз Клара Алдиярқызы мен Дәнеш Әубәкіроваға құрмет көрсетіп, кішігірім сый-сияпатын жасады. Депутат ағамыздың жастардың алдындағы бұл көрінісі болашақ өмірлеріне үлгі болды деп есептеймін. Себебі, кейінгі жас буын алдыңғы толқын ағаларға қарап бой түзейді емес пе?! Қорыта келгенде, өмірден өз орнын тапқан үлгілі тұлғалар мен жас буынның арасында ашық пікір алаңын құру арқылы жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған мұндай жиындар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.