
Елбасымыз халыққа Жолдауында: біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті тұр, - деп жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенімді ақтап, болашағымызды жарқын ету, елімізді өркендету үшін білімді жастар керек. Кез келген ел өзінің болашағын өскелең ұрпағымен байланыстырады. Елімізді өркендетіп, мемлекетімізді көркейту үшін сапалы білім мен саналы тәрбие алу – жастардың басты міндеті.
Ағымдағы жылдың 22 мамыр күні ауданымыздағы Б.Құндақбаева атындағы орта мектебінде аудандық «Жарқын болашақ жастардың қолында» тақырыбындағы кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің, саясатын қалыптастыру, жоғары моральдық – этикалық нормалар мен құндылықтарды арттыру. Бабаларымыздың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері мен жас ұрпақтың жасампаздығы арасындағы сабақтастығын нығайтуды насихаттау.
Кездесуге аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы, аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Қалдыбек, «Адал Ұрпақ» ерікті клубының мүшелері және мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
Тұғыры биік тәуелсіз еліміздің жарқын келешегі үшін атсалысатын жас азаматтарды тәрбиелеп шығу және қоғамдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту – бүгінгі аға буынның міндетінің бірі.
Іс - шараны Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп – гимназиясының «Адал ұрпақ» клубының мүшелері сыбайлас жемқорлық туралы қысқаша айтып, көрініс көрсетті.
Қазақстанның орта білім жүйесінің алдына бүкіл адамзаттық құндылықтар, ұлттық рухани мұралар, адамгершілік пен ізгілік, елжандылық тұғырнамасында қалыптасқан, өзіне-өзі сенімді, ғылыми-теориялық білімділігі мен тәжірибелік қабілеттері арқылы күрделі әлемдік, өмірлік әрі әлеуметтік кеңістікке еркін ене алатын қасиеттерге ие дарынды тұлға тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтары – рухани - адамгершілік тұрғыда оқушыларды өнегелі, жауапкершілігі жоғары, патриоттық рухы бекем болуға баулитын бастама. Ауданның «Адал Ұрпақ» ерікті клубының мүшелері жемқорлықтың жолын кесіп, байтақ қазақ елінің гүлденуіне, шарықтауына өз үлесін қосады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының: «Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіздер. Сендердің озат ойларың мен кемел білімдерің – бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиялда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш» деп, жастарға көрсетілген құрмет пен айқын жолы.
Жалындаған жастарға ізгі ниетін білдірген Алмас Қабдулұлы: «Ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылдық, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әр түрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы. Құрметті оқушылар, әрқашан да адамдық жақсы қасиеттерді сақтап, мақсатты нәтижелерге жету үшін өз мүмкіншіліктеріңмен жетуге тырысыңдар», - деді.
Қай заманда болмасын жас ұрпақтың буынын босатпай, қанатын қатайтып саналы тәрбие беру мен рухани құндылықтарды жас буынның бойына сіңіруде аға буынның алар орны ерекше. Олар кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға бағыт – бағдар береді. Аға және жас буын өкілдері арасындағы байланысты мығым да берік етіп орнатып, жастарға жігер берген ақсақалдардың дария ақылы мен даналығы бүгінгі жасқа өнегелі өсиет. Жастарға қашанда жанашырлық танытып, оларға қолдау көрсетіп жүрген Амангелді Нұрахметұлы: «Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Жас буынға жемқорлықтың орасан зор салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу, ағарту шараларын қолға алу жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, олардың өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына көмектесуіміз керек. Осы тұрғыда ең алдымен «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» деген ұғымның мән-мазмұнына бойлау қажет. Сыбайлас жемқорлықты заманауи қоғамның өзекті мәселесі екендігін айта келе, біз жастарды жемқорлықтан қорғауымыз керек. Тек осылай ғана «Мәңгілік Ел» дамуы мен өркендеуіне өз үлесімізді қоса аламыз.
Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз», - деп жастарға ақылын айтты.
Мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлікте әрекет етуі керек. Сыбайлас жемқорлық – бұл тек қылмыс емес, мемлекеттің тиімділігіне сенімін төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің басты құндылықтарына - тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тек зиянын тигізіп қоймай, сонымен бірге оң нәтижеге жеткізбейтінін естен шығармауымыз қажет! Өйткені сыбайлас жемқорлық тәсілінде параны көбірек беруші ғана жеңіске жетеді. Бір қорқыныштысы – сыбайлас жемқорлықпен айналысу сол тұлға мен оның жақындарының сана-сезіміне залал келтіріп, дүниетанымдарын бұзады.
Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Мемлекеттік міндеттерді атқаратын, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өкілеттіктерін өзгеше пайдалану, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңсыз беру және оларды сатып алу сыбайлас жемқорлық болып есептелінеді. Халық арасында індет аталып кеткен осы дертті жою толықтай жүзеге аспағанымен оны ауыздықтаудың, тежеудің сәті кейде түсіп, кейде шарасыздықтың көбейетіні де рас.
Елбасы алға тартқан міндет жергілікті жерлердегі құзырлы органдар мен қоғамдық ұйымдар жұмысының темірқазығына айналып отыр. Елімізде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» арнайы заңдар қабылданды. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Сондықтан қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен көп болып күресуіміз қажет.