ЖАСТАР БОЛАШАҒЫМЫЗ

ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА

Санат: ЖАСТАР БОЛАШАҒЫМЫЗ
Уақыты: 17.07.2019
Оқылды: 618 Печать страницы
ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА

Биыл Жастар жылына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет арнайы "Жол картасын" әзірлеген болатын. Негізгі басымдық жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, олардың өз кәсіптерін ашу үшін қолдау шараларын жүйелі түрде жүргізуге беріліп отыр. Жалпы елімізде мемлекет тарапынан жастардың әлемдік деңгейге сай білім алуына, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуына баса назар аударылып келеді. Соның бірі - 2009 жылдан бастау алған "Дипломмен ауылға" бағдарламасы.

Мемлекет басымдылық берген «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы елді мекендердегі маман тапшылығын шешуге сеп болуда. Ауылдық аймақтағы сұранысқа байланысты медицина, білім беру және мәдениет саласына білікті, білімді жас мамандар келуде. Олар бүгінде ауылды көркейтуге өз үлестерін қосуда. Еліміз еркіндік алғалы бері, елді дамыту үшін түрлі бағдарламалар орын алып, ғарыштап дамуына қарқынды қадамдар жасалуда. Соның бірі – «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық жердегі кадр тапшылығын бір жолға қоюға бағытталған. Сондай-ақ, жұмыс іздеген жастарға да қолайлы болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Бізді асырайтын ауыл. Қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын шағын шаруа қожалықтарын, қайта қауымдастырып, біріктіру қажет» – деп ашық та, анық айтқан болатын. Ауылға келген жас мамандарға ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы төленіп, баспана алуына да жеңілдетілген несие беріліп келеді.

Жастар ауылдың тіршілігімен, ондағы халықтың өмірімен таныс болғаны дұрыс. Бүгінгі ауылда қызмет етіп жүрген жас, ертең билік басында отыратын басшы. Ол қабылдаған шешімнің қалалық жерде қалай, ауылдық жерде қалай жүзеге асатынын білуі керек. «Көзімен көріп, қолымен ұстап білген» маманды ғана тәжірибелі маман деп атауға болады. Ендеше, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы кадр біліктілігіне қатысты көзге көріне бермейтін, бірақ маңызы зор мәселелердің шешімін табуға ықпал ететіні сөзсіз. Бағдарлама мақсаты – жастарды тек ауылға тұрақтандыру ғана емес, оларды өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтап, ұжымда еңбек ете білуге дағдыландыру, ауыл өмірінің позитивті өзгеруіне белсенді түрде ықпал етуіне мүмкіндіктер. Жастарды шалғай ауылдарға тұрақтандыру үшін бұл бағдарламаға ауқымды өзгеріс енгізіп, әлеуметтік сипатын жаңғырту қажет. 

Аудан көлемінде жалпылай алғанда 40-қа жуық маман осы бағдарлама аясында жұмысқа орналасқан. Солардың арасынан Мұқаншы ауылының білімін одан ары арттырамын деп келген Қайдар Айтжанұлы туралы жазғанды жөн көрдік.

Қайдар - Балпық аулының тумасы. 1996 жылы дүниеге келген. 2014 жылы Қадырғали Жалайыри атындағы мектеп-гимназиясын бітіріп, Жетісу мемлекеттік университетінің педагогика-психология мамандығына оқуға түскен. Одан кейін жас маман «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында жолдамамен Мұқаншы ауылына жұмысқа орналасыпты. Сол ауыл мектебінде ұстаз болып қызмет жасап келе жатқанына бір жылдың жүзі болыпты. Бүгінде Қайдар ауыл халқына беделді, сыйлы.

Қайдар  басында бейтаныс ауылға қызметке келгенде біраз қиындықтар болғанын айтады. Дегенмен қасындағы әріптестері мен ауыл тұрғындарының қолдауымен жас маман өз жұмысына да, ортасына да тез сіңіседі. Бүгінде бір ауылдың жақсы ұстазы болып отырған Қайдар біраз тәжірибе жинақтап, екінші ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуын жалғастыруда.

Қысқаша анықтама:

Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша 2019 жылы жыл басынан бері 13 комиссия отырысы өткізіліп, 45 маманға көтерме жәрдемақы (оның ішінде: білім беру саласында – 30, денсаулық сақтау – 13, әлеуметтік қамсыздандыру – 1, агроөнеркәсіптік кешен – 1.) және 40 маманға бюджеттік кредит (оның ішінде: білім беру саласы бойынша – 25, денсаулық сақтау –11, әлеуметтік қамсыздандыру – 1, агроөнеркәсіптік кешен – 3) берілді.

Қайдар Айтжанұлы осы уақыт аралығында біраз жетістіктерге жеткен. Облыстық "Үздік жас маман" конкурсынан жүлделі 3-орныды иеленген. "Үздік ауыл мектебі" бойынша 2-орын алған. Өз мамандығын ерекше қадірлейтін жас маман қай уақытта да халықтың игілігіне қызмет етуге дайын.

  • Өзім сияқты жастарға айтарым: қолда бар мүмкіндікті пайдаланыңыздар, ауылға барып еңбек етіңіздер! Қазіргі таңда жас мамандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Қалада баспанасыз жүрген жастар ауыл-елдімекендерге барып, баспаналы болып, қызмет етсе, одан артық не керек?! Сондықтан «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға барып, қызмет жасап, туған жердің көркеюіне үлес қосыңыздар. Жастар үшін маңыздысы атақ пен абырой емес, ең маңыздысы, болашаққа деген сенім мен елге деген құрмет, — дейді Қайдар Айтжанұлы.

Қорыта айтқанда,қайнаған тіршіліктің ортасы саналатын ауылды аймақ-жастар үшін үлкен мектеп. Ал нағыз маман сол саланың ісін көзімен көріп қолымен ұстаса ғана қалыптасатыны өздеріңізге белгілі.  Сондықтан шағын ғана ауылдың қиыры көп тіршілігін құрықтай алған бүгінгі жас маман, ертең үлкен саланың білікті қызметкері болары анық. Бұл орайда,бағдарлама түлектері -қазіргі ауылдың ертеңгі мемлекеттің көркеюіне зор ықпалын тигізетін капитал іспетті.

Яғни,ертеңгі ел тұтқасын ұстар нағыз мамандарды  шыңдайтын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы- кадр біліктілігіне қатысты ескеріле  бермейтін, бірақ маңызы зор мәселелердің шешімін табуға ықпал етуші бастама екені сөзсіз.

Диляра ЮСУПОВА.

 

 

 

 

 

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.