АУДАН ТЫНЫСЫ

ҚАЗАНДАҒЫ ОҚИҒАДАН КЕЙІНГІ ОЙ

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 03.06.2021
Оқылды: 1384 Печать страницы
ҚАЗАНДАҒЫ ОҚИҒАДАН КЕЙІНГІ ОЙ

«Тәрбие басы – тал бесік» деген нақыл сөз бар. Біздің ата-бабаларымыз осындай қағиданы ұстанып, дала заңымен даналарды шығарды. Бес қаруын асынып жүрсе де, адам түгіл айуанға да тектен тек қастық қылмады. Не деген текті еді. Тектілігінен тепкі көрмеді. Сол асылдардың сынығы жоғалған жоқ, оны жоғалтуға біздің  еш қақымыз жоқ. Өйткені, біз – ұрпақ тәрбиесімен айналысып, ұлағатты ұл, ибалы қыз өсіріп отырған қасиетті де мәртебелі, киелі орданың қызметшілеріміз.  
Менің бұлай ой толғауыма жақында орын алған  Қазан қаласындағы қайғылы оқиға себеп. Ел іргесінің амандығы, ел ішінің тыныштығы сәт сайынғы жүрегіміздің лүпілінде тұр.
Қазан қаласындағы мектепте болған жағдай білім ордасында қызмет еткен соң бізді алаңдатпай қоймайды. Ең ауыры – сол білім ордасының түлегі өзінің алтын ұя мектебіне төрт жылдан соң қарумен кіріп, оқушылар мен ұстазды қанға бөктірді. Бұған төрткүл дүние дүр сілкінді. Мейлі ол басқа мемлекетте болып жатса да, адамзаттың бәрі бірдей. Сондықтан, Еліміздің Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев та, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та көңіл айту жеделхатын жолдады. Ал Татарстан президенті Рустам Минниханов қайғылы оқиға кезінде зардап шеккен балалардың барлығының отбасыларына жәрдем берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы БАҚ-та ақпарат тарап,  әлеуметтік желілерде жазылды.
Бұл оқиғаны сан қырынан қарастырып, сабақ алуға, ой түюге болады. Мақаламыздың басында айтқандай, тал бесіктегі тәрбиенің әлсіреуі – көп келеңсіздіктердің бастау екені рас. Бұл пікіріммен келіспей «19 жастағы балаға отбасының қандай тәрбиесі керек» деп ойлаушылар табылар, алайда, отбасы тәрбиесінің өзегі – тереңде. Баланың түйсігі отбасында қалыптасып, рухы ана сүтімен бойына дариды. Бұл бір жағы десек, екіншіден, ғаламтормен ауызданып жатқан жастардың психологиялық ахуалы жанды жегідей жейді. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, ғаламтордың пайдасы мен зиянын естен шығармау керек-ақ. Әсіресе, дәл осы жерде тағы да ата-ананың рөлі зор, өйткені жасөспірім бала ақ пен қараны бағамдай алмайды, оның бағдаршамы да, бақылаушысы да ата-ана. Әсіресе дәл қазіргі карантиндик жағдай басталғалы ғаламторға тәуелділік бұрынғыдан бірнеше есе артты. Аяғы енді шыққан баланы «отқа түсіп, суға ағып кетпесін» деп қалай бақылауда ұстасақ, дәл бүгінгі қоғамда ғаламторға байланған баланы да дәл солай қадағалауымыз керек.  Сөзімізге тұздық: біз айтып отырған қанды қол қылмыскер ІТ мамандығында оқып жатқан студент екен... Жыл басынан бері сабағына дұрыс қатыспай, әлеуметтік желілерде өзін «Құдаймын» деп таныстырған ақпараттары жарияланғанын арнайы тексеруші орындар анықтаған. Осыдан кейін-ақ ойлана беріңіз!
Иә, енді тағы бір қырынан қарайық: бәлкім бұл бозбала діни ағымдардың жетегінде адасып жүрген жоқ па?  деген ой келеді. Біздің елімізде де түрлі діни ағымдар бар, мемлекет жұмыс жасап жатыр, оған қоса тағы да отбасындағы тәрбиені күшейту керек деген ой түйемін.
Осындай ойларыммен, барлық тәрбиені тек ата-ананың мойнына салып қоюдан аулақпын. Білім саласының жүйелі жұмыс жоспарында бала тәрбиесі туралы заңды құжаттамалар бар, олар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Мақала соңында әлеуметтік желілерде жазылған ақпараттарға тағы бір тоқталсам: сол қауіпті жағдай орын алғанда вахтер әйел төртінші минутта «тревожный сигналды» басқан. Және гимназия директоры «дауыс күшейткіш дыбыстық байланыс» (громкоговоритель) арқылы «Парта арасына тығылыңыздар! Кабинет есігін кілттеп алыңыздар!» деген хабарламаны дереу дауыстап айтқан. Мектептегі жедел іс - әрекеттің және полицияның ширақ қимылының арқасында талай адам құтқарылған. Бұл мәліметтерді де босқа келтіріп отырған жоқпын, білім саласында жүрген ағартушы мамандар ғана емес, мектептегі кіші қызметкерлер де бала тәрбиесінде үлкен орын алады.  Мақала басында Қазандағы оқиғадан кейін Татарстан президенті аталған мектепте вахтер болып істейтін әйелдің мемлекеттік марапатпен наградталатыны жайлы айтылды. Түсінген жанға осының өзі үлкен өнеге! Ұлыңды тәрбиелесең – халқыңды тәрбиелегенің, Қызыңды тәрбиелесең – ұлтыңды тәрбиелегенің» деген, ұлттық тәрбиеден, отбасы тәрбиесінен ажырап қалмайық! Әркімнің «көз қарашығы»  - балаларымыз дін аман болсын!

Тлеумұрат Сейтнязов,
Көксу ауданының
білім бөлімінің басшысы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.