АУДАН ТЫНЫСЫ

КАРАНТИНДЕГІ БІРЫҢҒАЙ ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ

Санат: АУДАН ТЫНЫСЫ
Уақыты: 03.06.2021
Оқылды: 1398 Печать страницы
КАРАНТИНДЕГІ БІРЫҢҒАЙ ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ

Расында, осы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу бұрынғылардан басқарақ. Өйткені өзгеріс көп. Осы ретте биылғы түлектер мен олардың ата-анасына емтихан ережесі жайлы нақтырақ айтып өткенді жөн көріп отырмыз. Мысалы 2021 жылдан бастап оқушылар ҰБТ-ны бір емес, екі рет тапсыра алады. Сонымен қатар, осы жылы тұңғыш рет компьютер алдында отырып жауап береді.
Биыл электронды форматта өтетін тестілеу 10 сәуір мен 30 маусым аралығында өтеді. Бұл - грантқа үміткер болу үшін тапсыратын сынақтың мерзімі. Бұл жолы оқушылардың алдына бұрынғыдай кітапша таратылып, кейіннен дұрыс нұсқаны жауап парағына белгілемейді. Электронды форматта өтетін сынақтың артықшылығы да сол — алдыңғы сұраққа қайта оралып, жауабына күмәнданса, өзгерте алады. Сақтап, тестілеу аяқталған соң әлгі өзгертілген нұсқа белгіленеді. Бұрын көпшілігі қобалжығаннан қате нұсқаны бояп қоятын болса, енді ондай жағдай болмауға тиіс. Түлектердің ішінде жаратылыстану-математика бағытында тапсыратындарға 240 минут, яғни 4 сағат беріледі. Ал гуманитарлық бағыттағылар үшін одан 15 минут аз, яғни 225 минут уақыт берілмек. Сондай-ақ, компьютерлік тестілеу кезінде екі рет үзіліс жасауына болады. Яғни тестілеуге берілген 120 минут аяқталған соң, үзіліс үшін 15 минут беріледі. Одан кейін бір сағат өткен соң, тағы үзіліс ала алады. Сол уақытта талапкер көзін демалтып не дәретханаға шығып, беті-қолын жуып келсе болады. Тағы бір жаңашылдық, әркімнің уақыты өзінде болады. Ол дегеніміз, «тестілеуді бастау» деп оқушы басқан кезде ғана ол үшін тест басталады. Демек, аудиториядағы басқа оқушылардың уақытына тәуелді болмайды. Бұл да қолайлы. Себебі бұған дейін берілген уақытта жауап парағына белгілеп үлгермеу сынды жағдайлар көп болатын.
Кейбірі электронды форматта өтетінін естіп, үйдегі компьютермен тапсыруға болады деп шатасып жүруі мүмкін. Бұл жерде нақтылай кету керек дүние — сынақтың онлайн өтпейтіні. Оқушылар арнайы тестілеу орталықтарының компьютерінің алдында отырып тапсырады. Көксу ауданының білім бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2020-2021 оқу жылында аудан мектептерінде 11 сыныпта барлығы- 388 оқушы, оның ішінде 321-і қазақ тілінде, 67-ы орыс тілінде білім алуда. Мамыр- маусым айында мемлекеттік грант негізінде оқуға түсуге аудан бойынша 344 оқушы өтініш беріп тіркелген. 6-25 мамыр аралығында 173 оқушы тапсырды, 50%. Бірыңғай ұлттық тестілеу науқаны 30-маусымға дейін жалғасады. ҰБТ пунктіне, яғни Талдықорған қаласындағы №25 орта мектеп базасына тапсырушыларды ата-аналары жеткізіп, кері алып қайтады. Биыл ауданда 388 түлек бітіреді, оның 23-і «Алтын белгі» белгісіне, 20 –сы «Үздік аттестатқа» үміткер. ҰБТ бойынша бүгінгі күнге Қ.Жапсарбаев атындағы орта мектебінің түлегі Ерсұлтан Түркістан есімді 11-сынып түлегі 131 балл алып, әзірге аудан бойынша көш бастап тұр.
Әділет НҰРҒАЛИЕВ, Жетіжал орта мектебінің директоры:
«Елімізде орын алған пандемия жағдайына қарамастан 2020-2021 оқу жылында білім сапасы түскен жоқ. Биыл Жетіжал орта мектебінде 7 оқушы 11-сынып түлектері болса, 6-ы өз еркімен ҰБТ тапсырады. Белгіленген кестеге сәйкес 6 оқушының 4-еуі ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, жақсы көрсеткіш көрсетті. Қазіргі уақытта ҰБТ-ның білім сапасы 75%-ды құрап отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. «Алтын белгі»-ге үміткер оқушымыз Сарсимбек Айгерім 105 балл, «Үздік аттестат»-қа үміткер оқушымыз Шакуадин Айгерім 98 балл жинап, мектебіміздің мерейін асырып отыр»,- деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Жаңа ережелерге сәйкес, оқушылар тестілеуді екі рет тапсыруға құқылы. Яғни екеуінің қайсысында нәтиже жақсырақ болса, университет грантын иелену үшін өткізілетін конкурсқа соны жібере алады.
Қазіргі уақытта ҰБТ санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіліп жатқанын айтып өткен жөн.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.