Көксу ауданында өтіп жатқан республикалық референдумға барлық санаттағы азаматтар белсенді қатысуда. Солардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, дауыс беруге келуде.
Балпық би ауылындағы №234 сайлау учаскесіне келген аудан тұрғыны Доланбаев Серикжан Улдаханович референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Оның айтуынша, ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте әрбір азаматтың дауысы маңызды.
– «Бүгін мен де өз азаматтық борышымды орындап, дауыс беруге келдім. Мұндай маңызды күнде шет қалмай, өз пікірімді білдіруді дұрыс деп санаймын. Әр азамат ел болашағына бейжай қарамауы керек», – дейді ол.
№234 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалған. Арнайы пандустар орнатылып, учаске қызметкерлері сайлаушыларға қажетті көмектерін көрсетуде.
Жалпы, Көксу ауданында референдум күні дауыс беру үдерісі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындар белсенділік танытуда.
