
Ислам – көркем мінез бен әдепке негізделген дін. Исламдағы барлық ғибадат-құлшылықтар осы мақсатта тоғысады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде өзінің жіберілу мақсатын: «Шындығында, мен көркем мінезді кемеліне жеткізу, толықтыру үшін жіберілдім» - деп, жеткізеді. Демек, асыл дініміздің негізгі мақсаттарының бірі адамзатты тәрбиелеу болып саналады.
Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрсеткіші. Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді. Қасиетті Құранда: «... Ол Алла сендерді жерден жаратты әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады...» («Һуд» сүресі, 61-аят). Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Көршімен көркем қарым-қатынас жасау – қоғамды көркейтіп, өмірді ұзартады» (Имам Ахмад) дейді. Абай атамыз «Адамның адамшылығы– ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен. Адамдар әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Айналаны таза ұстауы, қоғамдық орындарды ластамауы, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Дінімізде «Тазалық– иманның жартысы» делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген. Әрбір мұсылман қоғамдық ортаның әдебінен аттамай, басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-әрекеттен аулақ болғаны жөн. Исламның негізгі қағидаларына жататын әдептің бұл түрлері өмірдің қай саласында да нағыз өркениеттің үлгісін көрсетеді. Олар адам өмірімен тығыз байланыса келіп, көркем мінездің ең биік мәртебесіне қол жеткіздіреді. Сондықтан болар, шариғатымызда жеке адамның өмірінде де, қоғамда да сенімділік пен достықты, бауырмашылдық пен жақсылық сүйгіштікті қалыптастыру ісі осы әдеп шеңберінде қалыптасады. Өйткені, әдеп адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында да көрінеді. Ендеше, әрқашан байып сақтап, айналамыздағы адамдармен көркем мінез, мейірім мен игі істеріміз арқылы үлгі болуымыз қажет. Сөзімізден бұрын үлгілі ісіміз бен салихалы амалымыз жүруі керек. Өз ісін тыңғылықты атқаратын, жығылғанға сүйеу, қиналғанға қамқор, айналасына мейірбан бола білген мұндай адамның айтар қарапайым сөзінің өзі айналаға әсерлі уағыз болып, жасаған қарапайым іс-әрекетінің өзі ғибратқа айналады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет жасы үлкен адамдарды құрметтеу дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден бар әдет екенін білеміз. Жасы кіші іні үлкен ағаның алдын көлденең кесіп өтпеуі, үлкендерге дауыс көтермеуі, кездескен жерде үлкендерге төрден орын беру, ақсақалдардан бата сұрау қазақ халқының сүйегіне сіңген әдеті. Ғұмырлық тәжірибесімен басқаларға ғибратты сөзін, ақыл-кеңесін аямайтын, ұрпағын имандылыққа баулитын аталар мен әжелер бар жерде құт-береке де бар. Міне бұл құндылықтардың барлығы да әдептіліктің белгілеріне жатады.
Бұрынғы ғұламалар әдеп туралы небір құнды қанатты сөздер қалдырды. Мысалы, «Әдептілік – арлылық, әдепсіздік – сорлылық», «Әдептілік – әдемілік», «Әдеп – адамның киімі тәрізді. Әдепсіз адам жалаңашқа ұқсайды» деген қанатты сөз әдепті бейнелі түрде түсіндіреді. Әрине, әдеп адамның тәнінің емес, рухы мен жанының киімі. Киім болмаса, ұятты жерлеріміз ашық болып тұратыны сияқты, әдеп болмаса, рухымыздағы кейбір ағат мінездер жұртқа көрініп жүреді. Тағы бір ғалым: «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен құтылады» деген. Ойланып қараңызшы, шындығында, әдепті кісіге қай адам жау болады, қастасады. Ешкімге соқтықпай, құлшылығын жасап, тек жүрген кісімен ешкімнің де ілігі болмасы анық. Керісінше, әдепті кісілерді жұрттың бәрі сыйлайды, тіпті патшадай құрметтейді. Иманның кәмілдігі де мінез-құлықтың көркемдігімен, әдептің толықтығымен байланысты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүминдердің иман тұрғысынан кәмілі– мінезі көркем болғаны» деген хадисі де иман мен көркем мінез арасын байланыстырып отыр. Жалпы алғанда Исламда әдептілік кең әрі үлкен ұғым, шынайы тақуа мұсылман адамды әдеп иесі деуге болады. Ал әдепті құлын Алланың сүйері анық. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбунәсір әл Фараби бабамыз тәрбие туралы «Жақсы тәрбие мен ақыл күші болып екеуі біріккенде-бұлар адамшылық қасиеттері болып табылады» деген екен. «Адамдағы ынсап, әділет, мейрім-үшеуін қосып айтқанда ұждан деген ұғым шығады» - деген Шәкәрім сөзі ар-ұжданның ұялу ғана емес, мейрімділік пен адамдықты, шыншылдықты, қанағатты қажет ететінін танытса керек.
Әдептілік — адам бойындағы жағымды қасиет және әрбір пенде қоғамда қабылданған әдеп талаптарын мінсіз орындауы қажет. Алла тағала баршаларымызды әдептілік жолынан айырмасын!
Еділбек Ерімбет,
аудандық Балпық би
мешітінің бас имамы.