ИМАНАШАР

НӘПСІ ТӘРБИЕСІ

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 10.09.2021
Оқылды: 1215 Печать страницы
НӘПСІ ТӘРБИЕСІ

Ислам тарихында орын алған «Тәбук» шайқасынан кейін, сахабалар сусыз шөл далада шаршап-шалдығып, қарындары аш күйде кері қайтып бара жатқанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Кіші жиһадтан (жорықтан) үлкен жиһадқа (нәпсімен күресуге) оралдық», – деп айтқан. Нәпсімен күресу, оны тәрбиелеу – адам баласының екі дүниеде бақытты не бақытсыз болуын айқындайтын негізгі себептердің бірі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Әлде кім оны кірлетсе, қор болды», – деген («Шәмс» сүресі, 9,10-аяттар). 
Халқымызда «Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, мықты болсаң алдымен нәпсіңді жең», – деп айтылуы тегін емес. Өйткені нәпсіні тәрбиелеу үшін адамның бойында үлкен ерік пен жігер керек.Шәкәрім бабамыздың: 
Адамның сыртқы дене жаралысы,
Нәпсісі – айуанмен анық теңдес.
Бөлектігі – жалғыз-ақ таза ақылда,       
Әлің келсе, жол тап та осыны емдес! – деп айтқанындай, нәпсіні емдеудің, оны тәрбиелеудің өзіндік жолдары бар.
Білікті дәрігер сырқатыңызды анықтап, емделудің жолдарын көрсетіп бергеніндей, қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерінде адам баласының рухани дерттері аталып қана қоймай, оны қалай тәрбиелеудің жолдары да баяндалған. Олар мыналар:
     Бірінші, мұрақаба
Мұрақаба дегеніміз – Алла Тағаланың адам баласының сыртқы және ішкі дүниесін әрдайым бақылап тұрғандығын есте ұстауы әрі оған нақты сенімді болуы. Қасиетті Құран Кәрімде: «Біліп қойыңдар. Алла іштеріңе бүккен ойларыңды түгелдей біледі. Ендеше, (Оның бұйрығына қарсы келуден) сақтаныңдар», – деп ескертеді («Бақара» сүресі, 235-аят). «Сүннеттің анасы» деп танылған хадисте Жәбірейіл періште Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «ихсан» туралы сұрағанда, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Ихсан дегеніміз – Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық ету. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады»,– деп жауап береді. Демек, оқитын намазымыз, ұстайтын оразамыз, беретін зекетіміз, орындайтын қажылық, т.б. амалдарымыз ихсан жағдайында болса, нәпсінің жақсы жағына қарай тәрбиеленуін жеңілдетеді. 
Екінші, нәпсіні жаман 
қалауларынан тыю
Мұсылман адам ішкі қалауы әлдебір ой салғанда, сол істің дұрыс-бұрыстығын саралап барып істеуі қажет. Әйтпесе, нәпсісінің қалауын орындай беру адамды орға жығары сөзсіз. Шал ақын:
Нәпсің бір көкжал бөрідей, 
Иманың бағлан қозыдай. 
Егер тыю салмасаң, 
Иманыңды жеп кетер, – дейді.
Бұрынғы өткен даналар:«Расында шаһуат (нәпсі құмарлық) патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Жүсіп пен Зылиханың қиссасын көрмейсіз бе?» – дейді екен. Шынымен де нәпсісін жамандықтан тыю арқылы Жүсіп Пайғамбар үлкен дәрежеге қол жеткізді. Ал  Зылиха нәпсі қалауына еріп, Жүсіпке жала жауып, соңында ісі әшкере болды. 
Нәпсісін тыйған жанның қияметте орны жәннат екендігі Құранда былайша баяндалады:  «Ал енді кім Раббысының құзырында тұрудан қорқып, нәпсісін жаман қалауларынан тыйған болса, негізінде оның баратын жері жәннат», – деп айтылған («Назиғат» сүресі, 40-41-аяттар). 
Үшінші, нәпсіні әсте-әсте тәрбиелеу «Мұсылман болу әсте-әсте» деп айтылғандай нәпсімізді сатылап, дәрежелеп тәрбиелеудің мәнісі өте үлкен. 
Жүйрік сәйгүліктің үстінде жүйіткіп шауып келе жатқан адам, тұлпарының басын бірден тартып тоқтата алмайды. Олай істеген адам құлап мерт болуы әбден мүмкін. Сол секілді нәпсіні де жаман қалауларынан бірте-бірте тыйған дұрыс. Мысалы, Құранда арақтың харам етілуіне қатысты аяттар үш бөліп түскен. Басында пайдасынан зияны көп екендігі айтылды. Кейін арақ ішкен күйде намазға тұруға тыйым салынды. Аят үшінші рет ескертілгенде арақтың лас, одан алыс болу керектігі бұйырылды. Ол уақытта адамдар арақты жаппай ішкендіктен бірден тастау нәпсілеріне ауыр келетіндіктен, Құран Кәрімде арақ ішу мәселесіне иләһи даналықпен осылайша тыйым салынған. Омырауындағы емізулі нәрестені одан ажырату оңайға түспейді. Олай істер болса баланың керісінше оған деген зауқы одан сайын арта түспек. Анасы оны бірте-бірте ажыратқанда ғана бала қиындықсыз емуін қойып кетеді. Адам нәпсісі де тура осылай. Жылдар бойы істеп, бойы әбден үйреніп кеткен кей істерді адам бірден қойып кетуі өте ауыр. Сайындалада еркін жайылып, қырдың жайқалған көк майса шүйгін шөбін жеп, мөлдіреп аққан суын ішіп жүрген төрт түліктің кез келгенін қолға үйретер болсақ, алғашқыда тар қораға сыймай, күйі түсіп, кең даланың төсін аңсайтыны белгілі. Кейіннен оған бойы үйреніп, уақыт-уақытымен ғана берілетін жем-шөпке де көндігеді. Әбден үйренгеннен соң, далаға қуса да сол тар қорасына айналып келіп тұратын күйге жетеді. Олай болса, нәпсімізді де осылайша бірте-бірте үйреншікті жаман істерден ажыратып, жақсы істерге тұрақтандыруымыз қажет.
Шәкәрім бабамыз: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың», – деген екен.
Төртінші, ықыласпен құлшылық ету
Шынайы ықыласпен атқарылған құлшылық адамның нәпсісін жамандықтан тыйылуына себепші болады. Алла Тағала Құранда намаз туралы былай деп айтқан:«Расында намаз – адам баласын арсыздықтан және жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды» («Анкабут» сүресі, 45-аят). Зекет беру сырттай қарағанда өзгеге пайда келтіретін іс болып көрінгенімен, шын мәнінде адам баласы өзгеге жәрдем беру арқылы өз бойындағы сараңдық,  дүниеқоңыздық, сынды ішкі дерттерден тазарады. Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осыны меңзеп:  «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт (берекеге ұластыр)»,– деп айтқан(«Тәубе» сүресі, 103-аят).
Міне, осы сынды дінімізде көрсетілген барлық парыз, уәжіп, нәпіл және т.б. ізгі амалдар нәпсімізді тазартып, жаман әдеттерімізден арылуымызға дәнекер болады.
Бесінші, ізгі адамдармен 
(ортамен) бірге болу
Адамның жақсылық атаулыға бой үйретіп, жамандықтан жиренуіне ізгі ортаның әсері өте үлкен. Себебі адам ізгі адамдармен бірге болған сайын бойындағы ізгілік сипаттары оянып, жақсы істерге бейімделеді. Сол секілді жаман ортамен араласса, олардың жаман сипаттары жұғады. Алла Тағала Мұхаммед Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Мұхаммед) таңертең және кешке Раббыларына, Оның (разылығын ғана қалап) дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де барынша сабырлылық таныт. Дүние тіршілігінің сән-салтанатына көңілің ауып, оларды көзіңе де ілме. Сондай-ақ жүрегін Бізді еске алудан қаперсіз еткен, нәпсісінің әуесіне ерген және бүкіл ісі шектен шыққан әлде біреулерге бағынба (ерме)», – деп Алланы еске алған, Оның разылығын іздеген жандармен бірге болуды әмір еткен («Кәһф» сүресі, 28-аят).
Нәпсіні тәрбиелеудің бұдан да басқа жолдары көп. Айталық, білімі жоғары, нәпсі тәрбиелеу жолында тәжірибесі бар адамнан кеңес алу, қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде  келген дұға, истиғфар, зікірлерді жиі оқу, т.б. Жалпы, нәпсі тәрбиесі – әрдайым дәрігердің қарауында болған ауыр сырқатқа ұшыраған адамды емдеу тәрізді. Адам онымен әр кез күрес үстінде болуы керек.
Қорыта айтқанда
Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі, 
Бөріге қой алдырмас ердің ері. 
Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса, 
Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері – депШал ақын жырлағандай мұсылман адам әр уақытта нәпсісін тәрбиелеуге ыждаһат жасауы керек. 
Жаратқан Алла Тағала баршамызды нәпсінің айласы мен зиянынан сақтап, аман еткей! 
Әмин! 

Еділбек ЕРІМБЕТ,
Көксу аудандық Балпық би мешіті.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.