ИМАНАШАР

ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ БАРШАҒА МІНДЕТ

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 11.10.2021
Оқылды: 954 Печать страницы
ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ БАРШАҒА МІНДЕТ

Адам баласының өмірі белгілі бір кезеңдерден тұрады. Сәби кезінде әлсіз болып дүние есігін ашып, жастық шағында бойына жігер бітіп, қартайғанында қайтадан бойын әлсіздік билейді. Қасиетті Құранның «Рум» сүресінің 54-аятында Алла Тағала: «Ол сондай Алла! Сендерді әлсіз етіп жаратты, одан соң әлсіздіктен қуаттандырып, күшейтті. Одан соң күштіліктен әлсіретіп кәрілік берді. Алла нені қаласа, соны жаратады, Ол шексіз білім иесі, теңдессіз құдырет иесі», – деп айтқан. Осыған ұқсас «Ясин» сүресінің 68-аятында: «Сонымен қатар Біз кімге ұзақ ғұмыр берсек, оны жаратылысында әлсіретеміз. Олар сонда да ақылға салып ойланбай ма?», – деген. Бұл аяттар шынымен де, біздерді ойлануға шақырады. Қазір бойында жігері тасыған жас адам ертең қартайып, өзі де жәрдемге мұқтаж болады. Кімде-кім жастығында үлкендерге құрмет көрсетсе, ертең қартайғанда өзі де сол құрметті көретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір жас адам жасы үлкенді құрметтейтін болса, қартайған уақытында Алла Тағала оны да құрметтейтін біреуді жібереді» – деген.

Осы себепті де қазақ халқы: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» немесе «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп, ұрпағына әрдайым үлкендерді құрметтеуді үйреткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл турасында: «Кім кішімізге мейірімділік танытпаса, үлкеніміздің қадірін білмесе, онда ол бізден емес», – деп айтқан.

Алла елшісі үлкендерге құрмет көрсетудің әрдайым кемел үлгісі болатын. Ол кісіге (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлдебіреу

сүт немесе су әкелген болса, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі аз ғана ішіп, кейін оң жағында отырған кісіге беретін болған. Егер оң жақтағы кісінің жасы кіші болса, одан рұқсат сұрап үлкен кісілерге ұсынатын еді.

Ата-бабаларымыз үлкенді құрметтеу мәселесіне үлкен мән берген. Мысалы, батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабында, Текебай мен Қабылбектің арасындағы болыс сайлауы болған кездегі дау суреттеледі. Екі жақты егес кезінде Текебайдың баласы Қабылбекке тіл тигізеді. Қабылбектің жасы үлкен болғандықтан, баласы жасы үлкен адамға тіл тигізгені үшін әкесі елу атты адаммен барып, Қабылбектен кешірім сұрайды. Жасы үлкен болса да, өзінен кешірім сұрап кеп тұрған Текебайды Қабылбек «Текті би» деп құрметтеп, жылқы сойып күтіп алып, ардақтап шығарып салады.

Жалпы үлкенді құрметтеуге: бірінші болып сәлем беру, көпшілікте орын беру, дастархан басында төрге шығару, жүргенде артынан жүру, тек жол көрсету мақсатында болса, алдында жүру, өтінішін жерге тастамау, көшеде кездесіп қалса жәрдемдесу сияқты т.б. істер жатады.

XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Фон Шварц қазақ қоғамы жайында былай деп жазған екен: «Сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер-азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді. Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады.

Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар олардың айтқан сөздерін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайды. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналады. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайды». «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» демекші, жасы кіші адам үлкеннің сөзін бөлу, рұқсат сұрамай одан бұрын сөйлеу әдептілікке жатпайды.

Қарт адам әсліз болғандықтан, белгілі бір қызмет пен жәрдемге мұқтаж. Олардың сол мұқтаждықтарын жастар жәрдемдесіп, қызметінде болу арқылы өтеулері тиіс. Даналық сөзде: «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», – делінеді.

Шаңырағында үлкендері бар үй – берекелі үй. Өйткені, шаңырақ иелері оларға тиісті қызметін көрсетіп, ризалығы мен ақ баталарын алуы арқылы дініміздің бұйрығын орындап, үлкен сауапқа кенелуге мүмкіндік алады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны құрметтеу – Алла Тағаланы ұлықтаудың бір түрі болып табылады», – деген.

Халқымыздағы: «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» демекші, үлкенді сыйлауға ата-аналарымыз ғана емес, олардың қарт туыстары мен дос-жарандары да кіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрмет көрсетудің ең жоғарғы түріне, адамның әкесінің жақсы көрген адамдарымен араласуы жатады», – деп айтқан.

Алла Тағаланың әмірлерін бұлжытпай орындайтын мүмін адам ешуақыт қарияларға құрметсіздік қылуына, көңіліне қаяу салуына, өтінішін жерге тастауына болмайды. Әйгілі Қашаған жырау:

«Жетпістен жасы асқанда, Сексенге аяқ басқанда, Жастар елеп келмесе, Келіп сәлем бермесе, Күнде асыл кисе де, Қартайғанда ер жетім», – деп айтқанындай, жастар қадірін білмеген қартты бабаларымыз жетімге балаған.

Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіру – ата-бабаларымыздың ықылым заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі болып табылады. Бұрынғы өткен даналар: «Өзіңнен жасы үлкенді көрсең: «менен жасы үлкен болғандықтан сауапты амалдары да менен көп болар» деп ойлап, оны сыйлай біл, өзіңнен жасы кіші адамды көрсең «менен жасы кіші болғандықтан күнәлі істері менен аз болар» деп ойлап, оны да сыйлай біл» дейді екен.

Алла Тағала қарияларымызға амандық, жастарымызға береке нәсіп еткей!

 

Көксу аудандық Балпық би мешіті баспасөз қызметі

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.