
Көнеден қалған есті сөз: «Ұлттық мәдениеті жоғары дамыған ел кез келген өркениетті деген елден оқ бойы озық тұрады» деген түрік ағайындардың ұстанған берік қағидасы бар. Олардың заман ағыстарында жұтылып кетпей, ұлттық құндылықтарын, ата дәстүрді осы күнге дейін сақтап, қарыштай дамуының мәнісі де осында. Өзінің түп-тамыры, ата-тек болмысынан айнымайтын, ұлттық рухын, ар-намысын асқақ та бекем ұстайтын халық қана біртұтас ұлт болып ұйысып, баянды болашаққа түзу жол түзе алмақ.
Отан - отбасынан басталады. Ал осы отбасының түтіні түзу шығуы жанұядағы әрбір адамның татулығы мен өзара түсіністігінде жатыр. Мемлекетіміз іргесін тіктеп, Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз тек жақсы жағынан өзгерді деуге толық негіз бар. Оған ұзақ жылдарға бағытталған стратегиялық бағдарламалар дәлел. Қазірдің өзінде-ақ, мемлекетімізде отбасы күні мереке ретінде тойланады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аудан халқына, оның ішінде әрбір азаматына үлкен серпін беріп, рухани жаңғыруға жол ашты. -Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі-, деп айтқан Президентіміздің сөзін бойтұмарындай ұстанған облыстық Достық үйіндегі «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі отбасы күніне орай төл мәдениетімізді дәріптеп, байқау өткізді. «Берекелі шаңырақ» деген тақырыпта өткен іс-шараға облысқа қарасты аудан, қалалардан бір бір жанұядан қатысып өзара бақ сынасты. Ұлттық мәдениет пен тілді және салт - дәстүрді сақтау, дамыту; қазақ тілін, мәдениетін және де басқа этностардың тарихи, мәдени құндылықтарын насихаттау; қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру; облысымызда тұратын әр түрлі этностардың салт-дәстүрлерін сақтауға ықпал ету; өскелең ұрпаққа рухани және эстетикалық тәрбие беру; этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыру; үлгілі отбасыларды құрметтеу, өнегелі тәжірибесін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауда отбасылар 4 кезең бойынша, яғни: 1 тур: Спорттық кезеңі «Көңілді старт», 2 тур: Салт - дәстүр кезеңі «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», ер азаматтарға: қошқар көтеру, қой сою, гір көтеру, жылқы ерттеу, ал әйел азаматшаларға: ұлттық тағам әзірлеу, қамыр илеу, бауырсақ пісіру, дастархан жаю; 3 тур: Шығармашылық кезеңі «Ойлы болсаң, озып көр» және 4 тур: Өнер кезеңі «Өнерлінің өрісі кең» бағытында өзара сайысқа түсті. Өзара бақ сынасуға келген отбасылар байқау басталғаннан ақ бір-бірімен танысып, өзара араласып кетті. Барлық кезеңдерде бір бірлеріне қолдау көрсетіп, ауызбіршілік танытты. Ұлттық дәстүрлер ұлықталып, қатысушылар ерекше әсерге ие болды. Отбасы құндылықтарын дәріптеуге қойылымдар қойып, әртістік шеберліктерімен көрермендерге мағыналы ой сыйлады. Әсем әндер шырқалып, билер биленді. Іс-шара соңында қатысушы командалардың жеңімпаздары «Қоғамдық Келісім» ұйымының жүлделі дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша Текелі қаласы Бас жүлдені, Панфилов ауданы 1-орынды, Көксу ауданы 2-орынды және Қапшағай қаласы мен Ескелді ауданы жүлделі 3 орынды иеленді. Байқауға келген адамдар мерекелік көңіл-күйде тарқады.
Талдықорған қаласы.