ӘЛЕУМЕТ

Елбасы - елдің тірегі

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 04.12.2019
Оқылды: 413 Печать страницы
Елбасы - елдің тірегі

Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар беруде Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз.

Сәл тарихқа шегініс жасар болсақ, 1991  жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық  сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы - Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Бұл жаңа мемлекет  қалыптасуының  өтпелі кезеңінде  сенімді  басшыға  өз тағдырын  тапсырған  Қазақстан халқының  жауапты  таңдауы еді. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  салиқалы саясатының арқасында  тәуелсіз Қазақ елі  қалыптасып, тарихымыз  түгенделіп,  тіліміз, дініміз  және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің  ұлттық рәміздері  қабылданды. 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан халқына берген  антын тұтастай  және толық  орындағанын  көрсетті. Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі сол күні-ақ Қазақ Кеңестік Социалистік  Республикасы деп өзгертті. Елміз бүгінде  бүкіл әлемге  танымал жаңа  атқа ие болды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік  тәуелсіздігі туралы» Қазақстан  Республикасының  Заңы 1991 жылғы 16 желтоқсанда  қабылданды. Осы заң негізінде  еліміз өзінің  Тәуелсіздігін жария етті.

Расында да Қазақстанды қазірде әлем мойындайды. Найзаның ұшы, білектің күшімен ата-бабадан қалған елімізді бүгінде 28 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің туын көкке көтеріп, әлем танымастай етіп өзгертті. Елімізде тойланып отырған бұл мерекенің тарихи маңызы орасан зор екені айдан анық. Осы мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шара болып өтті. Қуанышты күннің шымылдығын "Мұқыры халық театры" кемеңгер Елбасының өмір жолынан үзінді көрсету арқылы ашты.

Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы алды:

- Қадірменді аудан тұрғындары! Сіздерді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн - біздің өз тағдырымызды өзіміз айқындауымызға алғашқы нақты қадам жасаған мемлекеттің мерейлі күні.

Ұлт көшбасшысы сындарлы шақта бірлік пен елдікті, татулық пен достықты ту етіп, тәуелсіздікті баянды, егемендікті еңселі ете білді.

Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі мен көреген саясатының арқасында ғасырда жасалар істер қысқа мерзімде жүзеге асты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасында "тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білуде айрықша маңызды" - деп атап айтқандай, қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен 28 жыл ішінде буыны енді беки бастаған ел әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын да паш етіп отыр.

 

 

Бүгінде, Тәуелсіз еліміздің қол жеткізген барлық жетістіктері бірінші кезекте – Тұңғыш Президент есімімен тығыз байланысты.

Қазіргі таңда барша әлем Қазақстанды Н.Ә.Назарбаевтың дана саясаты арқылы таниды десек артық айтқандық емес.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірлігін, Конституциясын, адам мен адамзаттың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып табылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетістіктері Қазақстан халқының орасан зор шынайы құрметі мен сеніміне ие болды.

Егемендігіміз арқасында тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Міне, халық сайлаған Елбасы әрқашан осындай жарқын істердің шыңынан табылып отырды. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялап, егемендік алғанына ширек ғасырдан асты. Осы уақыт аралығында Қазақстанды барша әлем таныды. Әлемдегі жоғары дамыған өркениетті мемлекеттермен тәуелсіз Қазақстан терезесі тең, беделі жоғары, болашағы зор мемлекет болып қалыптасты.

Мәдениетіміз, өнеріміз, экономикамыз, білім мен ғылымымызбен өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылдық.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тек Тұңғыш Президент қана емес, бүгінгі тәуелсіз, экономикасы тұрақты даму жолына түс­кен мемлекетті – Қазақстан Республикасын қалыптастырушы ұлы тұлға екені анық. Ол халық­тың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізді және күллі өркениетті әлемге өзін мойындата білді.

Ұлт көшбасшысының бастамасымен, халқымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қысқа мерзім ішінде бой көтерген Астана, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз, Астанада мәртебелі ұйымның Саммитінің өтуі, 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесінің Қазақстанда өтуі және еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануы осы айтқанымыздың айғағы.

Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдегі қауіпсіз­дікті сақтау, ядролық қарулануға қарсы күресу жолын ұстанған танымал қайраткер.  Және де ол – біздің мемлекетіміздің ғана мүддесі үшін ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде нағыз тарихи ше­шімдер қабылдап келе жатқан тұлға. Сондықтан Президентіміздің қол жеткізген жетістіктері тек Қазақстан халқының емес, түркі тілдес елдердің де ортақ мақтанышына айналып отыр.

Бүгінде біздер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен Қазақстан экономикалық гүлденген, демократиялық және әлеуметтік мемлекет болып қалыптасты деп толық сеніммен айта аламыз.

Көксу ауданы да Қазақстанның барлық аймақтарымен бірге егемен еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

Ауданда көптеген игі істер жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміз күн санап жақсарып келеді.

Бұл - ел бірлігінің, ағайын татулығының арқасы, - дей келе барша жиынға қатысушыларды айтулы күнмен тағы бір мәрте құттықтады.

Әрмен қарай қазақ сатирасында өзіндік қолтаңбасы бар, 15 жыл бойы көрермендеріне күлкі сыйлап жүрген "Бауыржан шоу" театры осы мерекеге арнайы келіп, өз өнерлерін көрсетті. Өмірдің өзінен алынған мысалдарымен көрермен қауымына жақсы көңіл-күй беріп қана қоймай, әндерімен де тәнті етті.

Елбасы - төбеңдегі бақ жұлдызың,

Қаратты өз аузына жердің жүзін.

Сұңғыла саясатпен сара тіліп

Ерітті тарихтағы тоңның мұзы, - дей келе ауданымыздың жезтаңдай әншілері "Елім менің" әнін орындап, игі шараны қорытындылады.

Нұрсұлтан Әбішұлының "Тарих толқынында" еңбегі барысында 1999 жылы Мұхтар Құл-Мұхамедке берген сұхбатында: "Мен Елбасы болсам да, қазақ деген атасын ардақтап, анасын сыйлаған, әруағын қастерлеп, Алласына сыйынған елдің бір перзентімін" деген сөзінен оның ұлылығы мен көрегенділігін айқын түсінгендейміз. Осы сөз кейінгі ұрпаққа қарапайымдылық пен ізеттіліктің не екенін үйретері сөзсіз.

Мереке құтты болсын, ағайын!

 

Диляра ЮСУПОВА.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.