ӘЛЕУМЕТ

Талапты ауылында Ту тұғырының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 04.06.2026
Оқылды: 27 Печать страницы


4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Лабасы ауылдық округіне қарасты Талапты ауылында Мемлекеттік Ту тұғырының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «35 ауыл – 35 Ту тұғыр» патриоттық жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру және ел бірлігін нығайту.

Ту тұғыры туған жеріне тағзым жасап, ауылдың дамуына үлес қосуды мақсат еткен 1996 жылғы түлектердің демеушілігімен орнатылды. Бұл игі бастама туған ауылға деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің және елжандылықтың жарқын көрінісі болды.

Салтанатты рәсім барысында лента қиылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көкке көтерілді. Жиналған жұртшылық Мемлекеттік Әнұранды бірге орындап, ел рәміздеріне деген құрметін білдірді.

Мерекелік жиында Көксу ауданының әкімі Дәулет Кенжеханұлы Халелов, Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы және 1996 жылғы түлектер сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын маңызды құндылық екенін атап өтті. Сондай-ақ олар жастарды елін, жерін сүюге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақырды.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасып, ауыл тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Патриоттық әндер шырқалып, мерекелік атмосфера көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.

Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен мақтанышы. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, еліміздің мерейі асқақтай берсін!

         
   «Нұрлы Көксу» газетінің тілшісі Азина ТОҚТАРМАН

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.