ӘЛЕУМЕТ

Балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 12.08.2026
Оқылды: 3 Печать страницы

 

Баланың өмірі мен денсаулығы – әр отбасы үшін ең басты құндылық. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Баланы түрлі қауіп-қатерден қорғау үшін ересектер тарапынан тұрақты бақылау, қамқорлық және түсіндіру жұмыстары қажет.

Осыған байланысты ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, күнделікті өмірде қарапайым сақтық шараларын сақтаудың маңызын түсіндіруі тиіс.

Су айдындарындағы қауіпсіздік – жаз мезгілінде ерекше назар аударуды қажет ететін бағыттардың бірі. Балаларды суға ересектердің қарауынсыз жібермеу, белгіленбеген жерлерде шомылуға жол бермеу және судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қажет.

Сонымен қатар терезеден құлап кетудің алдын алу да маңызды. Кішкентай балаларды ашық терезенің маңында қараусыз қалдырмай, терезелердің қауіпсіздігіне көз жеткізу керек.

Жол қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше мән берген жөн. Балалар жолдың жүріс бөлігін тек белгіленген жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өтіп, бағдаршам талаптарын сақтауы қажет. Ата-аналар балаларына жол қозғалысы ережелерін үнемі ескертіп отырғаны дұрыс.

Әсіресе кешкі және түнгі уақытта балалардың қауіпсіздігіне мұқият болған жөн. Баланың қараңғы уақытта көшеде жалғыз жүрмеуін, үйге белгіленген уақытта оралуын қадағалап, оның қайда жүргенін және кімдермен араласатынын біліп отыру – ата-ананың маңызды міндеті.

Баланың қауіпсіздігіне қатысты кез келген ережені тыйым ретінде емес, оның өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған қажетті шара ретінде түсіндіру маңызды.

Қауіпсіздік отбасынан басталады!

Әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, қарапайым сақтық шараларын күнделікті әдетке айналдырса, көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады.

Заң және тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі.

#ЗаңЖәнеТәртіп #БалаларҚауіпсіздігі #Көксу #Полиция #Балалар #Қауіпсіздік #ЖолҚауіпсіздігі #ЖетісуОблысы #102

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.