Көксу аудандық полиция бөлімі мен Көксу жастары орталығының бірлесуімен «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға бағытталған «Анти граффити» акциясы ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, заңсыз граффитидің алдын алу және жастар арасында қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Іс-шара барысында қатысушылар елді мекен аумағындағы рұқсатсыз салынған жазулар мен суреттерді анықтап, оларды тазарту жұмыстарын жүргізді.
Заңсыз граффити – қоршаған ортаның көркін бұзып қана қоймай, қоғамдық және жеке меншік мүлікке зиян келтіретін әрекеттердің бірі. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті.
Акцияға белсенді қатысқан жастар өздерінің туған жерге деген жанашырлығын көрсетіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосты. Жастардың осындай игі бастамаларға белсенді араласуы олардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Анти граффити» акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірлескен іс-шараларды күшейтуге жол ашады.
Таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – баршамызға ортақ жауапкершілік. Қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және ортақ мүлікті қорғау арқылы әр азамат өз ауылының көркеюіне үлес қоса алады.
