«Таза қала – заңға құрмет» республикалық акциясы аясында Көксу ауданында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді.
Көксу аудандық полиция бөлімінде жаңадан ашылған Жедел басқару орталығының (ЖБО) қызметкерлері патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздік жағдайын бақылауда.
ЖБО-ның бейнебақылау камералары арқылы жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактілері жедел анықталып, әрбір құқық бұзушылық бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда. Бейнебақылау жүйесінің тиімді қолданылуы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтауға және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударуда.
«Таза қала – заңға құрмет» акциясының басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың заң талаптарына деген жауапкершілігін арттыру.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік – баршаға ортақ міндет. Заң талаптарын сақтау және белгіленген ережелерге құрметпен қарау – қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырудың маңызды кепілі.
