Көксу ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында арнайы мобильді топтың қатысуымен профилактикалық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мобильді топ өкілдері халық көп шоғырланатын қоғамдық орындар мен елді мекендердің ішкі көшелерін аралап, аумақтардың тазалығы мен абаттандыру талаптарының сақталуына бақылау жүргізді.
Рейд барысында елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, сондай-ақ жасыл желектерге зиян келтіру фактілері анықталды. Тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы 1-бөлігіне сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде құқық бұзушыларға 16 әкімшілік ескерту беріліп, 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде 2 әкімшілік айыппұл салынды. Аталған фактілер бойынша тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жауапты мамандар абаттандыру талаптарын сақтау – елді мекендердің көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызды шарты екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы мұндай рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталатын болады.
