Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты негіздерінің бірі – заң мен тәртіптің сақталуы. «Заң және тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Көксу ауданында аталған қағидатты жүзеге асыру мақсатында құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал ұрлығына жол бермеу және абаттандыру талаптарының орындалуын бақылау бағытында рейдтер мен түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылуда.
Заң талаптарын сақтау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Өз құқығы мен міндетін білу, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, айналадағы адамдардың құқықтарын құрметтеу – құқықтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші.
Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше мән беріледі. Түрлі кездесулер, пікірталастар мен профилактикалық акциялар арқылы жас буынға заңды құрметтеудің, азаматтық жауапкершіліктің және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызы түсіндіріледі.
«Заң және тәртіп» – жазалау ұғымымен ғана шектелмейтін, ең алдымен, заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратын маңызды қағидат. Әр азамат заң талаптарын сақтап, қоғам тыныштығына өз үлесін қосқанда ғана қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптасады.
Сондықтан заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және құқық бұзушылыққа немқұрайды қарамау – баршаға ортақ міндет. Қоғамның қауіпсіздігі мен елдің тұрақты дамуы әрқайсымыздың жауапты әрекетімізден басталады.
Жамбыл ЖАНАТҰЛЫ
