ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Санат: ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ
Уақыты: 03.09.2021
Оқылды: 866 Печать страницы
ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адалдығымен, парасаттылығымен ел есінде жүрген тұлғаларымыздың ғибратты ғұмырын жастарға үлгі – өнеге ету халқымыздың бір үлкен дәстүрі. Осындай тұлғалы аналарымыздың бірі –
Еңбек ері болыпсың,
Есіткем сенің атыңды.
Құттықтаймын сені қуанып,
Құп ал, құрбым, хатымды
-деп қазақтың тарлан ақыны Ж.Молдағалиев «Мәмиләға сәлем хат» атты өлеңінде жырлаған, ауданымыздың, ауылымыздың мақтанышы Социалистік Еңбек Ері Мәмилә Әлімбаева дер едік. Биыл, осы қазақтың аяулы қызының туғанына 105 жыл толып отыр. Қазақ тарихындағы абыз, батыр аналарымыздың ұлағатынан нәр алған Мәмилә Әлімбаева апамыздың есімі қазақтың танымал еңбек ардагерлерінің арасынан ойып тұрып орын алған тарихи тұлға десек те болады. Мәмилә апамыз бойына табиғат  дарытқан еңбекқорлық, төзімділік пен қайсарлықтың арқасында шыңдалып, алдынан шыққан қиындықтарды жеңіп, бейнет жүгін еңсере білді. Даралық негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, тағдырының таңдауына айналған ісін абыроймен атқара білді.  Әр адамның тағдыры төңірегінде сөз етсек, әрқилы өмір өткелінен өткендігіне көз жеткізетіндігіміз анық. «Бақыт кілті еңбекте» дейді халық даналығы, осы қағиданы бойына дарытып, таңның атысы, күннің батысы жасыл желекті қызылша алқабында бүкіл саналы ғұмырын өткізіп, өзінің адал еңбегінің жемісін, жеңісін көрген, өңіріне «Алтын жұлдыз» таққан ардақты анамыз – Мәмилә Әлімбаева 1916 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын егіс алқабынан бастап, қызылша өсірумен айналысып, кейін қызылшашылар звеносын басқарды. Кезінде техника демей, бар жұмысты қолмен атқарды.  Дақылды жас балаша баптады. Соның нәтижесінде Мәмилә апа басқарған звено 5 гектар егістің әр гектарынан орта есеппен 580 центнер, жоғарғы өнімді жерден 815 центнер тәтті түбір алды. 1948 жылы ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі  және қант қызылшасын  өсірудегі үздік көрсеткіштері үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ардақты ер ана – Мәмилә Әлімбаеваның өмір жолы – ұлтымызға өнеге, жас ұрпақ өкілдеріне тағылым мен тәрбие.

Гүлсара Бурлибаева,
Мәмбет ауылдық кітапханасының кітапханашысы. 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.