
Қазақстан Республикасның Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай "Тәуелсіздіктің тірегі - білімді ұрпақ" атты дөңгелек үстел өтті. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Қайсар рух пен қара күшті қару етіп, еркіндік үшін күрескен бабаларымыздың ерлік жолындағы күресі бүгінгі таңда айбыны аспан тіреген тәуелсіздік тұғырын биіктетті. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда.
Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық да¬му жолындағы қарқынымыз, жастар¬дың қоғамдық-саяси өмірдегі ұс¬танымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте тәрбие мазмұны мен жастарды тәрбиелеу ісі олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударуға тиіспіз. Әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Еліміздің бейбіт аспанында қазақ жастары тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуға жұмыс жасаймыз. Ел сенімін, үмітін ақтау – жастардың қолында.