
Жетісу жерінің Ел анасы - Социалистік Еңбек Ері атанған Зылиха Тамшыбаева тірі болса 5 қазан 85 жасқа толушы еді. Қабырғаны қайыстырған қазаның орны толмасы анық, болған іске болаттай беріктік танытқан ұрпақтары анасын еске алып, аруағына құран бағыштады, алыс-жақын ағайындарға, ауыл қарияларына арнап ас берді.
Еңбегі бағаланып, есімі берілген Зылиха Тамшыбай ауылы басқа ауылдардан ерекше. Ауылға кіре берістен ақ тазалықтың әлі де сақталғанына тәнті боласың. Зылиха Жанболатқызының кең форматта ілінген суреті мен айтқан сөздері қазір де ұрпақ санасында жаңғырып тұрғандай әсер қалдырады. Ауылдың мәдениет үйінің алдынан ашылған ескерткіші мен еңбек жолын баяндайтын қабырғадағы ақпараттар әрбір ауыл азаматын еңбекке тәрбиелеп тұрғандай.
Бұл басқосу мерейтойға қарағанда сағынышпен еске алу кешіне көбірек ұқсайды. Қабырғаны қайыстырған қазаға, Ел анасының арамызда жоқтығына жұрт әлі де сенбейді.
Қазан айының алтыншы жұлдызында Тәуелсіз мемлекетіміздің 30 жылдығына сәйкес келген Зылиха Тамшыбаеваны ң 85 жылдығына орай еске алуға арналған жиын өтті. Аудан көлемінде ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Жамбыл Бейсенбай, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Қисметов, ауыл әкімі Асқар Алпысбаев, Зылиха Жанболатқызының көзін көрген ел ағалары мен ауыл тұрғындары және марқұмның отбасы қатысты. Алдымен гүл шоқтары қойылып, ас берілді. Асқа келген Жомартқали Жексембинов, Болат Қисметов, Сайлаубай Бәзілұлы сынды ел ағалары Зылиха апамыздың қызметтегі, өмірдегі сәттерін айтып еске алды. «Алматыдағы ауыл шаруашылығына қатысты ірі басқосуларда, мерекелік жиындарда мінберге шығып, қадау-қадау мәселелерді айтқанда, зал іші сілтідей тынатын. Оның мәнді сөзіне, ауыл шаруа-шылығы мәселелерін терең білетіндігіне сүйсінбейтін жан қалмайтын. Отты көздері апаның ішкі қуатын, жігерін, тіпті ер-азаматтардың өзінде сирек кездесетін тік, өткір мінезін айтып тұратын. Ал жақын сөйлесе қалғанда өзімнің туған апамдай, арқамнан қағып, айналып-толғанып, үй ішімнің, балаларымның амандығын сұрап жататын. Атағы алысқа дүркіреп кетсе де, ол ылғи да биік адамгершілік тұғырынан төмендеген емес, кісілігі мол, бекзат жан еді. Зылиха апамның өмірі де бір дастан ғой. Ол ешқандай сүйеусіз, сүйемелсіз, өзінің таза еңбегімен биік тұғырға көтерілді. Қазақ қызының қолынан қандай іс келетіндігін айдай әлемге дәлелдеп берді. Қазақстанда ауыл шаруашылығын көтеруге, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеуге атсалысқандардың қатарында Зылиха Тамшыбаеваның орны ерекше. Қырық жылға жуық бір шаруашылықты басқару екінің бірінің қолынан келе бермейді»,- деп өз көрген-білгендерімен бөлісті. Ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешу оңай тірлік емес және ол ешқашан таусылмайды. Зылиха Жанболатқызы осының барлығын жік-жігімен шеше білді, Жетісу өңіріндегі ең артта қалған шаруашылықты алға шығарып, ауыл адамдарының тұрмысын көтерді. Бір ауылдың анасындай болды. Халық өзінің біртуарларын ұмытпақ емес. Көз көргендердің айтуынша, қиын замандар мықты, рухты адамдарды дүниеге әкеледі. Тамшы ғұмыр иесінің өмір жолы әрбір көксулықтарға мәлім. Анасын еске алып көздеріне жас алған ұл қыздары неткен бақытты дерсің. Олай айтуымыздың себебі, Зылиха апамыз анасы Бибіштен ерте айырылды. Анасындай мейірім бере алмаса да әкесі барынша мәпелеп өсірді. Алдымен оқимын демеді, ерте еңбекке араласты. Қиындықты жастайынан көріп өскен қаршадай қыз мойымады, керісінше қатая түсті. Болаттай берік болуды үйренді. Соған қарамастан жүрегіндегі жылулығын өшірмеді. Ерте жасынан еңбекке араласып, бейнеттің зейнеті де болатынын ұқты, өзгелерді де осы жолға салып тәрбиеледі. Еңбегің елдің есінде жүреді, ал есімің ұрпағыңның болашағына қызмет ете береріне сенемін. Замандастары ол кезде ауылдан нәпақа табатын жұмыс болмағандықтан ауыл адамдары сыртқа кетуге мәжбүр болғанын айтады. Осы жағдайды, оның салдарын тереңінен түсінген Зылиха апамыз кеткен жастарды қайта келтіртіп, қант қызылшасымен айналысуды бастап кетті. Нұрмолда Алдабергеновтан бата алған ауыл басшысы қамбаны астыққа толтыртып, ауылдың әл-ауқатын көтерді. Ауылдың гүлденіп көркеюі үшін де аянбады, білім мен мәдениетті де қатар алып жүрді, ата-аналары жұмыс жасаса, балалары білім алып, өнермен сусындады. Жоқты бар етті, барды тау етті, халқына берген уәдесін орындап, барлық жағдайды жасады, халықпен араласып, біте қайнасты. Ауылды сол кездегі ауылдардың ішінде алдыңғы қатарға шығарды. Соның арқасында ауылдың аты бүкіл Кеңес Одағына әйгілі болды. Қаншама ер азаматтардың ісін бір өзі атқара алатын қазақтың қаршадай қызын Дінмұхаммед Қонаев та жоғары бағалап, өзге ауылдарға үлгі етті, даңқын асырды. Елім деп соққан жүрегі көз жұмғанынша елінің ертеңін жарқын етуге ұмтылды. Ақыл сұрап келгендерге балаларын ағылшын тілін, жаңа кәсіпті меңгеруге, көлік жүргізушілікті үйренуге ынта қоюын басты бағыт деп білді. Себебі, қара жұмыстың дәуірі кетіп, цифрлық, ақпараттық, білімнің заманын келгенін ана жүрек сол кезден ақ сезгендей. Зықа деп еркелететін әріптестерінің әңгімелері ел анасын қайта ортамызға алып келгендей әсерге бөледі. Журналистиканың майталманы марқұм Бейсен Құранбектің дайындаған бейнеролигі Зылиха Жамболатқызының бейнесін көз алдымызға келтірді. Орнында бар оңалар демекші, келген қадірлі қонақтар ұл-қыздарына ақ баталарын жаудырып, анасын сағынып келген жүректердің шөлін басты. Содан соң, ауылдың мәдениет үйінде Мұқыры халық театрының Зылиха Тамшыбаеваның өміріне құрылған көрініс сахналанып, ауданның өнер саңлақтары әннен шашу шашты.
Меруерт РАХМИШОВА,
Зылиха Тамшыбай ауылы.