. Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп, әлемдік аренада өзін тұрақты әрі бейбітшіл ел ретінде таныта білді. Мемлекетіміздің сыртқы саясаты да бейбітшілік қағидаттарына негізделген. Еліміздің ішкі тұрақтылығы мен ұлтаралық келісімі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының жүйелі жұмысының нәтижесі. Бұл институт этносаралық қатынастарды нығайтып, қоғамдық тұрақтылықтың кепіліне айналды.
Көксу ауданы да елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Ауданымызда түрлі этностардың мәдени орталықтары жұмыс істеп, өзара түсіністік пен достық қарым-қатынасты дамытудың жарқын үлгісін көрсетуде.
Көксу ауданының аумағында 10 ауылдық округ, 34 елді мекен бар, Көксу ауданында бүгінгі таңда халық саны 41634 адам, оның ішінде 19 ұлт өкілдері бар.
Сонымен қатар, 2 тіркелген этномәдени орталық жұмыс істейді (орыс, әзірбайжан), 3 тіркелмеген (ұйғыр, корей, татар), 16 діни бірлестік тіркелген.
Аудан көлемінде қоғамдық келісімді және жалпы ұлттық бірлікті нығайту, тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар өткізілуде. Түрлі ұлт өкілдері бірлікте өмір сүріп, «Масленица», «Көрісу күні», «Наурыз» сынды ұлттық мерекелерді бірге атап өтуде. Қоғамдық келісімді нығайту мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды, оның ішінде: ауыл тұрғындарымен кездесулер, мектептерде семинарлар мен байқаулар өтті.
Жастар арасында мемлекеттік тілді дамыту және этносаралық татулықты нығайту бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Әртүрлі этностар тұрғындарымен кездесулер мен коммуникациялар, жергілікті қоғамдық пікір көшбасшыларымен тұрақты түрде жұмыс атқарылуда.
Биылғы - 2025 жыл атаулы даталарға толы жыл, соның ішінде ҚХА-ның 30 жылдық мерей тойы аталынып өтуде.
1. Көксу ауданы аумағында этносаралық қатынастарды дамыту, нәсілдік кемсітушілік көріністері фактілерінің алдын-алу және уақытылы жолын кесу бойынша жүйелі және дер кезінде жұмыстар атқарылуда.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Көксу ауданының полиция қызметкерлері қылмыстық жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
Балпық би ауылындағы этностық топтар жинақы тұратын мешітте үнемі жұма күндері имамдардың уағыздары мен дәрістерінің мазмұнына дінтанушы теолог маманымен бақылау жұмыстары жүргізілуде.
2. Көксу ауданында әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсету мақсатында түрлі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. «Нахичивань» Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы, «Koksu jastary» орталығы және іскер әйелдер кеңесі бірлесіп, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетті. Сонымен қатар, еліміздегі өткен төтенше жағдайларға аудан кәсіпкерлері мен қоғамдық ұйымдары төтенше жағдай орын алған өңірлердегі отбасыларға, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп, азық-түлік, киім-кешек және қаржылай көмек таратылды.
Қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасады.
Қорытындылай келе, Қазақстанның басты құндылығы – бейбітшілік, бірлік және келісім. Бұл құндылықтарды сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Бірлігіміз бекем болып, ынтымағымыз нығая берсін!
Ардагүл ӘСКЕРБЕК,
"Нұрлы Көксу" газетінің бас редакторы.