М.Құрманов атындағы орта мектепте оқушылар арасында «Конституция – менің қорғаным» тақырыбында плакаттар байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа Ата Заңның маңызын кеңінен түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Байқау барысында оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, Конституцияның адам өміріндегі рөлін айқындайтын мазмұнды әрі көркем плакаттар ұсынды. Жұмыстарда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, заңның үстемдігі, әділ қоғам құру қағидаттары және бейбіт өмірдің кепілі ретіндегі Конституцияның маңызы жан-жақты көрініс тапты.
Қатысушылар өз ойларын сурет арқылы шебер жеткізіп, Конституцияның әрбір азамат үшін сенімді қорған, тұрақтылық пен бірліктің негізі екенін көрсете білді. Қазылар алқасы оқушылардың идеялық мазмұнына, шығармашылық ізденісіне және көркемдік шешіміне ерекше назар аударды.
Аталған шара оқушылардың құқықтық мәдениетін дамытуға, ел болашағына бейжай қарамайтын, заңды құрметтейтін саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталды. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жас буынның азаматтық көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

