Көксу аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен Мәдениет қызметкерлері күніне орай «Ел мәйегі – мәдениет» атты тағылымы мол, рухани кеш жоғары деңгейде өткізілді. Тағылымды шараның басты мақсаты – мәдениет саласында еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және өскелең ұрпаққа өнеге болар тұлғалардың өмір жолын таныстыру болды.
Кешке мәдениет саласының өкілдері, жастар, кітапхана оқырмандары және аудан тұрғындары қатысып, рухани атмосфераға толы әсерлі сәттердің куәсі болды. Шара барысында ұлттық тәрбие, өнер мен мәдениеттің қоғамдағы орны, руханияттың маңызы жөнінде мазмұнды әңгімелер өрбіді.
Кездесу кешінің құрметті қонақтары қатарында Көксу аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Гүлнәз Мырзағалиқызы, өнегелі өмірімен көпке үлгі болып жүрген Жанғабыловтар отбасы және ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Шаяхметовтар отбасы болды. Қонақтар мәдениет пен өнер саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық салт-дәстүрді сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында қатысушыларға әсем әндер шырқалып, ұлттық рухты көтеретін әсерлі музыкалық нөмірлер ұсынылды. Сонымен қатар түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, көрермендер белсенділік танытып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Кештің әр сәті жылулық пен сыйластыққа толы болды.
Әсіресе, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың қоғамдағы рөлі ерекше атап өтіліп, олардың ел руханиятын дамыту жолындағы елеулі еңбектері жоғары бағаланды. Өнер мен мәдениет — ұлттың рухани тірегі екені айтылып, мәдениет қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне алғыс білдірілді.
Кеш соңында Көксу аудандық кітапханасының директоры Түстікбаева Айгерім Айдарқызы сөз сөйлеп, мәдениет саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде мәдениет қызметкерлерінің ел руханиятын дамытудағы еңбегі зор екенін атап өтіп, олардың шығармашылық табыстарына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Көксу жастар ресурстық орталығының филиал жетекшісі Сайланбай Абылай да ізгі лебізін білдіріп, мәдениет саласының мамандарына алғысын жеткізді. Шара соңында қонақтарға арнайы сый-сияпаттар табысталып, естелік суреттерге түсірілді.
«Ел мәйегі – мәдениет» атты бұл кеш қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, мәдениет пен руханияттың қоғамдағы орны әрқашан биік екенін тағы бір мәрте айқындады. Осындай мазмұнды шаралар арқылы ұлттық құндылықтар дәріптеліп, жастардың рухани тәрбиесіне оң ықпал ететіні сөзсіз.
Өз тілшіміз
