ЖАҢАЛЫҚТАР

КӨКСУ АУДАНЫНДА 15 ОТБАСЫ ЖАҢА БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Санат: ЖАҢАЛЫҚТАР
Уақыты: 18.06.2026
Оқылды: 20 Печать страницы

 

Көксу ауданында тұрғындарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Аудан тұрғындары үшін ерекше маңызға ие қуанышты оқиға орын алып, тұрғын үй кезегінде тұрған 15 отбасы жаңа баспананың кілтіне ие болды.

Жаңа тұрғын үйлердің кілттерін табыстау рәсіміне Көксу ауданының әкімі Дәулет Кенжеханұлы Халелов қатысып, қоныс иелерін айтулы қуаныштарымен құттықтады. Сондай-ақ салтанатты шараға «Отбасы банк» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Мұратұлы қатысып, тұрғындарға ізгі тілегін білдірді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, аудан көлемінде тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік мәселелерін шешу және қолжетімді тұрғын үймен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

– Баспана – әрбір отбасының бақыты мен берекесінің бастауы. Бүгінгі қуанышты сәт жаңа қоныс иелері үшін ғана емес, ауданымыз үшін де маңызды оқиға. Мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады, – деді аудан әкімі.

Жаңа үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған және әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтарға берілді. Бұл бастама тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталып, қоныс иелері қуаныштарымен бөлісті. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлық үшін ризашылықтарын білдіріп, көптен күткен армандарының орындалғанын айтты.

Жаңа баспаналы болған отбасылар үшін бұл күн ерекше есте қалатын сәттердің біріне айналды. Себебі баспана – тек тұрғын үй ғана емес, әр шаңырақтың берекесі мен бақытының негізі. Өз үйінің болуы отбасының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп, балалардың жайлы ортада өсіп-жетілуіне мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Көксу ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа үйлер салынып, халықтың тұрғын үйге деген сұранысын қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде.

Тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.

Жаңа қоныс иелерін көптен күткен қуаныштарымен құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық, береке-бірлік, бақ-дәулет пен шаттық тілейміз. Жаңа баспаналарыңыз құтты болып, әр отбасының төрінен бақыт пен қуаныш арылмасын!

Ардагүл ӘСКЕРБЕК

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.