ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАРТЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

Санат: ЖАҢАЛЫҚТАР
Уақыты: 18.06.2026
Оқылды: 23 Печать страницы

Қайырымдылық акция

 

Қоғамда аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалап, жастарға өнеге ету мақсатында Көксу ауданында «Қартым – асыл қазынам» акциясы аясында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері мен Көксу жастары белсенді қатысып, игі істің ұйытқысы болды.

Акция барысында жастар Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға, Ирак еліндегі қақтығыстарға, Зайсан өңіріндегі жер сілкінісінің салдарын қалпына келтіру жұмыстарына, сондай-ақ Арыс пен Тараз қалаларында орын алған төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға қатысып, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарған ардагер Бақытжан Шәкірұлы Бақтыбаевтың әкесінің үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

Шара барысында аула аумағы тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардан тазартылып, арамшөптер жұлынып, аумақ ретке келтірілді. Сонымен қатар, қоршаулар сырланып, үй маңын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жастар өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, еңбекқорлық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.

Мұндай қайырымдылық және еріктілік шаралары жастардың бойында үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсету сияқты ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен еңбек жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау арқылы патриоттық тәрбие берудің маңызы зор.

Бақытжан Шәкірұлы Бақтыбаев – ел басына күн туған сындарлы кезеңдерде түрлі төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жұмыстарына қатысып, азаматтық жауапкершілік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен тұлға. Осындай азаматтардың ерлігі мен еңбегін жастар арасында дәріптеу – олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, елжандылық рухын нығайтуға ықпал етеді.

Іс-шара барысында жастар ардагер отбасының жағдайымен танысып, аға буын өкілдерімен әңгімелесті. Кездесу барысында үлкендер өз өмір жолдары мен еңбек тәжірибелері туралы айтып, жастарға ақыл-кеңестерін берді. Бұл өз кезегінде ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, рухани сабақтастықтың жалғасуына мүмкіндік берді.

«Қартым – асыл қазынам» акциясының басты мақсаты – қоғамда қарттарға деген құрметті арттыру, олардың тұрмыстық жағдайына қолдау көрсету және жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту. Осындай шаралар арқылы жас буынның бойында мейірімділік, жанашырлық, жауапкершілік және адамгершілік қасиеттер қалыптасады.

Көксу ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы өзара сыйластық пен ынтымақты нығайтуға қызмет ететін болады. Өйткені аға буынға көрсетілген құрмет – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және өнегелі қоғам қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі.

 Өз тілшіміз

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.