Құрылтай депутаттарының сайлауы – заңдылық, ашықтық және әділдік қағидаттарына негізделген маңызды саяси науқан. Сайлауды ұйымдастыру барысында барлық рәсімдердің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтуіне ерекше көңіл бөлінеді.
Бүгінде өңірлерде сайлауға дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сайлау учаскелерінің әзірлігі тексеріліп, қажетті ұйымдастырушылық шаралар қолға алынуда. Сонымен қатар жауапты мамандардың жұмысы үйлестіріліп, дауыс беру күні барлық процестің талапқа сай өтуі қамтамасыз етіледі.
Сайлау процесінің басты қағидаттарының бірі – әрбір сайлаушыға тең мүмкіндік жасау. Дауыс беру құпиялығы сақталып, азаматтардың өз еркін білдіруіне барлық жағдай жасалады. Бұл қоғамның сайлау қорытындысына деген сенімін арттырудың маңызды тетігі.
Азаматтар өздерінің сайлау құқығын тиімді пайдалану үшін дауыс беру күні мен тәртібі туралы ақпаратпен алдын ала танысып, қай сайлау учаскесінде дауыс беретінін нақтылап алғаны жөн. Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың жарамдылығына назар аудару қажет.
Құрылтай сайлауы – азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуының маңызды көрінісі. Сондықтан сайлауды заң талаптарына сай ұйымдастыру мен оған жауапкершілікпен қатысу – ортақ міндет. Алдағы саяси науқанның жоғары деңгейде өтуі әрбір қатысушының жауапкершілігіне де байланысты.
Ардақ Арманқызы
