СПОРТ

Облыстық жоғары спорт мектебі республикада топ жарды

Санат: СПОРТ
Уақыты: 14.02.2020
Оқылды: 258 Печать страницы
Облыстық жоғары спорт мектебі республикада топ жарды

Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі "Үздік спорттық ұйым 2019" Республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Бұл туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нүркен Қанатұлы мәлімдеді.

Негізінде спорт мектебінде жалпы саны 67 жаттықтырушы 56 топпен, контингенті 378 спортшымен жұмыс атқарды. Мектепте спорттың 19 түрімен шұғылдануға болады, соның ішінде 13 олимпиадалық спорт түрлері, 4 олимпиадалық емес және 2 ұлттық спорт түрі бар.

Өткен жыл аталған ұйым үшін жемісті болды. Үміт артқан спортшы ұл-қыздар бірталай атақ-дәрежелерге қол жеткізді. Енді «Жоғары спорт мектебінің» шәкірттерінің қатарында «ҚР еңбек сіңірген спорт шебері», 4 бірдей «ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 18 «ҚР спорт шеберлері» тәлім алады.

Мұнымен жетістіктер таусылмақ емес, бұл мекетептің баптаған сайып қырандары Қазақстан республикасының құрама командасына мүше. Жалпы алғанда 156 спортшы ұлттық құраманың өкілдері. Оның ішінде негізгі құрамға 120 спортшы, жастар мен жасөспірімдер құрамына 36 спортшы кіреді.

Республика бойынша бүгінгі таңда олимпиадаға жолдама алу кезеңі басталды. Осы орайда XXXII Олимпиада ойындарына Садақ атудан – Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин, Денис Ганкин, Сұлтан Дүзелбаев.

Грек-рим күресінен – Асхат Ділмұхамедов жолдаманы жеңіп алды. Жалпы саны 5 жолдама ұйымның қоржынына іліккен.

Білікті бапкерлерден сабақ алып, түрлі додаларда бақ сынап жүрген жастардың жетістіктері көңіл қуантады. Мәселен, Әлем чемпионатында: 4 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль. Европа кубогында: 2 күміс медаль. Азия чемпионатында: 16 алтын, 12 күміс, 10 қола медалға иелік еткен.

Және өзгеде ел біріншіліктерінде қол жеткізген жүлделер санын қоса есептегенде барлығы: 262 алтын, 166 күміс, 158 қола медаль қанжығаға байланған.

Спорттық ұйымдар 2019 жылды қорытындылау мақсатында Республикалық спорт мекемелерінің арасында жыл үздігін анықтау үшін байқау өткізіп, байрақты бәсекеде облыстық жоғары спорт шеберлігінің мектебі жеңіс тұғырынан көрінді. Олар төмендегі аталымдар бойынша бақ сынаған.

1.Олимпиадаға жолдама алған спортшылар саны;

2.Европа, Азия, Әлем чемпионаттарының жүлдегерлерінің

медальдар саны;

3.Спортшылардың спорттық атақ дәрежелері

4.Бапкерлердің санаттарын беру туралы;

5.Әлеуметтік желіні жүргізу;

Бес талаптың үдесінен шыққан ұжымның асығы алшысынан түсіп, облысқа жеңіспен оралды.

«Аталған жетістіктердің барлығы жаттықтырушылар мен спортшылардың еңбегі, бірлесіп ұжыммен атқарылған жұмыстың жемісі»,-дейді Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің аға әдіскері Берік Жаңабатырұлы.

 

Анар САБЫРОВА

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.