
Армрестлингтен ардегерлер арасында Азияның 9 дүркін чемпионы Әбдуәли Тастанов Алматы облысын аралап, шеберлік сабағын өткізіп жатыр. Көксу өңірінің тумасы Панфилов ауданында болды. Білікті маманның басты мақсаты - ауыл-аймақтағы балалар арасынан қолкүрес өнерінің майталманын шығару.
Әбдуәли Тастанов шалғайда орналасқан аймақ жастарынан қолкүрес шеберін шығаруды көздейді. Жаркент өңіріне келуінің себебі де осы. Бұл аудан әлемге есімі таныс атақты балуандарымен белгілі. Бейжің Олимпидасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев және әлем чемпионатының күміс медаль иегері Демеу Жадыраев шықты. Осы атақты балуандардың тізіміне армрестлинг өнерінің майтанмандарын дайындап қоссам,- дейді Әбдуәли Тастанов. Жергілікті спорт әдіскерлері мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне қолкүрес спортын жақын таныстырды. Сонымен қатар, армрестлингтің физикалық тұрғыдан алғанда ұлтымызға жақындығы бар екендігін айтады.
- Әбдуәли Тастанов, Армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
«Адам баласының сүйегі 3-ке бөлінеді. Жіңішке, орта және жалпақ сүйек. Жіңішке сүйек армрестлингке жарамайды. Қанша дайындалса да жеңіске жете алмайсың, Тіпті, сынып кетеді. Ал,қазақтың сүйегі орташамен жалпақ болып келеді.Бұл нағыз қолкүреске арналған. Біз әлем чемпионатында алғашқы үштіктен түсіп қоргеніміз жоқ. Соңғы дүниежүзілік бәсекеде 85 мемлекеттен 300-ге жуық спортшы қатысты. Сонда жалпы командалық есепте 2-ші орыннан көріндік. Бір ғана медальді Ресейге жіберіп қойдық.Әйтпегенде 1-ші орынға жайғасар едік. Бізден кейін Грузия, Канада АҚШ болып кете береді. Армрестлингпен айналысқан адамда табиғи күш те болуы тиыс. Ол да қазақтың бойына біткен қасиет».
Әбдуәли Тастанов шеберлік сабағы барысында қолкүрестің тәсілдерін көрсетті. Армрестлинг - қарапайым әрі бұқаралық спорт түріне жатады. Жарыс өткізсең шығыны аз, дайындалсаң шымыр болып шығасың, дейді маман.
- Әбдуәли Тастанов: «Бұл спортты дамыту үшін тақта, гантель,жгуд, кір тасы және баланың ынтасы керек. Сонымен қатар жаттықтырушының қызығушылығы болса, чемпион шығары анық. Уақыт деген зыр ете қалады. Кеше ғана жас бала едік, қазір 60-тан асып кеттік. Сондықтан жастарды спортқа тартып, жақсы тәрбие беруіміз керек. Қолкүресті меңгерген адам жат қылықтардан алыс боларына кәміл сенемін.»
Панфилов ауданының спорт әдіскерлері мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері білікті бапкердің айтқанын мұқият тыңдады. Жаттығуда қолданылатын барлық әдістерді жазып алып, сұрақтарын қойды. Тәжірибесін арттыруға тырысты.
Бауыржан Иманқұлов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- Біз ауданымызда бұқаралық спортты дамытсақ дейміз. Соның бірі осы Армрестлинг. Арнайы үйірме ашып жастарды тарту ойымызда бар. Сондықтан Әбдуәли Тастановтан білмегенімізді үйреніп, шеберлік сабағына қуана қатысып отырмыз.
Шеберлік сабағына оқушылар да қатысты. Олар да армрестлингке қызыққандығын айтып, бұл спорт түрін серік етуді жоспарлап отырғандығын жеткізді. Әсіресе қыздар жағы ерекше белсенділік танытты.
Шұғұла Ахметжан, Панфилов ауданының тұрғыны:
«Мен 5 жылдан бері волейболмен айналысамын. Бүгін қолкүрес шебері Әбдуәли ағамыз ауданымызға арнайы келіп, армрестлинг спортын таныстырды. Сабағында қолкүрестің айла-тәсілдерін түсіндірді. Маған өте қатты ұнады. Болашақта ауданымызда осыған байланысты үйірмелер ашылып жатса, бірінші болып жазылып, қатысуға дайынмын».
Әбдуәли Тастанов өзімен ала келген 2 қолкүрес тақтасын Жаркенттік тұрғындарға сыйға тартты. Ол шеберлік сабағын енді Алматы облысының Райымбек, Кеген және Сарқан ауданында өткізуді жоспарлап отыр.
Жарқын НҰРЛАНҰЛЫ