СПОРТ

Ашық турнир өтті

Санат: СПОРТ
Уақыты: 11.10.2019
Оқылды: 493 Печать страницы
Ашық турнир өтті

Ағымдағы жылдың қазан айында Балпық би ауылындағы М.Құрманов атындағы орта мектебінде  баскетболдан 2005-2006 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында облысымыздың үздік дене тәрбиесінің мұғалімі Байтулақов Сталинбек Олжабайұлының жүлдесіне арналған аудандық ашық турнирі өтті. Көксу жерінде спорттың қай түрін алмасақ та, онымен шұғылданушылардың саны күннен күнге артып келеді және түрлі бәсекелі жарыстарда ауданымыздың спортшылары жақсы өнер көрсетіп, намысты қолдан жібермеуде. Жарыстың басты мақсаты – спортшылардың спорттық шеберліктерін арттыру және баскетбол спортын аудан, облыс, көлемінде дамыту болып табылады.  
Сталинбек Олжабайұлы 1953 жылы 7-наурызда Жамбыл қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. 1960 жылы №260 орта мектептің 1-сыныбына барып, 1970 жылы оқуын  аяқтап, осы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. 1990 жылы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров  атындағы университетіне «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1995 жылы аяқтады. Жұбайы Нұршаш Байтулақова Мұқаншы орта мектебінде зертханашы болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Үш баласы бар – 1 қыз, 2 ұл. Қызы Эльмира Байтулақова – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ұлдары Дидар мен Асхат теміржол саласында қызмет атқаруда. Байтулақов Сталинбек  Олжабайұлы – жоғары  санатты ұстаз, 1970 жылдан бастап 2017 жылға дейін еңбек етіп, 47 жыл бойы осы аталған мектепте мамандығының қыры мен сырын жете меңгеріп, шәкірттерін әр түрлі спорттық ойындар мен байқауларға, облыстық жарыстарға қатыстырып тәрбиеледі. Соның нәтижесінде окушылары 1975 жылдан бері аудан бойынша баскетбол жарысының чемпиондары және облыстық жарыс жүлдегерлері. Сталинбек Олжабайұлы КСРО Жоғарғы Кеңес президиумының Үкімімен 1981 жылы «Үздік еңбегі үшін» медалімен, 1985 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», 1990 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2017 жылы «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» Қазақстан Республикасының туризм және спорт басқармасының Құрмет грамотасымен және облыстық, аудандық білім бөлімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Аталған жарысқа Сарқан қаласының №1 орта мектеп-гимназиясының, Талдықорған қаласының №27, Талдықорған қаласының №16, Текелі қаласының №5, Көксу ауданының Қ.Жапсарбаев атындағы, М.Құрманов атындағы №2 және Мұқаншы орта мектептерінің қыздар командалары қатысты. Жарыстың ашылуында Көксу ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Алпысбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Н.Байғабылов, орынбасары Е.Абдрахманов, әдіскер Ж.Дәуітәлі өз тілектерін білдіріп, жарыстың сәтті өтуіне атсалысты. Жарыс қорытындысы бойынша I орынды Сарқан қаласының №1 орта мектеп-гимназиясының,  II орынды Көксу ауданының Мұқаншы орта мектебінің,  III орынды Текелі қаласының №5 орта мектебінің командалары иеленді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубокпен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.   
Осы аудандық ашық турнирдің өткізілуіне көмек көрсеткен демеушілерге, атап айтқанда, Андрей Кан, Ринат Шаяхметов, Асхат Өткелбаев, Нұрхат Тұрыспаев, Абзал Зейнулда, Берік Әділбековтерге отбасымыздың атынан үлкен алғыс айтамын. Сонымен қатар осы жарысты ұйымдастыруға қолдау білдірген Көксу ауданының жастар ресурстық орталығына, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне, дене шынықтыру және спорт бөліміне, білім бөліміне және жарыстың әділ өтуіне атсалысқан төреші Алан Кантиевке алғысымды білдіремін.

Эльмира БАЙТУЛАҚОВА,
Мұқаншы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.