СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ҰЛТТЫҢ АЙШЫҚТЫ ТАҢБАСЫ

Санат: СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА
Уақыты: 05.06.2020
Оқылды: 259 Печать страницы
МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ҰЛТТЫҢ АЙШЫҚТЫ ТАҢБАСЫ

Биыл Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздеріне – 28 жыл. Ұлттың рәміздері – мемлекеттің ұлттық белгісі. Осыдан 29 жыл бұрын ел тәуелсіздігін алған тұста алғаш рет еліміздің мемлекеттік рәміздері бекітілді. Атап айтқанда, 1992 жылдың 4 маусымы – тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік ту, елтаңба және гимн – мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз – бүкіл әлемге Қазақстан елінің мемлекеттік бейнесін паш етті. Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік ту да әр сәт сайын төбемізде желбіреп тұр. «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес бізге керегі, көк тудың желбірегені» екені даусыз. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал суретші Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі. «Менің Қазақстаным» – бұл қазақтың жаны. Қазақтың әнұраны – ұлттың табиғи болмысы. «Елдіктің дастаны, Еліме қарашы!» деп келетін жыр жолдары – ұлттың ұлылығын көрсетсе керек. Қазақ даласын мекендеген ұлт пен ұлыстардың бәрі мемлекеттің рәміздерін айрықша қастерлейді, ардақ тұтады.
Мемлекеттік рәміздер — белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, тіршілік болмысын, арман-мұратын, көршілес елдермен қатынасын білдіретін ерекше белгілер. Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, Туы, Әнұраны әлемдік рәміздер каталогына еніп, халықаралық қауымдастықта мойындалды. Елтаңба — елдіктің, тәуелсіздіктің, мемлекеттіліктің ерекше белгісі, неміс тілінен аударғанда «мұра» немесе «енші» мағынасында айтылады. Қазақ жерінде алғашқы мемлекеттік бірлестіктер қашан пайда болса, елтаңбалар тарихы да сол кезеңнен басталады. Басқаша айтқанда, елтаңба тарихы — бұл мемлекеттің тарихы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің Елтаңбасы өзіндік ерекшелігімен бір елді екінші елден ажыратып тұрады. Айталық, ерте темір дәуіріндегі сақ тайпалары өзгелерден «тамға» аталатын тотем белгісі арқылы бөлініп тұрған. Тамға — ерекше белгі, қасиетті рәміз, мөр дегенді білдіреді. Б.з.б. V ғасырда Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімі 4 мыңға жуық әшекеймен безендірілсе, сол әшекейлер барыс, бұлан, тау-теке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін «аңдар стилінде» жасалған. Көк Туымыздағы ою-өрнекті «қошқар мүйіз» де осыдан шыққан. Елтаңбаға «Алтын адамның» бас киіміндегі екі жаққа қараған мүйізді қанатты пырақты аттар негіз етіп алынды. Әшекейінің рәмізі болғаны туралы болжамдар айтылса, б.з.д. IV–III ғғ. өмір сүрген көшпелілер көсемі обасынан табылған Берелдің мүйізді пырақтары, өзінің табиғи құдіретімен барлық болжамдарға нүкте қойды».
Тарихы ұқсас елдердің мемлекеттік нышандарын қарастырғанда, олардың көпшілігінде табынатын жануарлардың, яғни грифондар мен бүркіттің, жолбарыстың немесе көшпелі түркі халқының сенімді серігі — жылқының бейнелері көрініс береді. Міне, осындай тотемдік нышандар, әсіресе Көк бөріге қатысты әңгімелерде үйсін, түркі-моңғол, аңыздарында көп кездеседі. Қасқырдың тотемдік рөлінің түркі халықтарының танымындағы орны ерекше. Түркі қағанаты кезінде түркі сарбаздарының байрақтарына Көк Бөрі бейнеленетін болған. XIX ғасырдағы белгілі қазақ ақыны Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозады қай-қайдағым…» деп жырлайтыны, сондықтан. Қазақ халқы қашанда Көк бөріні батылдық пен батырлықтың нышаны ретінде көрсеткен. Одан кейінгі кезеңдерде қазақтар ру-тайпалардың тамғаларын қолданған. Ғалымдардың зерттеулерінде 43 атадан тарайтын қазақ ру-тайпаларының таңбалары 84-ке жеткен. Әртүрлі геометриялық пішіндерден тұратын тамғалар елтаңба, мөр ретінде қолданылған. Сондай-ақ, тамға отбасының, рудың, тайпаның және т.б. меншігін айқындау қызметін атқарған. Оның үстіне қазақтарда жануарларға таңба салу дәстүрі жақсы сақталған. Мемлекеттік рәміздердің келесі бір ерекше нышаны — Ту. Оның бес мың жылдық тарихы бар. Бұл Туда құстардың, аңдардың, құдайлардың бейнелері салынған. Зерттеушілердің айтуынша, байырғы көне ту Иран жерінен табылған. Қазақтың Көк Байрағының тарихы Түрік қағанаты, Хазар қағанаты, Селжұқ қағанаты, Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандықтарының тарихымен сабақтас. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Қазақстан Республикасының Туындағы күн бейнесі — ежелден белгілі ғарыштық нышан, тіршіліктің негізін, жарық сәулесін білдереді. Қазақтың тарихи тамыры сақ, үйсін, ғұн және т.б. тайпалармен байланысты. Тәңіршілдікті ұстанған ежелгі түріктер Көк аспанға, Күнге, Ауаға, Жерге табынған. Сондықтан тудың көк түсі халықтардың өзара тарихи сабақтастығын, аңғартады. Тудағы бүркіт бейнесі билік пен күштің белгісі ретінде белгілі, сондықтан бұл геральдикалық нышан әлемдегі мемлекеттердің көптеген таңбалары мен мемлекеттік эмблемаларында көрініс тапқан.
1917 жылдың аяғында құрылған Алашорда үкіметі мен оның комитеттерінің мөр, штампель бланкілерін жасату туралы мәселелер көтерілген кезде, Орданың мемлекеттік гербі қандай болуы керектігі сөз болған, бірақ шешілмей қалған болатын. Соған орай 1918 жылы «Қазақ» газеті «Орда гербі (таңбасы)» мақаласын жариялау арқылы барша халықты Алашорда гербінің жобасын жасауға шақырған. Тарихи деректерде Алашорданың ақ және жасыл түсті тулары болғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Кеңестік дәуірдегі (1920–1991) елтаңбаларға келсек, салыстырмалы түрде бір жүйеге түсірілгені айқын. Өзге одақтас республикалар сияқты Қазақ КСР-нің елтаңбасы да КСРО-ның елтаңбасына негізделіп, көшірме ретінде жасалған. Оның кескіндемесінде қызыл түсті сәуледе орақ пен балға, айнала түскен жолақта қазақ және орыс тілдерінде «Барлық елдердің пролетариаттары бірігіңдер!» деген жазудан тұрды. Елтаңбаның жоғарғы жағында бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында — «КССР» және «ҚССР» жазуы болған. Сондай-ақ, Қазақ КСР-нің мемлекеттік жалауы шағын көк жолақ республиканың төл болмысының нышаны ретінде пайдаланылғаны айтылады. 1990 жылдары Қызыл империяның дағдарысқа ұшырауы, КСРО-дағы түбегейлі саяси оқиғалар — отарлық бұғауды бұзып, азаттыққа жол ашты.
 1991 жылы егемендігімізді жарияладық. Тәуелсіздікке қол жеткіздік. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тірілгендей» күй кештік. Сол бір тарихи кезеңде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандарын әзірлеу жұмыстарын қолға алдық, батыл қадамдар жасадық. 1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік нышандарын дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы Кеңес Президиумының Қаулысы шықты. Соған сәйкес арнайы комиссия құрылып, оның құрамында С.Әбділдин, С.Зиманов, С.Әбдірахманов, Е.Шәймерденов және т.б. лауазым иелері болды. Сондай-ақ, Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына конкурс жарияланады. Оған көптеген шығармашылық өкілдері, талантты қыл қалам шеберлері, сазгерлер мен, ақындар қатысқан. Мысалы, Мемлекеттік Тудың конкурсына 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылса, Мемлекеттік Елтаңба бойынша 245 жоба жасалған, ал Мемлекеттік Әнұранның іріктеу конкурсына 750 жоба жіберілген. Мемлекеттік рәміздердің тағы бір маңызды нышаны — еліміздің рухани тұтастығын білдіретін Әнұранымыз. Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992; 2006). Алғашқы әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. Ал, оның әуені бұрынғыша қалған болатын. Сегіз жылдан кейін 2000 жылы 9 мамырда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Әнұранымызды өзгерту қажеттігін қадап айтты және үкіметке нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде 2006 жылы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді. Оның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов болды. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында дүниеге келген, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған. «Менің Қазақстаным» 1986 жылдың желтоқсанында да жаңғырды.

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ,  елтаңба авторы:
– «Лениншіл жас» газетіндегі «туға, елтаңбаға байқау болады. Сыйақы – 20 мың рубль» деген хабарландыруды бір айдан кейін естідім. Ол кезде бірталай жасқа келіп қалған едім. Онда «қазақтың өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі жоқ, көшпенділер» деген пікір желдей есіп жүрген еді. Намысқа тырысып, қазақтың бар болмысын осы елтаңба арқылы дәлелдегім келді. Бәйгені жеңіп алайын деген ой да болған жоқ. Бір жағынан өзімнің кәсіби деңгейім қандай дәрежеде екенін тексергім келді. Ташкентте бас архитектор болып жұмыс істеп жүрген кезім еді. Ұжымда мың жарымдай адам болдық. Солардың ішінде жалғыз қазақ елтаңбаның жобасын ойластырғаннан кейін, өзім тушьпен сызып шықтым. Пенопластан алғашқы жобасын жасай бастағанда, украиндар, түріктер, беларусьтар, өзбектер, корейлер, басқа да ұлт өкілдері көмектесті. Сөйтіп, 173 нөмірмен Парламенттің жертөлесіне әкеліп, тастадық та кеттік. Бір айдан соң, «сізді комитет шақырып жатыр» деп хабарласып тұр. Осылайша, 1992 жылдың маусымында елтаңбаның тұсауын кестік.  

 Шот-Аман УӘЛИХАНОВ, елтаңба авторы:
– Елтаңба жасау туралы ой 1990 жылдың жаз мезгілінде, кеңес дәуірінде келді. Өмір туралы, халқымыз туралы көп ойланатынмын. Елтаңбаның бейнесі түсіме кірді: үлкен ақ самұрық құс қанатын қағып, оның қанаттарының ортасынан жарқыраған күн сәулесі көрінді. Көзім жұмылып кетті, кейін көзімді ашсам, күннің шаңыраққа айналғанын көрдім. Түсімде көрген нәрселерді таңертең қағаз бетіне түсірдім. Бұл идея мені еліктіріп жіберді. Тарих туралы, қазақ этнографиясы туралы кітаптар оқыдым. Жұмыс процесінде ауқымды және бай тарихи, археологиялық материал жинақталды. Көркем бейнелі республикамыздың елтаңбасы дәстүрмен және еліміздің тарихымен байланысып, оның жаңа кезеңдегі дамуының гуманистік бағыты мен ерекшеліктерін сипаттауы керек болды. Бір сөзбен айтқанда, өткеніміздегі ұлттық символикамыздың бай әсемдігі елтаңбамызбен ұзақ әрі көп еңбекті талап ететін жұмыс істеу барысында негізге алынды. Кез келген төл туынды, соның ішінде Қазақстан елтаңбасы да үш құрамдас бөліктен тұрады: негізгі идеялық ойдан, композициядан, мәнерлі құралдан. Елтаңбаны жасау барысында осы параметрлерді толықтай ұстандым. Менің жобамда мынадай концептуалдық элементтер бейнеленді. Елтаңба пішінінің дөңгелек болуы кездейсоқ емес, себебі, бұл пішінді көшпенділер ерекше бағалаған. Бұл – өмірдің, мәңгіліктің белгісі. Кеңістігінде көптеген символдар біріккен дөңгелек біруақытта ғарыш пен еліміздің бірлігін бейнелейді. Елтаңбаның басты құраушы бөлшегінің бірі саналатын шаңырақ – киіз үйдің жоғарғы күмбезі тәрізді бөлігі. Көшпенділер киіз үйдің ішінде жатып, түндікті түріп қойып, шаңырақ арқылы аспандағы жұлдыздарды тамашалаған. Шаңырақ – кең түсінікте ғалам секілді әлем символы. Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланысты секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты. Шаңырақ, қазақтардың түсінігінде үлкен символикалық мағынаға ие. «Шаңырағың биік болсын!» деп тілек айтқанда, барлық халықтың амандығын тілейді. Шаңырақтың пішіні дөңгелек. Дөңгелек ежелден ірілікті, татулықты және дүниенің үйлесімді тұтастығын білдіреді. Ежелгі түркі әліпбиінде шаңырақтың дөңгелек болуы отбасы – ошақ қасын білдірген, осы жерден Отан ұғымы шыққан. Шаңырақ санскриттік чакра – Күннің шуақты шеңбері деген сөзден шыққан. Іс жүзіне келгенде, шаңырақ дала сағаты – Күннің қозғалу жылдамдығының көрсеткіші. Шаңырақтағы белгіге қарап қазақтар жыл мезгілдерін анықтаған. Шаңырақ – Елтаңба жүрегі – ошақ, әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің басты негізі – отбасыны бейнелейді. Аспанға көтерілген және кең жайылған қанаттарымен қорғайтын шаңырақ еңбектің басты лейтмотивтерінің бірі саналады. Иллюстрациялардағы түсіндірме жазбамда ежелгі қазақстандық ескерткіштер, қанатты салт атты, қанатты-мүйізді пырақтар және қанаты бар түрлі мифтік жануарлар бейнеленген Есік, Теңдік, Қарғалы қорғандарынан табылған біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырларға тиесілі алтын бұйымдар шабыттандырғанын көрсеткенмін.

Жадыра ДӘРІБАЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері:
Тұңғыш әнұран авторы болу бақыты бұйырды – 1991 жылы ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған Қазақстан Республикасының ел тәуелсіздігі келді. Мемлекеттік рәміздерге байқау жарияланды. 1992 жылы Әнұранның сөзіне жарияланған алғашқы байқауға өлеңімді жібердім. Ол байқауға 300-ден аса мәтін түсті. Оның ішінде май-талман ақын ағаларымыз: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтің бірігіп жазғандары да бар екен. Бұдан бөлек ғалым, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы гимнінің сөзін жазған Қайым Мұқаметхановтың да мәтіні болды. Бұл мәтіндер Жоғарғы кеңес депутаттарының сессиясында талқыланды. Сол сессияда атақты композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған бұрынғы социалистік Қазақстан гимнінің музыкасы қабылданып, сөзіне қайтадан байқау жариялансын деп ұйғарылды. 1992 жылы 11 желтоқсан күні, екінші байқауда қазақтың көрнекті сол үш ақынымен бірігіп жазған өлеңіміз 700-ден астам жырдың арасынан жеңіп шығып, мәреге жетті. Тағдыр маңдайымызға еркіндікке жеткен еліміздің алғашқы Әнұраны сөзінің авторлары болуды жазыпты. Композитор Шәмші Қалдаяқов пен көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әні қаншама жылдар халқымыздың рухын оятып, жігерлендіріп, қанаттандырды. Жұрттың бойтұмарындай болған шығарманы қуаттандырып, тәуелсіз еліміздің шынайы да шырайлы, рухты Әнұранына айналдырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың перзенттік жүрегінен шыққан жалынды, жасампаз, ұлағатты да пайымды жыр жолдары бұл шығарманы еңселендіріп, асқақтата түсті. Қазір ол үлкен де, кіші де шабыттана шырқайтын еліміздің әнұраны болды. Мемлекеттік рәміздер әрбір ел азаматының жүрегінде өз Отаны, жері, туған халқы бар екеніне деген зор сүйіс-пеншілік пен мақтаныш сезімін оятатын нышандар. Бұл сезімдердің астарында халықтың ғасырлар бойы қорғап, аялап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ұлан-байтақ жер мен елдің мейірімі мен сенімі, рухани тәлім мұрасы жатыр. Сондықтан мемлекеттік рәміздер – елдіктің ең жоғарғы символы. Біз, жер көлемі бойынша, әлемде тоғызыншы орында тұрған елміз, болашақ ұрпағымызды осы елдің иелері болуы үшін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтқанындай, өзіміздің ұлттық кодымызды, мән-мағынамызды, ата-бабалардан берілген пайым-парасатымыз бен бойымыздағы қадір-қасиетімізді арттыра түсуіміз керек.

дайындаған:
Диляра ҚҰРМАНЖАНҚЫЗЫ

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.